Accessibility links

Прагада клептократияның қазақстандық түрі туралы айтылды


Астананың әкімшілік ғимараттары. (Көрнекі сурет)
Астананың әкімшілік ғимараттары. (Көрнекі сурет)

Прагада «Постсоветтік елдердегі клептократия және оларды қалай реформалауға болады» деген семинар өтіп жатыр. Коррупциямен күрестегі азаматтық қоғам мен БАҚ-тың рөлі жайлы айтқан қатысушылар ішінде Қазақстан өкілдері де бар.

ДУВАНОВ 45 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ТЕРГЕУДІ ЕСКЕ АЛДЫ

«Постсоветтік елдердегі жүйелі коррупцияның ерекшелігі» деген пікірталас тақырыбы қазақстандық журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дувановтың 45 жыл бұрынғы жайттарды еске түсіруіне түрткі болды. Прагада өтіп жатқан семинарда ол постсоветтік елдерден келген әріптестері мен Батыс елдері сарапшыларына 1971 жылғы қазанның 27-сі күні 18 жастағы оны Алматыдағы КГБ (мемлекеттік қауіпсіздік комитеті) кеңсесіне тергеуге қалай шақыртқанын айтып берді. Тергеуші, КГБ подполковнигінің «Совет еліне қарсы адамға қалай айналдың және шындық құмарлар одағына неліктен кірдің?» деген сұрағына Дуванов «Ұрлап жатыр емес пе» деп жауап берген.

Советтік тергеушінің «Бірен-саран ондай оқиғалар бар. Негізі, бізде ұрлау - ұят нәрсе» деген сөзін келтірген Дуванов «ол кісі дұрыс айтқан болып шықты» дейді.

Журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дуванов (сол жақта) және экономист Меруерт Махмұтова Прагада өткен "Постсоветтік елдердегі жүйелі коррупцияның ерекшелігі" атты семинарда сөйлесіп тұр.
Журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дуванов (сол жақта) және экономист Меруерт Махмұтова Прагада өткен "Постсоветтік елдердегі жүйелі коррупцияның ерекшелігі" атты семинарда сөйлесіп тұр.

Оның пікірінше, совет заманындағы жағдаймен салыстырғанда, Қазақстандағы коррупцияға қатысты қазіргі жағдай мүлде өзгеше. Журналист әрі құқық қорғаушы ескі режимді ақтамайтынын, бірақ бұрын пара алғанын мойындау ұят нәрсе саналатын, ал қазір «қызметінің пайдасын көруді» мақтан тұту нормаға айналды деп санайды. Прагадағы семинарда Сергей Дуванов «Бұл - қоғамымыз тап болған ең қорқынышты нәрсе. 25 жылда біз қоғамды жоғалттық. Егер ертең билікті ауыстырып, коррупция проблемасын шешсек, көпшіліктің қарсылығына тап боламыз» деп мәлімдеді.

АТАМБАЕВ КІМДЕРГЕ СҮЙЕНЕДІ?

Өзге постсоветтік елдер, мысалы Армения мен Қырғызстан өкілдерінің баяндамаларына қарағанда, коррупция бұл елдерде де жүйелі факторға айналған.

Менеджмент жөніндегі кеңесшілер институтының бұрынғы директоры, экономист Азамат Аттокуровтың пікірінше, қазіргі билік өзін сәл қарапайым ұстағаны болмаса, Қырғызстанда бұрынғы президенттер Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиевтің тұсында болған коррупциялық схемалар сақталған.

Қырғыз экономисі Азамат Аттокуров коррупция туралы баяндама жасап тұр. Прага, 27 қазан 2016 жыл.
Қырғыз экономисі Азамат Аттокуров коррупция туралы баяндама жасап тұр. Прага, 27 қазан 2016 жыл.

- Бірақ Алмазбек Атамбаевтың жүйесі мүлде қызық. Егер Ақаев номенклатура-кландық, ал Бакиев кландық режимге ғана сүйенсе, Атамбаев өзіне адал адамдарына сүйенеді. Сондықтан Қырғызстан билігінде қазір оның көлік жүргізушісі, оққағары мен атбегісі отыр. Атбегісі - Бішкектің мэрі, көлік жүргізушісі - президент аппаратының жетекшісі, енді парламент депутаты болуға дайындалып жүр, - дейді қырғызстандық экономист Азамат Аттокуров.

ҚАЛАМ ЖӘНЕ НАЙЗАМЕН

Пікірталасқа қатысушылар мен қонақтар коррупциямен күресте БАҚ, оппозиция және азаматтық қоғам қандай рөл атқаратынын да талқылады.

Қырғызстан өкілінің айтуынша, Қырғызстанда баспасөз билікті сынаған кезде «жақсы патша, жаман бояр» принципін ұстанып, ел президенті Алмазбек Атамбаевты айналып өтеді. «Жан-жақты тексеру жүреді, бірақ президентке тиіспейді. Бізде толық тәуелсіз екі БАҚ қана бар. Біріншісі – Азаттық радиосы, бірақ оның жиіліктерін қиып, прайм-таймнан алып тастайды. Ал екіншісі - Kloop.kg интернет-басылымы» дейді Азамат Аттокуров.

Пікірталасқа Армениядан қатысқан «Аспарез» журналистер клубын құрған әрі оның төрағасы Левон Барсегянның айтуынша, Арменияда бұқара халыққа телевизияның ықпалы мықты, бірақ телерадиокомпаниялардың бәрі биліктің тікелей немесе жанама бақылауында. Бірнеше интернет-телеарна ашылғанымен, олар елдегі жетекші телерадиокорпорациялармен бәсекелесе алмайды. Левон Барсегянның сөзінше, Армениядағы БАҚ-тың бәрі өзін өзі цензуралау жағдайында жұмыс істейді, елдегі маңызды оқиғалар қарсаңында бас редакторларды жинап алып, нені және қалай жариялауды түсіндіреді.

Қырғыз экономисі Азамат Аттокуров (сол жақта), «Аспарез» журналистер клубының төрағасы Левон Барсегян (оң жақта) Прагадағы семинарда пікір таластырып жатыр. 27 қазан 2016 жыл.
Қырғыз экономисі Азамат Аттокуров (сол жақта), «Аспарез» журналистер клубының төрағасы Левон Барсегян (оң жақта) Прагадағы семинарда пікір таластырып жатыр. 27 қазан 2016 жыл.

Сергей Дуванов Қазақстанда коррупциямен күрес жоқ, өйткені коррупция қазіргі режимнің билікте қалуына көмектесетін тірекке айналған деп санайды. Сондықтан, оның пікірінше, коррупциямен күрес жөніндегі қилы комиссиялар қағаз жүзінде ғана жұмыс істейді, ал азаматтық сектор өкілдерін бұл жұмысқа көз бояушылық үшін ғана қатыстырады.

«Қоғамдық және өзге ұйым өкілдері мұндай іс-шараларға қатысып, оларды құптап отырса, бұл мұндай комиссияларды заңды етіп көрсетеді. Кейін билік «міне, ол жақта азаматтық қоғам өкілдері де отыр, сондықтан комиссия ұйғарымдарына сену керек» деп шығады» дейді қазақстандық журналист әрі құқық қорғаушы.

Прагадағы семинарға қатысқан қазақстандық экономист, қоғамдық проблемалардың талдау орталығы директоры әрі тең төрайымы Меруерт Махмұтова қыркүйектің аяғында бір топ әріптестерімен бірге Қазақстан премьер-министрімен кездесуге де қатысқан.

- Ол біреулерімізді тіпті жеке танымаса да, біздің жазбаларымызды оқып, пікірлерді қадағалап отыратынын айтты. Сарапшылар қауымының пікірін тыңдауға құлық бар. Бірақ мұндай шаралар қаншалықты жүйеге айналып, экономикалық саясатты жоспарлап, түзетулер енгізілген кезде біздің ұсыныстарымыз қаншалықты ескерілетінін айта алмаймын. Үкіметтің шамасы келмейтін бірталай проблема бар, бірақ оның балама пікірлерді елеп-ескеруге қаншалықты дайын екені қазір анық байқалды, - дейді Меруерт Махмұтова Азаттыққа берген комментариінде.

«Постсоветтік елдердегі клептократия және оларды қалай реформалауға болады» деген семинарды Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдеріндегі азаматтық сектордың ашық қоғам құрып, заң үстемдігін орнатуға, адам құқықтары мен еркіндіктерін қорғауға деген ұмтылысын қолдау үшін құрылған Прагадағы азаматтық қоғам орталығы өткізіп жатыр.

XS
SM
MD
LG