Accessibility links

«Je Suis Charlie» деу – жеткіліксіз


«Je Suis Charlie» ("Мен Чарлимін") деген жазуы бар плакат ұстап тұрған адам. Ницца, 7 қаңтар 2015 жыл.
«Je Suis Charlie» ("Мен Чарлимін") деген жазуы бар плакат ұстап тұрған адам. Ницца, 7 қаңтар 2015 жыл.

Бір әріптесім Азаттықтағы жиында Париждегі терактілер туралы репортаждарды талқылап жатқан сәтте: «Бәріміз өзімізді айыпты сезініп жүрміз! Көбіміздің көшеге шығуға ұялып не қорқып жүргенімізді білемін. Бұл туралы да жазуымыз керек» деді. Ол әйелдің мұсылман екенін айту артық шығар. Мен оны жақсы түсінемін.

20 жыл бұрын, 1995 жылы Сребреницада Босния сербтері жасақтары жасаған қырғыннан кейін бір әріптесім маған: «Шарасызбын. Мен ешкімге жамандық жасаған жоқпын, бірақ өзімді айыпты сезініп тұрмын. Мұсылман достарымның көзіне қарай алар емеспін» деген еді. Оның проваслав серб екенін айту артық болар.

Сол жылы Хорватия серб азшылығын елден кетуге мәжбүрледі, сонда мен де дәл сондай күйге түстім. Себебі мен азшылық топты елден қуу әрекетін ақтай алмаймын. Католик хорват екенімді айтуым артық шығар.

ҚАУЫМДЫ ТҰТАС АЙЫПТАУҒА БОЛА МА?

Түрме сияқты жабық мекемелерде ұжымдық жауапкершілікке тарту тәсілі тәртіпке келтіру шарасы ретінде жиі қолданылады. Мұндай амалды тоталитарлық қоғам мен соғыс уақытында пайдаланған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде опат болған солдаттарының кегін алу үшін фашистер бейбіт азаматтарды қырып салатын.

Орталық және Шығыс Еуропа елдерінде нацистер қылмысы үшін этникалық немістерді айыпты санап, соғыс біткен соң көптеген елдерден немістер қуылған еді.

2013 жылы Ресей президенті Владимир Путин сотталған содырлардың әрекетінен келген қаржылай шығынды отбасы мен достары төлесін деген бұйрыққа қол қойды. Шешенстан парламенті осы жылы одан да асып түсіп, терроршылардың отбасы мүшелері де сотталсын деген заң жобасын Ресей мемлекеттік думасына ұсынды.

Қазіргі демократиялық қоғамдарда қылмыс жасаған адам жазасын тартады, бірақ ұжымдық жауапқа тарту қағидасын мүлде қолданбайды.

Je Suis Charlie деген жазуы бар тақтаның қасынан өтіп бара жатқан мұсылман әйел. Лондон, 14 қаңтар 2015 жыл.
Je Suis Charlie деген жазуы бар тақтаның қасынан өтіп бара жатқан мұсылман әйел. Лондон, 14 қаңтар 2015 жыл.

Ұжымдық жауапкершілік деген бар ма, ұжымдық жауапқа тарту дұрыс па?

Қаңтардың 11-і күні Парижде және Францияның түкпір-түкпірінде миллиондаған адамдар терроризмге деген жиіркеніштерін білдіріп шеруге шықты. Басқа елдердің де азаматтары осындай шаралар ұйымдастырды. Оның ішінде көптеген мұсылмандар да болды. Бірақ бұл жеткіліксіз.

Париждегі кошерлік супермаркет қызметкері, Малиден келген мұсылман Лассана Базили одан да жақсы әрекетке барды. Қаңтардың 9-ы күні, дүкенге әсіредіншіл содыр кірген кезде ол кем дегенде 15 адамды дүкен жертөлесіндегі тоңазытқышқа жасырып, олардың өмірін сақтап қалды. Жетекші саясаткерлердің мәлімдемелері ислам немесе православ радикализмін жеңе алмайды, бірақ Базилидің әрекеті сияқты әсер етеді.

Мұндай әрекеттер үрдісі мектептерде, отбасында, мешіттер мен шіркеулерде басталады. Азаттықтың көптеген журналистері Еуразия елдеріндегі жұма намазының уағызында Париждегі шабуыл туралы тікелей айтылмағанын хабарлады. Париж көшелерін кернеген террорға қарсы шеру Пәкістан немесе Нигерияда өтпеді.

Ресей мүфтилер кеңесі Париждегі шабуылды «қатаң түрде айыптады», бірақ бір жағынан Charlie Hebdo қызметкерлерін де жазғырған сияқты. Діни қызметкер: «Біздің әлемде арандатушының күнәсі арандатуға ерген адамның күнәсі тәрізді қауіпті шығар. Діншілдердің сенімін қорлау экстремизмнің кез келген түрі тәрізді ақылға сыймайды» деді.

БІРІНШІ ҚҰРБАНДЫҚ - ШЫНДЫҚ

Біреудің сенімін қорлау «күнәсі» расымен де террорлық шабуыл жасауға тұрарлық әрекет пе? Сауалды қайта қояйықшы, ұжымдық жауапкершілік туралы не айта аламыз? Лаңкестердің ата-анасы, достары, ұстаздары солардың әрекетіне өздерін жауапты сезінуге тиіс пе? Соңғы 10 жылдағы террорлық шабуыл санын ескерсек, бұл тұрғыдан алғанда біз ұтылып отырмыз.

2000 жылы болған терактілерден 3 мың 600-ге жуық адам қаза тапқан. Былтыр 18 мыңдай адам құрбан болған.

Je Suis Charlie деген жазу ұстаған адамдар Париждегі шабуыл құрбандарын еске алып тұр. Белград, 8 қаңтар 2015 жыл.
Je Suis Charlie деген жазу ұстаған адамдар Париждегі шабуыл құрбандарын еске алып тұр. Белград, 8 қаңтар 2015 жыл.

Өшпенділікті қоздыратын жауапсыз саясаткерлердің сөздерін жариялаған біз – БАҚ өкілдері – жауаптымыз ба? Әлде, керісінше, олардың сөзін жиі елемей келдік пе? Біз «Je Suis Charlie» шараларын сайтымыз бен телеарналардан көрсеткен жеткілікті деп санадық па? Жеккөрініш туралы үндемеу де – қылмыс, ол жағдайды одан әрі өршіте түседі.

Еуропаның көптеген бөлігінде танымалдығы арта түскен популистік әрі миграцияға қарсы партиялар Париждегі 17 адамның қазасына нақты айыптылардың табылғанын күткен де жоқ. Олар айыптыны асығыс жариялап үлгерді.

Нәсілдік араздықты өршіткені үшін жауапқа тартылғалы отырған голландиялық саясаткер Герт Вилдерс «енді Еуропа соғыстың алдында тұр» деп мәлімдеп, «Батыс қоғамын исламнан тазартуға» шақырды. Ұлыбританияда UKIP лидері Найджел Фэрэйдж Еуропадағы «мультикултурализмнің дөрекі саясаты» деп атаған мәселені қайта көтерді.

Шабуылға дейін чех саясаткері Томио Окамура (ол жетекшілік ететін "Тікелей демократияны дамыту" партиясы чех парламентіндегі 200 орынның 14-ін иеленіп отыр) ислам дінінде харам саналатын шошқа мен иттерді мешіттердің алдында серуендетуге шақырды.

«Ақиқат – соғыстың алғашқы құрбаны» деген мәтел бар. Саясаткерлер, діни жетекшілер мен журналистер өшпенділікті одан әрі өршітсе немесе оған шыдап, қарсы әрекет етпесе – оның құрбанына айналуы мүмкін. Карикатуралық суреттерді жақтырмағандықтан ғана адам өлтіруді қолдап отырған ауған ауылының тұрғындары жауапқа тартылуы тиіс пе? Оларға бұл жайында жергілікті имамнан басқа кім айтуы мүмкін?

Популистер мен лаңкестер бір жұмысты атқарып жүр – олар жеке тұлға ретіндегі құқымызды тартып алып, бізге мұсылман, православ, католик, еврей немесе басқа бір топтың мүшесі ретінде ғана қарағысы келеді.

Биліктің, баспасөздің немесе кез келген жеке азаматтың үлкен қателігі – терроризмге ұжымдық қылмыс ретінде қарауы. «Олар бізге қарсы осылай істеді» деген түсінік соғысқа бастайды. Менің мұсылман достарым қазір осыған алаңдайды.

Лаңкестер үрей мен жеккөрініш сезімін таратуды көздейді. Үрей меңдеген кезде терроризм де жеңіске жетеді. Сербтер Сребреница қырғынына жауаптыларға әділ жазасын беруге шақыруы тиіс, ал Парижден Пешаварға дейінгі мұсылмандар лаңкестердің лайықты түрде жазаланғанын талап етулері керек.

​Мен, менің орталықазиялық және сербиялық әріптестерім тыныш ұйықтай аламыз. Біз еш жамандық жасаған жоқпыз. Біз өзімізді айыпты сезінуге тиіс емеспіз. Иә, ұжымдық айып жоқ, бірақ «Je Suis Charlie» («Мен Чарлимін») деу – жеткіліксіз.

Мақала авторы Ненад Пейч - Азат Еуропа/Азаттық радиосының бас редакторы және атқарушы директоры. Бұл мақалада айтылған пікірлер автордың жеке көзқарасын ғана білдіреді.

(Мақаланы ағылшын тілінен аударған - Динара Әлімжан).

XS
SM
MD
LG