Accessibility links

Журналистер Париждегі әріптестерінің қазасын әрқилы қабылдады


Charlie Hebdo журналына жасалған шабуылды айыптап, "Мен - Чарлимін" деген жазуы бар плакат ұстап тұрған адамдар. Монако, 8 қаңтар 2015 жыл.
Charlie Hebdo журналына жасалған шабуылды айыптап, "Мен - Чарлимін" деген жазуы бар плакат ұстап тұрған адамдар. Монако, 8 қаңтар 2015 жыл.

Қазақстандық журналистердің бір бөлігі Франциядағы Charlie Hebdo журналына жасалған шабуылға қайғырса, кейбірі журналдың өзін кінәлауға тырысты.

Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) мен әлеуметтік желі қолданушы журналист-блогерлер қаңтардың 7-сі күні Париждегі Charlie Hebdo сатиралық журналының редакциясына қарулы адамдар шабуылдап, соның салдарынан 12 адам қаза тапқан оқиғаны әрқилы түсінді.

САЙТ, ТЕЛЕАРНА ЖӘНЕ ГАЗЕТ ХАБАРЛАРЫ

Қазақстандағы ақпараттық сайттар француз басылымына жасалған шабуылды бірден хабарлап, оған қатысты соңғы жаңалықтарды дер кезінде жариялап отырды. Қазақстандық журналистердің Франция елшілігіне барып көңіл айтуы, Charlie Hebdo журналындағы әріптестеріне қолдау білдіру акциясы елдегі БАҚ-та көп жазылды. Ал Vlast.kz порталы қаңтардың 8-і – Франциядағы аза тұту күні Парижде тұратын қазақстандық дизайнер Мәдина Ахаеваның пікірін жариялады. Париждіктердің Республика алаңына шығып, қанды оқиғаға наразылық білдіргенін айтқан дизайнер: «Көзқарас үшін қан төгу – жабайылық... Сенуге немесе терістеуге, құдайға сенуге немесе дінді күлкі етуге болады – әр адам өз таңдауын жасап және сонымен өмір сүруге құқығы бар» дейді.

Алматылық журналистер әріптестерін еске алды
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:52 0:00

Қазақстандық телеарналар Париждегі шабуыл жайлы көбіне шағын жаңалықтар берумен шектелді. Ол оқиғаға кеңірек тоқталған КТК телеарнасы қоғамдағы әртүрлі көзқарасты имам мен журналистің пікірі арқылы жеткізуге тырысты. Имам «сөз бостандығын желеу етіп тарихи тұлғаларды мазақтауға болмайтынын», ал журналист «тілшілерді кәсіби қызметін атқарғаны үшін жазалап жатқанын» айтты.

«Егемен Қазақстан» газеті қаңтардың 9-ы күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Франция президенті Франсуа Олландқа көңіл айтқаны туралы шағын жаңалық берді. «Айқын» газеті де Париждегі әріптестеріне жасалған шабуылды жаңалықтар арқылы қамтыды. Газеттер арасында ақпарат таратуда белсенділік көрсеткен «Казахстанская правда» және «Экспресс К» Charlie Hebdo журналына шабуылды және одан кейінгі оқиға барысын үнемі хабарлап отырды. Ал «Литер» газеті оқиғаның хроникасына көлемді орын беріп, терактінің себептерін іздеген.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ДАУ

Жергілікті журналистер мен блогшылардың Charlie Hebdo журналы қызметкерлерін мерт еткен шабуыл жайлы пікірлері бір-біріне қарама-қайшы болды.

Жолымбет Мәкішев есімді журналист Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында кезінде Мұхамед пайғамбар туралы да карикатура жариялаған Charlie Hebdo редакциясын айыптайды. «Франция ұлардай шулап жатыр. «Не ексең, соны орасың» деген осы. Кезінде сол редакцияға үкіметі шара қолдануы керек еді. Сөз бостандығы деген шектен шығу емес қой...» деп жазады журналист.

Франция елшілігіне көңіл айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:56 0:00

Блогер Жандос Құсайынов та «кез келген діннің, әсіресе исламның ішкі қағидасын, қасиетті шектерін аттамау керек, Қорлауға, мазақтауға әсте болмайды» деп біледі. «...қандай да бір ...баспаның өкілдері арнайы түрде мұсылмандардың ашуына тиюді көздеп, Исламның қасиетті қағидасына «теракт» жасауына болмайды деп ойлаймын. Жамандық жамандыққа жол ашады» дейді Жандос Құсайынов Facebook парақшасында.

Мұндай сарындағы пікірлер Facebook әлеуметтік желісіндегі қолданушылар арасында қызу пікірталас тудырды. Әріптестерінің Charlie Hebdo журналын айыптаған сөздеріне наразы қазақ журналистері мен блогшылары мұндай пікірлерден тіксінді.

Блогер Жалғас Ертай «Құдайдың атымен адам өлтіру – барып тұрған жабайылық» екенін айтады. «Оны ешқандай «өздері айыпты», «сауап бопты», «тілеп алды сау бастарына» дегенмен ақтап алуға болмайды. Адамның өмірі – ең жоғарғы құндылық. Одан құнды ештеңе жоқ. Қайдағы бір сурет үшін адамның өміріне қол сұғуға ешкімге ешкім құқық берген жоқ. Тіпті, құдай да» дейді Жалғас Ертай.

Суретші әрі блогер Аңсаған Мұстафа да «Францияда жұмыс үстінде қайтыс болған журналистерге сол керек дегендерге таң қалғанын» айтады.

«Сендер біріншіден журналиссіңдер... Сендерде шекара деген жоқ болу керек... Франциядағы жұмыс үстінде қайтыс болған журналист, көрші кабинетте жарылған бомба сияқты қабылда» дейді Аңсаған Мұстафа бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне.

ЖУРНАЛИСТИКА ЖӘНЕ ДІН ПРИНЦИПТЕРІ

Charlie Hebdo сатиралық журналына жасалған шабуылға қазақстандық журналистердің әртүрлі реакция танытуын «Қазақстанның тең құқықты журналистер федерациясының» президенті Розлана Таукина да байқаған.

– Журналистердің бір бөлігі ынтымақтастық білдірудің орнына дін принциптеріне сүйенді. Бұл дұрыс емес. Себебі бұл жерде исламның еш қатысы жоқ. Исламның өзі бөтен біреуге қатысты субъективті өлтіруді айыптайды, – дейді Розлана Таукина.

Париждегі шабуыл
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:00:57 0:00

Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов та «ар-намысқа тиюді қанмен жууға тырысудан асқан ақымақтық жоқ» деп біледі.

«Мұны кім үшін кек қайтарсаң, соның атына дақ түсетінін түсінбейтіндер жасайды. Террористердің бүгінгі жеткені – мұсылман пайғамбарының атын карикатуристердің қанына былғады» деп жазды ол Facebook парақшасында.

Қаңтардың 7-сінде Парижде Charlie Hebdo сатиралық журналы редакциясына автоматпен қаруланған үш адам шабуылдап, 12 адам қаза тапқан, 11 адам жараланған. Мерт болғандар қатарында журналдың шеф-редакторы Стефан Шарбонье, карикатуристер Жан Кабу, Жорж Волынски, Бернар Верлак пен екі полицей болған. Франция қайғылы оқиғаны теракт деп бағалап, қаңтардың 8-ін аза тұту күні ретінде жариялаған.

Француз полициясы Charlie Hebdo журналына шабуылға күдіктілерді – ағайынды Шериф пен Саид Куачилерді қоршап, ұстай алмай жатыр. Оларды ұстау кезінде өзге бір белгісіз қарулы адам мен полиция арасында атыс болып, бірнеше адам қаза тапты.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG