Еуразия даму банкінің (ЕАДБ) есебіне қарағанда, Қытай Орталық Азияға тікелей инвестиция салу бойынша Ресейді басып озып, аймақтағы ең ірі инвесторға айналған. Табиғи ресурстарға бай Орталық Азия бұған дейін Ресейдің ықпалында болып келген еді, бірақ кейінгі уақытта бұл аймақта Пекиннің жобалары көбейіп жатыр.
ЕАДБ былтыр желтоқсанда жариялаған есебінде Қытайдың Орталық Азияға салған тікелей инвестициясы кейінгі он жылда 35 миллиард долардан асқан дейді. 2006 жылы Ресей және Қазақстан құрған банк постсоветтік жеті елде сауда-экономика интеграциясын реттеуге қатысады.
Былтыр қарашада аймақтық саммитте Ресей президенті Владимир Путин Мәскеудің Орталық Азияға салған тікелей инвестициясы көлемі 20 млрд доллар болғанын айтып, көрсеткіш "орташа" екенін мойындаған.
Мәскеудің Орталық Азияға инвестициясы 2022 жылдан, яғни, Ресейдің Украинаға соғыс ашқан уақыттан және Батыс санкцияларынан соң төмендей бастаған. Ал Қытай осы уақытта аймақпен экономикалық қарым-қатынасты арттырған.
НАЗАРДА – ЭНЕРГЕТИКА
Энергетика ресурстарының ірі импортері саналатын Қытай Орталық Азияның мұнай-газ секторына көп қаржы салады. Сонымен қатар аймақтағы таза энергетика, тау-кен саласына, транзиттік инфрақұрылымға да инвестицияны арттырып жатыр.
Орталық Азиядағы экономикасы ірі Қазақстан мен Өзбекстан және энергетика ресурстарына бай Түркіменстан – Қытай инвестиция салатын елдер. ЕАБ дерегінше, Қытайдың Орталық Азияға салатын инвестициясының 90 пайызы осы елге құйылады.
Мәселен, Қытайдың ірі China National Petroleum Corporation компаниясы Түркіменстандағы "Багтыярлық" мұнай кенін игеруге 9,4 млрд доллар салған. Қытайдың Sinopec компаниясы Қазақстанның Ақтөбе облысындағы мұнайға 2,1 млрд доллар құйды. China Energy Өзбекстанда күн электр станциясын салуға 2 млрд доллардай ақша салды.
Кейінгі бес жылда Қытайдың Өзбекстанға инвестициясы 2,1 млрд доллардан 10,7 млрд долларға өскен. Бұл – Орталық Азия елдерінің ішіндегі ең жоғарғы көрсеткіш. Өзбекстан экономикасы негізінен табиғи ресурстар, алтын, пайдалы қазбалар және ауыл шаруашылық тауарларының экспортына негізделген.
Орталық Азия бойынша сарапшы Наргиза Муралаиеваның пайымдауынша, Өзбекстан "шикізат экономикасынан" арылу үшін Қытайдан инвестиция тартқан.
"Өзбекстан өнідіс пен энергетикаға инвестиция тартуға аса мән беріп отыр, ал климаттағы мәселелер қалпына келетін энергия көздері мен энергетика жүйелерін жаңалауды стратегиялық басымдыққа айналдырды" дейді ол Азаттыққа.
Орталық Азиядағы шағын экономика саналатын Қырғызстан мен Тәжікстан инфрақұрылымға, энергетикалық жобаларға, соның ішінде көлік дәліздерін, логистикалық хабтарды және гидроэнергетиканы дамытуға Қытай инвестициясын тартып жатыр.
РЕСЕЙ НЕГІЗГІ ОЙЫНШЫ БОЛЫП ҚАЛА БЕРЕДІ
Сарапшылар Қытайдың инвестициясы артса да, Ресей Орталық Азия үшін маңызды экономикалық әрі стратегиялық серіктес болып қала береді деп санайды. Себебі Орталық Азияның транзит бағыттарының көбі Ресей арқылы өтеді әрі миллиондаған еңбек мигранты Ресейде жұмыс істеді.
"Тәжікстан мен Қырғызстанның ауылдардындағы әрбір отбасы Ресейден аударылатын ақшаға тәуелді. Сондықтан аймаққа салынатын инвестиция көлеміне қарамастан Мәскеу маңызды күш болып қала береді" дейді Тәжікстанның Худжанд қаласындағы университеттің профессоры (қауіпсіздігі үшін есімін жарияламауды сұрады).
Халықаралық қатынастар бойынша қазақстандық сарапшы Жәнібек Арынов Орталық Азияға инвестиция салу бойынша Ресей мен Қытайдың бәсекесі жайлы әңгімелер асыра айтылған деп санайды. Оның сөзінше, Орталық Азия елдері стратегиялық секторға екі елден де инвестиция тартып жатыр.
Бірақ, Арыновтың пайымдауынша, "саяси тұрғыда" Орталық Азия елдері үшін Қытаймен жұмыс істеу оңайырақ.
"Қытай "бизнестің аты бизнес" деп қарайды. Ал Ресей кейде экономикалық пайда мен түсімнен бөлек аймақтағы орыс тілінің мәртебесіне, Орталық Азия елдерінің ішкі саясатымен байланысты мәселелерге де араласуы мүмкін" дейді Арынов.