Accessibility links

"Жеті туысым лагерьде қамауда отыр"


Тілеуберді Ахметұлы "Қытайда қамауда" делінген туыстарының суретін ұстап тұр. Алматы, 20 желтоқсан 2018 жыл.
Тілеуберді Ахметұлы "Қытайда қамауда" делінген туыстарының суретін ұстап тұр. Алматы, 20 желтоқсан 2018 жыл.

Қытайдың Тарбағатай аймағынан Қазақстанға қоныс аударған Тілеуберді Ахметұлы мен Ақжол Рахманұлы Шыңжаңда қысым көрген жақындарының өміріне алаңдайды.

"ҚЫТАЙДАҒЫ ТУЫСТАРЫМНАН ХАБАР АЛУ ҚИЫН"

30 жастағы Тілеуберді Ахметұлы 2008 жылы Қазақстанға Қытайдың Тарбағатай аймағынан көшіп келген. 2012 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Тілеубердінің әке-шешесі, жақындары арғы бетте қалған. Оның айтуынша, қазір бір әулеттен алты адам саяси лагерьде, бір адам түрмеде отыр.

- Ортаншы ағам Бақытбек Ахметұлы 2014 жылы "балаларға рұқсатсыз діни оқу оқытты" деген айыппен 11 жылға сотталды. Бақытбектің әйелі лагерьде отыр. Тағы бір ағам Исламбек Ахметұлы мен әйелін, немере інім Батыл Исламбекұлы мен келіншегін лагерьге апарған. Қалған туыстарымның Қазақстанға қоныс аударуына тыйым салынған, - дейді ол.

​Тілеубердінің сөзінше, 76 жастағы әкесі Ахмет Дәуенұлы осы жылы мамыр айының басында ұсталған. Ұлы әкесінің қамалғанын шілде айында естіген.

- Үш ай бойы әкемнің телефоны өшірулі болды. Алдында әкеммен хабарласып жүргенде жақындарымның қамалғаны туралы айтпаған еді. Айтуға қорыққан болу керек. Ал ағам Бақытбекті 2013 жылы бір ұстап, алты айдан кейін босатқан. Кейін 2014 жылы "заңсыз неке қию рәсімін өткізді", "заңсыз бала оқытты" деген жаламен соттады. Шын мәнінде, ол кісіні үкіметтің өзі оқытып, өздері имам етіп тағайындаған болатын, - дейді ол.

Тілеуберді "әкемді менімен сөйлескені үшін және Қазақстанға ақша жіберіп тұрғаны үшін қамап отыр" деп күдіктенеді. Қазір жетпістен асқан қарт шешесі екі ұлынан қалған немересі мен әкесіз қалған бір шөбересін бағып отыр.

- Ауылды жерде мал шаруашылығымен айналысқан бір отбасының бірнеше адамын қатарынан қамап, балаларын тірі жетім ету – қатыгездік қой. Әкемнің інісінің баласын да ұстап әкеткенін естідім. Басқа да туыстарым қамауда болуы әбден мүмкін. Өйткені қазір [Қытайдағы] туыстарыммен сөйлесу, хабар алу өте қиын, - дейді Тілеуберді.

Тілеуберді Ахметұлы желтоқсанның 20-сы күні Алматыда өткен Қытай қазақтарының жиынында Қазақстан билігінен, БҰҰ мен халықаралық ұйымдардан көмек сұрады.

"ӘКЕМДІ ОЙЛАП, САБАҚ ОҚЫҒЫМ КЕЛМЕЙДІ"

16 жастағы Ақжол Рахманұлы әкесі "Шыңжаңдағы саяси үйрену орталығынан шыққанымен Қазақстанға қайта алмай отыр" дейді. Қазір ол шешесі және әпкесімен Қытайда қалған әкесін сарыла күтіп жүр.

- 56 жастағы әкем Қытайдың Тарбағатай аймағындағы Толы ауданында дүниеге келген. Сол жерде отыз жыл оқытушы болған. 2008 жылы Қазақстанға көшкен едік. 2017 жылы әкемді "зейнет жасына толдың. Құжаттарыңды жинап, зейнетке шық" деп шақырған. Бірақ барғаннан кейін саяси үйрену орталығына алып кеткен. Қамауда тоғыз ай болған, - дейді ол.

Ақжол Рахманұлы әкесінің суретін ұстап отыр. Алматы, 20 желтоқсан 2018 жыл.
Ақжол Рахманұлы әкесінің суретін ұстап отыр. Алматы, 20 желтоқсан 2018 жыл.

Ақжол Рахманұлы қазір Қазақстанда мектепте оқиды. Әкесін бір жарым жыл бойы көрмеген бала шешесі мен әпкесінің "уайымнан жүрек талмасы дертіне ұшырағанын" айтады.

- Қазір сабақты да оқығым келмейді. Бар ойым – әкемді қайтарып алу. Анашым жүрек талмасы ұстап құлап қалады. Әпкем де жиі ауырып жүр. Әкемнің қан қысымы жоғары болатын. Қазір қандай жағдайда жүргенін білмейміз. Әкем бір атадан жалғыз. Қытайда қарайласатын туыстары жоқ. Саяси лагерьден шыққан соң Толы ауданындағы мектепте ақысыз күзетші болып жұмыс істеп жүр деп естідік. Яғни, әкем күні-түні мектепте бақылауда болады екен деп естідік, - дейді мектеп оқушысы.


Ақжол Рахманұлы мен анасы Гүлбану Рахым да желтоқсанның 20-сы күні Алматыда өткен Қытай қазақтарының жиынына келіп, Қазақстан билігінен, халықаралық ұйымдардан көмек сұрады. Гүлбану Рахымның айтуынша, олар қазір Алматы облысы Ұзынағаш ауылында пәтер жалдап тұрып жатыр.

- Қазір жиі ауырып қалатын болдым. Үлкен қызым жұмыс істеп жүр. Соның тапқанымен күнелтіп отыр едік. Оның да денсаулығы сыр беріп жүр, - дейді Ақжолдың шешесі.

Ақжол Рахманұлы шешесі Гүлбану Рахыммен бірге баспасөз жиынында отыр. Алматы, 20 желтоқсан 2018 жыл.
Ақжол Рахманұлы шешесі Гүлбану Рахыммен бірге баспасөз жиынында отыр. Алматы, 20 желтоқсан 2018 жыл.

Азаттық туған-туыстары мен ет жақындары Қытайда жазықсыз қамалып немесе Қазақстанға қайта алмай отырғандар туралы үнемі жазып келеді. Қытай билігінің аз ұлттарға көрсеткен қысымы туралы деректер 2017 жылдың сәуір айынан бастап жариялана бастады. Бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі "Қытайда туыстарымыз жазықсыз қамауда отыр" деген азаматтардан 915 арыз түскенін, 2018 жылдың басынан бері екі мыңнан астам адамның Қазақстанға өтуге рұқсат алғанын мәлімдеген еді. Бұдан басқа "қос азаматтықты қатар пайдаланды" деген күдікпен қамауға алынған 29 қазақстандықтың он бесінің қамаудан шыққаны да айтылған.

Жыл басында Қытай билігі "саяси үйрену лагері - аз ұлттарды азаптау орны" деген айыптауларды мойындамай келген.

Биыл қыркүйекте Қытайдың адам құқығы бюросының өкілі Ли Сяоцзюнь Reuters агенттігіне берген сұхбатында: "Орталықтарда еш қысым жоқ. Кәсіби біліктіліктерін шыңдап, тренингтерден өтеді. Кейін жақсы жұмыс тауып, негізгі заңдарымызды үйреніп шығады" деп мәлімдеген.

Ал Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі Лю Сяомин Шыңжаңда этникалық топ өкілдерінің қудаланатынын терістеген. БҰҰ Қытайдың шамамен миллион ұйғырды "экстремизммен күрес орталықтарында" ұстап отырғанын мәлімдеген.

Қыркүйектің 10-ы күні Human Rights Watch (HRW) халықаралық ұйымы арнайы есебін жариялап, Қытайдағы лагерьлер мен түрмелердегі адам төзгісіз жағдайды сипаттаған. Ұйым Қытай билігінің іс-әрекетін сынап, Пекиннен әлгіндей лагерьлерде қамауда отырғандарды босатуды талап еткен.

HRW "Астана Қытайдан баспана іздеп келген азаматтарды кері қайтармай, көшіп келген этникалық қазақтарға азаматтық беру мәселесін кешіктірмеу керек" деп кеңес берген.

Желтоқсанның 12-сі күні Қытай мемлекеттік кеңесі елдегі адам құқығының дамуына қатысты ресми есебін жариялаған. Онда құжат авторлары "Қытайдың адам құқығын құрметтеп, адам құқығына қатысты халықаралық қауымдастық алдындағы міндеттерін адал орындап отырғанын" жазған.

Көре отырыңыз: "Лагерьге түскен әйелім сал болып қалған"

"Лагерьге түскен әйелім сал болып қалған"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:21 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG