Accessibility links

"Әйелімді Қытай Қазақстанға жібермей отыр"


Әйелін Қытайдан қайтара алмай жүрген Әділхан
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:26 0:00

Әйелін Қытайдан қайтара алмай жүрген Әділхан

Шыңжаңда мемлекеттік қызметте істейтін қазақ Күлзира Қалибек бір жылдан бері Қазақстанға келе алмай отыр. Қытай тарапы оның жұмыстан шығу туралы өтінішін қабылдамаған. Күлзира Қалибектің екі баласы және күйеуі Қазақстан азаматтығын алған.

"ЖҰМЫСТАН ШЫҒУҒА РҰҚСАТ БЕРМЕДІ"

44 жастағы Әділхан Қалияр 2017 жылы Қытайдың Шыңжаң аймағынан Қазақстанға келіп, азаматтық алған. Қазір Астанада 80 жастағы шешесі және екі баласымен бірге тұрады. Ал әйелі Күлзира Қалибек Шыңжаңдағы Баркөл ауданында қалған. Әділхан Қалиярдың айтуынша, әйелін Қытай Қазақстанға жібермей отыр.

- Әйелім Баркөл ауданында оқу-ағарту мекемесінде жұмыс істейді. Жұмыстан шығу туралы өтініш берген. Өтінішін қабылдап алған. Бірақ "күйеуі жұмыстан шықты, енді өзі жұмыстан шықпақ, не болып қалды" деп күдіктенсе керек. Рұқсат бермеді. Кейін маған Қазақстан сыртқы істер министрлігі "олар ерлі-зайыпты" деген шақырту дайындап берді. Оны Қытай елшілігіне апарып, рәсімдетіп, әйеліме поштамен салып жібердім, - дейді ол.

Әділхан Қалияр отбасымен бірге. Астана, 18 қазан 2018 жыл. (Скриншот)
Әділхан Қалияр отбасымен бірге. Астана, 18 қазан 2018 жыл. (Скриншот)

Әділхан Қалиярдың сөзінше, әйелі ресми шақыртуды аудандағы мекемеге апарған. Бірер апта қарастырып, жұмыстан шығу өтінішін тағы қабылдамаған. Мектепте оқитын екі баласы анасын бір жылдан бері көрмеген.

- Әйелім "балиғат жасына толмаған екі балам бар, соларға барам" деген. Бірақ "қызметтен кетпейсің" деген. Жазбаша шешімін көрмедім. Өзімен сөйлескенде ашып айта алмайды. Қытайдан келіп-кеткендерден естідім. Алдағы үш айда Қазақстанға келе ме, келмей ме, оған қатысты бірдеме деу қиын, - дейді Қытайдан келген қазақ.

13 жастағы Сария Әділханқызы мен 11 жастағы Тасқын Әділханұлының аналары Күлзирамен тілдеспегендеріне біраз уақыт болған. Олар бұған дейін шешелерімен WeChat (Қытайдың жеке әлеуметтік желісі және байланыс қосымшасы – ред.) арқылы хабарласып тұрған.

- Қазақша сөйлеспейміз. "Қазақша сөйлесуге болмайды" деп ашық айтқан. "Менімен қытайша сөйлес" деп жазып жіберді. Бір-екі ай бұрын хабарласқам. Бір аптада бір-екі рет [сөйлесетінбіз]. Ал қазір хабарласпай қалдық, - дейді Астанадағы мектептердің бірінде 6-сыныпта оқып жүрген Сария.

Сария Әділханқызы
Сария Әділханқызы

ҚАЗАҚСТАНҒА КӨШІП КЕЛУ МАШАҚАТЫ

Әділхан Қалияр әуел баста әйелі, екі баласы және шешесімен бірге көшіп келмек болған. Бірақ Қытайда шетелге көшуге шектеу қойылғанын айтады. "Аудандық мекемедегі заң бөлімінде жұмыс істеп жүрген" Әділхан Қалияр Қазақстанға "туысшылап барып қайтамын" деген сылтау айтып кеткен.

- Балаларымның оқуы үшін елге (Қазақстанға – ред.) көшейік деп шештік. 13 жастағы қызымды [Қазақстандағы] туыстарыма бірінші жібердім. 2017 жылы қарашада Қазақстанға 30 күнге туыстарыма барамын деп келдім. Келе салып Қытайға бармай, Қазақстанда ықтияр хат алдым. Артынан азаматтыққа өтіп алдым. 2018 жылы ақпанда шешем мен 11 жастағы ұлымды алдырып алдым. Амал болмаған соң біржола салтанатты түрде көшіп келе алмадық. "Туысшылап барамыз" деген сылтаумен, бөлініп-бөлініп келдік, - дейді ол.

Соңғы жылдары Қытай билігі Шыңжаң аймағындағы аз ұлттарға түрлі қысым жасап жатқаны айтыла бастаған. 2017 жылғы сәуір айынан бастап Қытай қазақтары мен ұйғырлар Шыңжаңдағы саяси үйрену орталықтарына қамалып жатқандары туралы алғашқы хабарлар тарады.

Қарай отырыңыз: Қытайда биыл "саяси-тәрбиелеу орталығында" екі ай отырып келген адамның эксклюзивті сұхбаты.

Қазақстанға Қытайдан көшіп келген этникалық қазақтар Шыңжаңда туыстары қамалғанын айтып, Астанада, Алматыда бірнеше рет жиын өткізген. Олар Алматыдағы АҚШ, Германия консулдықтарына барып көмек сұраған.

Қамаудан шыққан қазақтар саяси тәрбиелеу орталықтарын "түрме" деп сипаттаған. БҰҰ және Human Right Watch бастаған халықаралық ұйымдар да Шыңжаңдағы қамаулар туралы бірнеше рет мәлімдеме жасаған.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне Қытайдағы қысымға қатысты көмек сұрап, 618 адамнан арыз түскен. Министрліктің баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың айтуынша, 117 арызды Қытайдың бұрынғы азаматтары, қазір Қазақстан азаматтығын алғандар жазған. Олар Қытай азаматтығынан шығаруға көмек сұраған. Министрлік өкілі арыздар бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Қытай тарабы не дейді?

Пекин "Шыңжаңда азаптаулар мен қудалау барын" айтатын құқық қорғау ұйымдарының сөзін жоққа шығарып келген. Ал қыркүйектің 13-і күні Қытайдың адам құқығы бюросының өкілі Ли Сяоцзюнь Reuters агенттігіне берген сұхбатында: "Орталықтарда еш қысым жоқ. Кәсіби біліктіліктерін шыңдап, тренингтерден өтеді. Кейін жақсы жұмыс тауып, негізгі заңдарымызды үйреніп шығады" деген. Ал Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі Лю Сяомин Шыңжаңда этникалық топ өкілдерінің қудаланатынын терістеген. БҰҰ Қытайдың шамамен миллион ұйғырды "экстремизммен күрес орталықтарында" ұстап отырғанын мәлімдеді. Комитеттің дерегінше, бұдан бөлек тағы миллион азамат тәрбиелеу лагерьлерінде қамауда отыр.

Қазанның 15-і күні Гонконгта шығатын South China Morning Post газеті Қытай коммунистік партиясының этникалық және діни мәселелер жөніндегі департаментінің басшысы Ю Цюаньның Шыңжаңға барғанын хабарлады. Ю Цюань Шыңжаңдағы мұсылман дінін ұстанатын этникалық аз ұлттарға Қытайдың мәдениеті мен әлеуметтік нормаларын сіңіру саясатын жүргізіп жатқанын айтқан. Ол бұл саясатты "экстремизмді алдын-алу" деп түсіндірген.

  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG