Accessibility links

Қытай қазағының Түркияда ұсталған әйелі босатылды


Өмірбек Бекалы компьютерден Қытайдағы лагерьлер туралы ақпарат көрсетіп отыр.

Түркия әуежайында полиция ұстаған Раушангүл Ташмағамбет босатылды. Ол - Қытайда туған этникалық қазақ Өмірбек Бекалының әйелі.

"ҮШ КҮН БОЙЫ ЕШКІММЕН СӨЙЛЕСТІРМЕДІ"

Өмірбек Бекәлі қыркүйектің 16-і күні әйелі Раушангүл Ташмағамбет пен ұлы Мұхаммедтің Стамбулдағы Ататүрік әуежайында ұсталғанын хабарлаған. Үш күннен кейін Түркия полициясы оларды босатқан. Раушангүл Ташмағамбет әуежайда қамауда отырғанда Қытайға депортациялап жібере ме деп қауіптенгенін айтады.

- Ұшақтан түскен соң полицейлер құжатымды алып, қолымдағы баламмен бөлек бір бөлмеге апарды. Ешкіммен сөйлестірмеді. Кейін бір қызметкерден телефон алып, Өмірбекке қоңырау шалдым. Ол сезгендей бірден түсінді. Үш күн бойы ешқайда хабарластырмады. Мен бастысы, Қытайға жібермесе болды деп тіледім, - деді Раушангүл.

Өмірбек Бекалы Шыңжаңдағы саяси лагерьде сегіз ай қамауда отырып, 2017 жылдың қараша айында босап шыққан соң Қазақстанға келген. Биыл мамырда жеке қауіпсіздігі үшін Түркияға кетіп қалған. Өмірбек Бекалының артынан Түркияға бармақ болған әйелі мен баласын полиция Стамбулда ұстаған.

- Ешқандай заңсыздық таппапты. Баламызда Қазақстанның, ал әйелімде Қытайдың төлқұжаты болған. Паспортта баланың шешесінің аты-жөні көрсетілмеген ғой. Сол себепті олар Раушангүл "баланы ұрлап әкелген болуы мүмкін" деп күмәнданып ұстаған екен. Балалармның туу туралы куәліктерін, өзгеде құжаттарды апардым. Олар тексеріп, босатты, - деді Өмірбек Бекалы Азаттыққа.

Раушангүлдің босатылғанын The Associated Press ақпарат агенттігінің тілшісі Дэйк Канг та хабарлап, олардың әуежайда түскен фотосын жариялады.

Өмірбек Бекалы қазір Стамбулдағы мейрамханалардың бірінде аспазшы болып жұмыс істеп жүр. Осы қалада пәтер жалдап тұрып жатқанын айтады.

- Әйелім - Қытай азаматы. Бірақ ол жаққа барса қамалатыны анық. Сондықтан біз Алматыда жүргенде БҰҰ-ға босқын мәртебесін сұрап, паспорт алу туралы өтініш жаздық. Түркиядан да қайта сұратамыз. Әйелімнің құжатын жөндеп алсақ болды, - дейді ол.

Өмірбек Бекалы Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу лагерінде" отырған туыстарының суреттерін көрсетіп тұр. Алматы, 31 наурыз 2018 жыл.
Өмірбек Бекалы Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу лагерінде" отырған туыстарының суреттерін көрсетіп тұр. Алматы, 31 наурыз 2018 жыл.

Қытайда туған этникалық қазақ Өмірбек Бекалы Қытайдың Тұрфан қаласында 1970 жылы туған. 2006 жылы Алматыға келіп, 2008 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Әйелі Раушангүл екеуі үш бала тәрбиелеп отыр.

Бекалы 2017 жылы наурызда Шыңжаңдағы Тұрфан қаласы тұратын әке-шешесіне қыдырып барып, сол жерде қамауға алынған. Сегіз айдан соң бостандыққа шығып, Қазақстанға келген соң ол Қытайдағы лагерьлердің ішкі жағдайын бірнеше рет ашық айтқан.

ШЫҢЖАҢДА НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

2017 жылғы сәуір айынан бастап Қытай қазақтарының қысым көріп, Шыңжаңдағы саяси үйрену орталықтарына қамалып жатқандары туралы айтыла бастаған. Олардың арасында Қазақстан азаматтары да болған. Қытайдағы саяси үйрену орталығында болдық деген бірнеше қазақстандық бұған дейін Азаттыққа сұхбат беріп, басынан кешкендерін баяндап берген болатын. Олардың арасында Өмірбек Бекалы да бар.

Қытайдағы этникалық азшылық өкілдерінің "саяси лагерьлерге" жаппай қамалуы жайлы халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз жиі жазып келеді.

Қыркүйектің 10-ы күні Human Rights Watch (HRW) халықаралық ұйымы арнайы есебін жариялап, Қытайдағы лагерьлер мен түрмелердегі адам төзгісіз жағдайды сипаттаған. Ұйым Қытай билігінің іс-әрекетін сынап, Пекиннен лагерьлерді қамалғандарды босатуды талап еткен.

HRW "Астана Қытайдан баспана іздеп келген азаматтарды кері қайтармай, көшіп келген этникалық қазақтарға азаматтық беру мәселесін кешіктірмеу керек" деп кеңес берген.

Соңғы уақытта Қазақстанның әр өңірінде Қытайда қамалған туысқандарына араша сұрағандар көбейіп келеді.

Парламент мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комиетінің төрағасы, депутат Мұхтар Ерман Қытайдағы қазақтар мәселесі жақын уақытта парламентте талқыланбайтынын айтқан.

Тамызда The Financial Times газеті Қытайдан Қазақстанға қашып өткен этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың хикаясын баяндап, Шыңжаңдағы қуғын-сүргін туралы мақала жариялаған. Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі Лю Сяомин мақалаға жауап хатында басылым дерегін "жұртты шатастыратын ақпарат" деп, Шыңжаңда этникалық топ өкілдерінің қудаланатынын терістеген.

Қытайда "саяси тәрбие лагерінде" болған қазақстандық
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:13 0:00

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG