Accessibility links

Кәсіпкер Азаттық тілшісіне қарсы шағымын қайтарып алды


Азаттық тілшісі Ыдырыс Исаков кәсіпкер Жалил Атамбаевқа (сол жақта) сауал қойып тұр. Сәуір, 2019 жыл. Видеодан скриншот.
Азаттық тілшісі Ыдырыс Исаков кәсіпкер Жалил Атамбаевқа (сол жақта) сауал қойып тұр. Сәуір, 2019 жыл. Видеодан скриншот.

Қырғызстан парламенті төрағасының орынбасары Азаттық журналисі Ыдырыс Исаковқа қолдау білдірді. Депутат журналистің зерттеу мақаласының кейіпкері, бизнесмен Жалил Атамбаевқа қатысты тергеуді соңына дейін жеткізуге шақырды.

Мамырдың 8-і күні өткен жалпы отырыста Қырғызстан парламенті төрағасының орынбасары Аида Касымалиева Ош қаласындағы бизнесмен Жалил Атамбаевтың Азаттықтың Қырғыз қызметінің журналисі Ыдырыс Исаковқа қарсы берген талап арызын қайтарып алуын медиа қауымдастықтың жеңісі деп атады.

"Талап арызды қайтарып алу – әлі мемлекеттің жемқорлыққа қарсы күрестегі жеңісі емес. Парламент салықтан қанша ақша жасырылғанын зерттеуі тиіс. (Баспасөз) бостандығы – демократияның негізі. Ыдырыс Исаков ашық деректерге сүйенген зерттеуінде кәсіпкерлердің салықтан қалай жалтаратынын көрсетіп берді. Қазір тергеу жүріп жатыр, бірақ біз жағдайды жіті бақылауымыз керек" деді Касымалиева.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Ыдырыс Исаков.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Ыдырыс Исаков.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Ыдырыс Исаков сәуірдің 17-і күні жариялаған "Ош: салықтан жалтарған "іскерлер" атты зерттеуінде жергілікті белгілі кәсіпкер, отставкадағы милиция полковнигі Жалил Атамбаевтың бизнесі туралы баяндайды. Журналист дерек-дәйектерді келтіре отырып, кәсіпкер ірі мөлшерде салықтан ақша жасырған болуы мүмкін деген байлам жасайды.

Азаттық зерттеуі. "Ош: салықтан жалтарған "іскерлер" (қырғызша)

Өзі жайлы зерттеу материалы жарияланғаннан кейін Атамбаев Исаковтың үстінен сотқа талап арыз түсіріп, журналистен 50 миллион сом өндіртіп беруді сұрады. Журналистер мен азаматтық қоғам өкілдері Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековке ашық хат жазып, журналист Ыдырыс Исаковқа қолдау білдіруге шақырады.

Қырғызстан медиа қауымдастығы бизнесмен Жалил Атамбаевтың Азаттық журналисіне қарсы сотқа талап арыз беруін сөз бостандығын шектеуге талпыну деп санайды. Парламент депутаттары журналист Ыдырыс Исаковқа қолдау білдірді.

Мамырдың 7-і күні Жалил Атамбаев журналиске қарсы берген талап арызын қайтарып алды. Кәсіпкердің адвокатының айтуынша, Атамбаев оразаға байланысты Исаковты "кешіруді" ұйғарған.

Марат Токоев.
Марат Токоев.

Медиа сарапшы Марат Токоев кәсіпкер сот арқылы ірі көлемде ақша өндіртіп алмақшы болған қырғыз журналисіне әріптестерінің жұмыла қолдау білдіргенін құптайды. Оның пікірінше, журналистер қауымдастығының ынтымақтастығы сөз бостандығын нығайтуға септеседі. Бірақ "төртінші билікті" күшейту үшін журналистер көтерген проблемалар шешімін табуы тиіс деп санайды Токоев. Тиісті органдар Азаттық зерттеуіне арқау болған деректерді жедел әрі мұқият тексеруі керек дейді сарапшы.

"Егер журналист әшкерелеген фактілер бойынша ешқандай тиісті шара қолданылмаса, онда еңбектің еш кеткені. Журналист – қоғамның көзі мен құлағы. Оның міндетіне көпшілік жұрт мән бермей жүрген проблемаларды айтып, көрсету жатады" дейді Токоев.

Бақылаушылар Қырғызстанда соңғы бес жылда журналистерге қарсы миллиондаған сомның талап арызын беру үйреншікті жағдайға айналғанын айтады. Соның кесірінен өзекті проблеманы қозғауға келгенде журналистер өзін өзі шектеуге мәжбүр болады.

Клара Сооронкулова.
Клара Сооронкулова.

Қырғызстан Конституциялық палатасының бұрынғы судьясы Клара Сооронкулованың айтуынша, елдегі сөз бостандығының жайы сот жүйесінің жағдайымен тікелей байланысты. Соттар әділ шешім шығаратын болса журналистерге қарсы талап арыз өздігінен азаяды дейді ол.

"Сот әділдігі орнықпайынша журналистер мен олар жазатын адамдар арасында күш теңгерімін қалыптастыру мүмкін емес. Бірақ журналистика да өз стандартын ұстануы тиіс. Көпшілікке танымал тұлға байсалдылық сақтап, журналистер сынын қабылдай білуі керек. Өйткені олар үнемі қоғам назарында болады" дейді Сооронкулова.

Сонымен бірге журналистер де белгілі бір саяси күштердің қолындағы қаруға айналмауы тиіс деп ескертеді бұрынғы судья.

Бұған дейін Қырғызстан тергеу орындары Азаттық журналистерінің зерттеуіне арқау болған жайттарға байланысты бірнеше қылмыстық іс қозғаған. Қазіргі кезде Экономикалық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік қызмет Азаттықтың кемінде екі материалы бойынша Қырғызстан мемлекеттік кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райым Матраимовқа және отставкадағы милиция полковнигі, оштық бизнесмен Жалил Атамбаевқа қатысты тексеру жүргізіп жатыр.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG