Біртанов: Германияда бір қазақстандыққа коронавирус жұқтырған деген алдын-ала диагноз қойылған
13 наурызда Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Нұр-Сұлтандағы брифингте "Германияның Берлин қаласында Қазақстанның бір азаматына коронавирус жұқтырған деген алдын ала диагноз қойылған. Қазірге дейін бізде бар ақпарат осы ғана. Қазақстанға келген 12 адам сол кісінің жанында болған. Қазір олар ауруханада карантинде жатыр. Ал әлгі азамат қазір Германияда. Біз бұл ақпаратты толық растай алмаймыз. Бірақ қазір бізде Германияда бір азаматымызға вирус жұққаны жайлы ақпарат бар" деді.
- Авторы: Руслан МЕДЕЛБЕК
Коронавирус спорт әлеміне қалай әсер етіп жатыр?
- UEFA Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының матчтарын кейінге қалдырды. UEFA биыл жазға жоспарланған Euro-2020 жарысын өткізу я өткізбеу жағын талқыламақ.
- Еуропа елдерінің көбі, соның ішінде Англия, Франция, Испания, Италия сәуірдің басына дейін ішкі чемпионаттарын тоқтатты.
- “Реал” баскетбол командасында бір ойыншыдан вирус табылғандықтан футболдан “Реал Мадрид” (Испания) командасы карантинде. Ал Англияның “Эвертон” командасының да бір ойыншысы вирус жұқтырған соң бұл клуб та карантинге жабылды.
- Англияның “Арсенал” командасының бас бапкері Микель Артета, Италияның “Ювентус” командасының ойыншысы Ругани, Англияның “Челси” командасында ойнайтын Ходсон Одои, Германияның “Ганновер” футболшылары Тимо Хюберс пен Яннес Хорн, Италияның “Сампдория” шабуылшысы Маноло Габбьядини вирус жұқтырған. Бұл командалардың барлығы да карантинде.
- Теннистен алдағы төрт аптаға жоспарланған турнирлердің бәрі болмайды
- Маусымға дейін гимнастикадан ешқандай жарыс өтпейді. Наурызда мәнерлеп сырғанаудан Канадада өтуі тиіс мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты, тау шаңғысынан Францияда өтеді деп жоспарланған әлем чемпионаты болмайды.
- Баскетболдан NBA, хоккейден NHL және ҚХЛ жарыстары да тоқтатылды.
Қазақстанда үшінші адамдан коронавирус табылды
Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанға Италиядан келген әйел адамнан вирус табылғанын хабарлады.
"Тағы бір пациенттен вирус табылды. Әйел адам 12 наурызда Миланнан Мәскеу арқылы Нұр-Сұлтанға келген. Ол борттан түсе сала карантинге жатқызылды. Қазір ол адаммен байланыста болғандарды анықтап жатырмыз. Бұл кісі отырған бортта 90 жолаушы болған. Олар: 37 қазақстандық, 42 ресейлік және тағы 11 елдің азаматы" деді Біртанов.
Қазақстан денсаулық сақтау министі Елжан Біртановтың айтуынша, вирус жұқтырған екі қазақстандықпен 85 адам байланыста болған.