Тоқаев коронавирусқа байланысты Қазақстанда төтенше жағдай жариялады
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа байланысты Қазақстан аумағында төтенше жағдай жариялады.
"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстанның барлық аумағында 2020 жылдың 16 наурыз сағат 8.00-ден бастап, 2020 жылдың 15 сәуір сағат 7.00-ге дейін төтенше жағдай енгізілсін" делінген президент жарлығында.
Жарлықта қоғамдық орындар, мемлекеттік және стратегиялық маңызы бар нысандарда күзетті күшейту, ірі сауда орындарының жұмысын шектеу, ойын-сауық орталықтары, театр сияқты көп адам жиналатын нысандардың жұмысын тоқтату, спорт жарыстарын кейінге шегеру туралы жазылған. Бұған қоса, Қазақстан аумағына кіріп-шығуға шектеу қою қажеттігі айтылған. (Қазақстан мен өзге мемлекеттің дипломатиялық қызмет өкілдері, халықаралық делегаттарға бұл шектеудің қатысы жоқ).
Елге кіріп-шығуға қатысты қосымша түсініктеме берген Қазақстан СІМ мәлімдеуінше, шетелде жүрген Қазақстан азаматтары елге кіре алады.
"Бұл шектеулер негізінен шетел азаматтарына қатысты" деді министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров 15 наурызда.
Біртанов тағы екі адамнан коронавирус табылғанын хабарлады
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 15 наурызда түс кезінде Қазақстанда тағы екі адамнан коронавирус табылғанын хабарлады.
"Бірінші науқас - әйел адам. Инфекциялық стационарда жатқан пациент. Бұрын күйеуінен [коронавирус] анықталып, жақын контакті ретінде оқшауланған болатын. Қосымша диагностиканың нәтижесінде коронавирустық инфекция табылды. Бұл отбасына жақын контактілердің барлығы оқшауланды. Қазір сол инфекциялық ауруханада" деді Біртанов.
Оның айтуынша, екінші науқас - ер адам 14 наурызда Сеул - Алматы бағыты бойынша ұшақпен келген.
"Жалпы ұшақта болған 130 жолаушының барлығы карантиндік стационарға жатқызылды. Қалаға ешкім кірген жоқ. Карантинге жіберілген сол пациенттердің арасында диагностиканың нәтижесінде бір адамнан коронавирусты анықтадық" деді Біртанов.
Осылайша елде коронавирусты жұқтырғандар саны сегізге жетті. Министрдің айтуынша, олардың айналасында болған адамдардың барлығы анықталып, оқшауланған.
"Біз тізім бойынша жұмыс істедік. Кейбірі стационарлық карантинге жатқызылды. Кейбірі үй жағдайында карантинде жатыр. Стационарлық карантинде 1400-ден астам адам жатыр, 545 адам үйде карантинде. Басқа елден келіп жатқан азаматтар үш категория бойынша бақылауда".
Министрлік коронавирус жұқтырғандар санының өзгермегенін хабарлады
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 15 наурызда таңертең коронавирус жұқтырғандар санының өзгермегенін хабарлады. Осы апта соңында алты адамнан коронавирус табылған еді. Стационарлық карантинде 1425 адам жатыр, 496 адам үй жағдайында оқшауланған.
Министрлік сонымен бірге Қытай және өзге елдерден келген азаматтарды (2083 адам) бақылап отырғанын хабарлады.
Ведомство дерегінше, бұған дейін "жедел респираторлық вирустық инфекция" (ОРВИ) және температурамен 122 адам ауруханаға түскен. Олардың 62-і жазылып шыққан. Стационарда 60 адам қалған.
Алматыда "науқастың кейпіне еніп жұртты қорқытқан" адам он күнге қамалды
Алматы метросында "коронавирус жұқтырған науқас адамның кейпіне еніп, жұртты қорқытқан" жігіт қамауға алынды деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
"Әлеуметтік желіге мониторинг жасау кезінде 23 жастағы Алматы тұрғынының метрода жөтел қысқан адамның кейпіне еніп, қайта-қайта жөтеліп, жұртты қорқытқаны, осылайша ұсақ бұзақылық жасағаны анықталды. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың шешімімен пранкер он күнге қамалды" делінген полиция хабарламасында.
Ведомство дерегінше, жауапкер Әкімшілік кодекстің 434-бабы ("ұсақ бұзақылық") бойынша қамалған.