Алматыда коронавирус жұққан науқасты қылмыстық жауапкершілікке тартты
Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, коронавирус табылған бір әйел "санитарлық қызметтің жұмысына барынша кедергі келтіріп, айналасында болған адамдар туралы деректерді қасақана бермеген".
Полицейлердің айтуынша, "санитарлық ереже мен гигиена нормаларын бұзғаны үшін" (Қылмыстық кодекстің 304-бап) науқас әйел қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Денсаулық басқармасы: Алматыдағы екі науқастың жағдайы - орташа ауыр
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тілеухан Әбілдаев 15 наурызда түстен кейін коронавирус табылған алты адамның жағдайы туралы айтты. Оның айтуынша, екеуінің жағдайы - орташа ауыр.
"Төрт пациенттің жағдайы - орташа, екеуінің жағдайы - орташа ауыр. Барлығы бекітілген хаттамаға сай емделіп жатыр. Вирусқа қарсы және симптомдық терапия өз уақытында басталды" деді Әбілдаев жексенбі күнгі брифинг кезінде.
Оның айтуынша, қаладағы медициналық мекемелерде қажетті дәрі-дәрмек, қорғану құралдарының бәрі бар.
Қазақстанда ресми дерек бойынша, сегіз адамнан коронавирус табылған: төрт әйел, төрт ер адам. Олардың жетеуі Еуропа қалаларынан, біреуі Сеулдан ұшып келген. Қазір алтауы - Алматыда, екеуі Нұр-Сұлтанда емделіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, олармен контактіде болған барлық азаматтар оқшауланған.
Министрлік: Қазақстанда супермаркеттер мен базарлар жұмыс істей береді
Қазақстанда төтенше жағдай кезінде супермаркеттер мен базарлар жұмыс істей береді деп хабарлады сауда және интеграция министрлігі.
Министрліктің айтуынша, "азық-түлік және азық-түлік сатпайтын кішігірім дүкендер, сонымен бірге сауда орталықтарынан тыс орналасқан өзге де шағын және орта бизнеске тиесілі сауда нысандарының жұмысын иелері өздері шешеді".
16 наурыз таңертеңгі сағат 8.00-ден бастап Қазақстан коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режиміне көшеді.
Өзбекстанда коронавирус жұқтырған бірінші адам анықталды
15 наурызда Франциядан оралған Өзбекстан азаматынан коронавирус табылды. Бұл туралы Өзбекстан денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөніндегі агенттігі хабарлады.
"Қазір бұл оқиғаға байланысты эпидемиологиялық зерттеу және профилактикалық шаралар жүргізіліп жатыр" делінген агенттіктің баспасөз хабарламасында.
Бұған дейін Өзбекстан билігі Франция, Испания, Ұлыбритания, Иран, Жапония, Ауғанстан, Италия және Оңтүстік Кореямен әуе қатынасын тоқтатқан.
Өзбекстан - Орталық Азияда коронавирус табылған Қазақстаннан кейінгі екінші мемлекет. 13 наурызда Қазақстан төрт адамнан коронавирус табылды деп алғаш рет мәлімдеген. 15 наурызда олардың саны сегізге жетті.