Үкімет коронавирусқа байланысты қарыз бен несие төлемін кешіктіргендерге өсімпұл салмауды ұсынды
Қазақстан үкіметі төтенше жағдайға байланысты қарызын немесе микрокредитті төлей алмаған жеке және заңды тұлғаларға айыппұл немесе өсімпұл салмауды ұсынады. Бұл туралы 17 наурызда Нұр-Сұлтанда өткен үкімет отырысында қаржы нарығын дамыту және реттеу агентігінің жетекшісі Мәдина Әбілқасымова хабарлады.
Оның сөзінше, төтенше жағдайға байланысты бұл норманы жеке және заңды тұлғаларға қарыз берген банктер мен микроқаржы ұйымдарының (ломбардтар, кредит серіктестіктері, т.б.) барлығы орындауы тиіс.
"Қазақстан Республикасындағы банктер мен банк ісі туралы" заңның 34-бабының 3-тармағы және "Микроқаржы ісі туралы" заңның 3-бабының 6-тармағына сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдары төтенше жағдайға байланысты қаржы жағдайы нашарлаған жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілеріне төлем мерзімін ұзарту жөнінде жұмыс жүргізуі керек" деді Әбілқасымова.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты Қазақстан аумағына 16 наурыз таңертеңгі сағат 8.00-ден бастап, 2020 жылғы 15 сәуір сағат 7.00-ге дейін төтенше жағдай енгізген. Шетелден оралған он үш қазақстандықтың коронавирус жұқтырғаны анықталды. Олардың он бірі Алматыда, екі адам Нұр-Сұлтанда ауруханаға жатқызылды.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 13 адамға жетті
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 17 наурыз күнгі таңертеңгі сағат 9-дағы мәліметке сай, Алматыда коронавирус инфекциясы тағы 3 адамнан табылған.
Министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріптің айтуынша, 13 наурызда Мәскеу арқылы Берлиннен ұшақпен келген 2018 жылы туған қыз баланың коронавирус жұқтырғаны анықталған. Вирус 1956 және 1966 жылғы тағы екі ер адам адамнан табылған, олар 10 наурызда Алматыға Мәскеуден ұшып келген.
Сонымен Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 13 адамға жетті. Қазір Алматыда он бір, Нұр-Сұлтанда екі науқас ауруханада жатыр. Коронавирус жұққан тағы бір қазақстандық Германияда деп хабарланған.
Қазақстанда коронавирусқа байланысты 16 наурыздан 30 тәулікке төтенше жағдай режимі күшіне енген. Елде 1641 адам ауруханада, 981 адам үйде карантинде.
Бір тәулікте он мыңнан астам адамнан коронавирус анықталды
16 наурыздың кешіндегі дерекке сәйкес, әлемде 181 928 адам коронавирус жұқтырған, соңғы тәулікте вирус 12352 адамнан табылған, 620 адам өлген.
Ресей Белоруссиямен шекарасын жауып, 18 наурыз бен 1 мамыр аралығында шетел азаматтарының ел аумағына кіруіне шектеу қойды. Мәскеуде 10 сәуірге дейін 50 адамнан асатын жиын, шаралардың барлығына тыйым салынды. Ресми мәлімет бойынша, қазір Ресей коронавирус жұқтырғандар 100-ге жеткен.
Еуропа елдері де коронавирусқа қарсы қатаң шараларды жалғастырып жатыр. Еурокомиссия төрағасы Урсул фон дер Ляйен аса қажеттілік болмаған жағдайда Еуродақ аумағына кіруді 30 тәулікке дейін уақытша шектеуді ұсынды. Еурокомиссия басшысы тіршілікке қажетті жүк тасымалы үшін "жасыл коридор" құру қажеттігін айтты.
18 наурыздан бастап Францияда мектептер мен университеттер жабылады. Финляндия 13 сәуірге дейін төтенше жағдай режимінде тұрады.
Еуропада коронавирустан ең көп адам өлген ел – Италия. Бұл елде бір тәулікте 349 адам, эпидемия басталғалы 2158 адам қаза болды.
Ресей, Шенген, Канада шетелдіктердің кіруіне шектеу қойды
Еуропа одағы бір айға Шенген аймаққа шетелдіктерді кіргізуге тыйым салмақ. Ресей 1 мамырға дейін шетелдіктерді кіргізбейді. Канада да ел шекарасын толық жапты. Ал Франция 17 наурыздан бастап 15 күнге бүкіл елде карантин жарияламақ. Ел президенті Эманнуэль Макрон телеарна арқылы “біз соғыс жағдайындамыз” деді. АҚШ президенті Дональд Трамп оннан артық адамның жиналуына тыйым салды.
Әлемде вирус жұқтырғандар саны 181 мыңнан асты. Көз жұмғандар саны – 7130 (кешегі күнмен салыстырғанда 638 адамға көп). 78339 (+1741) адам дерттен айықты. 96149 адам ауырып жатыр.