Өзбекстанда тағы үш адамға коронавирус жұққаны анықталды
Өзбекстанда тағы үш адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды деп хабарлады 19 наурызда Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик радиосы).
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратында Өзбекстанда бұл вирус бұған дейін Франциядан елге оралған алғашқы науқас әйелдің әріптесі, анасы мен келініне жұққаны анықталғаны айтылған.
Қазір Өзбекстанда коронавирус жұқтырғандар 18 адамға жетті. Көрші Қазақстанда 37, Қырғызстанда 3 науқас бар.
Өткен жылдың соңында Қытайда алғаш рет тіркелгелі бері әлемде коронавирус 217 мыңнан астам адамға жұқты. Содан бері 8,8 мың адам қаза болып, 80 мыңнан астам науқас дерттен айықты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 коронавирусын "пандемия" деп жариялаған.
Италияда коронавирустен бір тәулікте 475 адам опат болды
Коронавирус өршіп тұрған Италияда 18 наурызда Covid-19 вирусын жұқтырған 475 адам көз жұмды. Елде вирустан опат болғандар 3,5 мыңға жуықтады. Індет тарағалы бері Италияда 35,5 мыңнан астам адамға коронавирус жұққаны анықталған. Төрт мыңнан астам адам дерттен айыққан.
Италия - әлемде коронавирустан қатты зардап шеккен Қытайдан кейінгі екінші мемлекет.
Өткен жылдың соңында Қытайда алғашқа науқас тіркелгелі бері әлемде 217 мыңнан аса адамға коронавирус жұқты. Қазірге дейін вирустан 8,8 мыңнан астам адам қаза болды. 84 мыңнан астам науқас дерттен айықты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) дерегінше, науқастардың басым бөлігі - 80 пайызы - Еуропа мен Шығыс Азия елдерінде тұрады.
18 наурызда ДДСҰ басшысы Тедрос Гебрейесус мамандар коронавирустан қорғайтын екпені сынақтан өткізе бастағанын хабарлады.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар қазір 37 адамға жетті. Елде коронавируске байланысты 16 наурыздан төтенше жағдай жарияланып, 19 наурызда Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті.
Қазақстанда коронавирус жұққандар 37 адамға жетті
Алматыда тағы бір адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды деп хабарлады Қазақстанның денсаулы сақтау министрлігі 19 наурызда. Қазір елде вирус жұқтырған 37 науқас бар.
Алматыда - 19, Нұр-Сұлтанда 18 адамда Covid-19 вирусы бары анықталған.
Бейсенбі, 19 наурыздан бастап бұл екі қала коронавируске байланысты карантинге көшкен. Қазақстанда 16 наурыздан төтенше жағдай жарияланған.
Алматыда көп қабатты үйді оқшаулады
18 наурызда кешке Алматының орталығындағы Қабанбай және Зенков көшелерінің қиылысында орналасқан "Сұңқар" тұрғын үй кешені оқшауланды. Ресми ақпаратта осы үйде тұратын адамнан коронавирус анықталғаны айтылады. Көп қабатты үйдің тұрғындарына 15 тәулік бойы үйден шығуға тыйым салынды.
Қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың сөзінше, науқас оқшау бөлмеге жатқызылған, тұрғындар арасында инфекция таралу қаупі болғандықтан "Сұңқар" тұрғын үй кешенінде карантин жарияланған.
19 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге көшті. Сауда және ойын-сауық орталықтары, тамақтан басқа зат сататын дүкендер мен сауда орындарының жұмысы тоқтатылды. Карантин режимі кезінде қоғамдық тамақтандыру орындары мен мейрамханалар тұтынушыға ас-суды үйіне жеткізіп береді. 22 наурыздан бастап Алматы қаласында темір жол және әуе қатынасын толық тоқтату жоспарланған.