Ресейде коронавирустан алғашқы адам көз жұмды
19 наурызда Мәскеудегі инфекциялық аурухананың бірінде коронавирус жұқтырған 79 жастағы зейнеткер әйел қайтыс болды. Бұл туралы ауруды бақылау жедел штабы хабарлады. Науқас 13 наурызда ауруханаға жатқызылған. Бұрын қант диабетіне шалдыққан.
Қазіргі дерекке сай, Ресейде 147 адамнан вирус табылды. Үшеуі дерттен айыққан.
Нұр-Сұлтанда жеті адамнан коронавирус табылды
Қазақстан астанасында тағы жеті адамнның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Бұл туралы 19 наурызда түске қарай Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
- 25-52 жас аралығындағы жеті қазақстандық коронавируспен ауырғандармен байланыста болып, өздеріне жұқтырған. Қазір стационарда карантинде емделіп жатыр. Барлығының жағдайы - жақсы, - деді министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріп.
Қазақстан коронавирус жұқтырғандар саны 44-ке жетті: 19 адам - Алматыда, 25 адам Нұр-Сұлтанда емделіп жатыр.
Алматыда коронавирустан ауырғандардың бірінің жағдайы - орташа ауыр
19 наурызда Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тілеухан Әбілдаев коронавирус жұқтырып жергілікті ауруханада жатқан науқастардыңбірінің жағдайы - орташа ауыр екенін айтты.
"Науқас коронавирус инфекциясына байланысты бізде бірнеше күн емделген. Оның анықтамасында обструктивті бронхит бар екені жазылған. Ол үнемі жөтелетінін айтып шағымданады. Бұл ауру белгісі деп санаймыз және оның жағдайын орташа ауыр деп бағалаймыз" деді ол.
Оның сөзінше, Алматыдағы қалған 18 науқастың жағдайы орташа. Олардың 16-ы - қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында, екі бала және бір баланың анасы (одан да коронавирус табылған) балалар жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп жатыр.
Қазақстанда коронавирус жұқтырған 37 науқас бар.
АҚШ конгресінің екі мүшесіне коронавирус жұққан
АҚШ конгресі өкілдер палатасының екі мүшесі – Марио Диас-Балард (Флорида) және Бен Макадмс (Юта) коронавирус жұқтырып алғаны туралы хабарлады. Диас-Балард Twitter әлеуметтік желісіндегі парағына өзін жақсы сезінетінін жазып, ел тұрғындарын вирусқа "өте мұқият" қарауға шақырған. Макадамс отандастарын "бұл дағдарыстан шыңдалып шығуға" үндеген.
Екі саясаткер тұмауратқан соң дәрігерге қаралған кезде коронавирус жұқтырғаны анықталған. Қазір олар өз-өзін оқшаулап, үйінде жатыр. Оларға вирус қалай жұққаны әзірге белгісіз.
Конгресс мүшелері арасында коронавирус жұқтырғандар алғаш рет тіркеліп отыр. Қазіргі кезге АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар 9,5 мыңнан асып кетті, 955 адам қаза болған. 100-ден астам науқас дерттен айыққан.