Нұр-Сұлтанда тағы екі адамнан коронавирус табылды
Нұр-Сұлтанда тағы екі адамнан коронавирус табылды деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.
24 наурыз таңертеңгі дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус жұққан науқастар саны 64 адамға жетті. Алматыда - 26 адам, Нұр-Сұлтанда - 34 адам, Қарағандыда - 2 адам, Алматы облысында - 1, Ақтөбе облысында 1 адам емделіп жатыр.
Әлемдегі жағдай. Бір күнде Италияда 602 адам, Испанияда 434 адам көз жұмды
- 23 наурызда әлемде коронавирус жұқтырғандар 350 мыңға жетіп, 15 мыңдай адам көз жұмды.
- Италияда кейінгі 24 сағатта тағы 4790 адамнан вирус табылып, 602 адам бақилық болды. Қазір бұл елде 63928 адам дертке шалдығып, 6078 адам қаза тапты.
- Испанияда бір күнде 2026 адам дертке шалдығып, 434 адам қаза тапты. Қазір бұл ел адам вирустан 2026 адам өлімі қайтыс болды. Испания адам өлімі бойынша Иранды (1812 адам) озып, Италия (6078) мен Қытайдан (3270) кейінгі үшінші орынға шықты.
- АҚШ-та вирус жұқтырғандар қырық мыңға жетті. 480-нен астам адам опат болды. Қазір бұл ел вирус жұқтырғандар саны бойынша Қытай мен Италиядан кейінгі үшінші орында.
ДДСҰ: Коронавирус пандемиясы өршіп барады
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Женевадағы брифингте коронавирус пандемиясы өршіп бара жатқанын айтты.
“67 күнде вирус жүз мың адамға жұқты. Ал келесі жүз мың адамға вирус 11 күнде жұқты. Кейінгі төрт күнде вирус табылғандар саны үш жүз мыңға жетті” деді ол.
ДДСҰ директоры “пандемияның траекториясын өзгерте аламыз” деп үміттенеді.
Тедрос Адханом Гебрейесус G20 елдерін бірігіп, пандемиямен күресуге шақырды.
Қазір әлемде 350 мың адам вирус жұқтырып, 14500 адам қайтыс болды. 98 мың адам аурудан жазылды.
Нұр-Сұлтанда вирус жұққан бір адам жасанды аппаратпен демалып жатыр
Нұр-Сұлтанда коронавирус табылған 32 адамның бірі қазір жасанды аппаратпен демалып жатыр. Бұл туралы 23 наурызда брифингте қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Кисикова мәлімдеді.
Оның сөзінше, науқастан пневмония анықталған, қазір ауа жетпегендіктен аппаратпен демалып жатыр.
Кисикова 22 наурыз түнгі 12 мен 23 наурыз таңғы алты арасында Нұр-Сұлтанға келген 13 халықаралық рейстің 1104 жолаушысы оқшауланғанын айтты.
“Тоғыз рейспен келген 788 жолаушыдан коронавирусқа байланысты анализ алдынды. Барлығының анализі таза, вирус табылған жоқ” деді ол.