Коронавирус Маңғыстау облысына да жетті
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 27 наурыз 18:45-тегі дерегіне сай, Маңғыстау облысында бір адамнан коронавирус табылды.
Елде қазір 126 адамға вирус жұққаны анықталды: Алматыда - 48 адам, Нұр-Сұлтанда - 61 адам, Қарағандыда - төрт адам, Жамбыл облысында - үш адам, Шымкентте - екі адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам, Солтүстік Қазақстан облысында - бір адам, Атырау облысында - үш адам, Павлодар облысында, Маңғыстау обылсында бір адам.
26 наурыз кешкісін Нұр-Сұлтанда 64 жастағы бір әйел адам Covid-19 дертінен қайтыс болды. 25 наурызда Алматыда бір, Нұр-Сұлтанда бір науқас дертінен айыққан еді.
27 наурызда Павлодар, Атырау және Маңғыстау облысында коронавирус алғаш рет тіркелді.
Адам үйде отырмаса, оқшауланбаса, вирус қалай тарайды? Көз сала отырыңыз.
Атырау облысында вирус жұқтырғандар қайдан келген?
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы коронавирус табылған үш адамның екеуі шетелден келгенін, біреуі Нұр-Сұлтанда болғанын хабарлады.
- Бірінші науқас 21 наурызда Нұр-Сұлтан - Атырау рейсімен қалаға ұшып келген. 26 наурызда одан жедел респираторлық вирустық инфекция белгілері байқалып, анализ алынды. Анализінен коронавирус табылды, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Байтолла Ғазизов жұма күнгі брифингте.
Оның айтуынша, екінші науқас 17 наурызда Стамбулдан Алматы арқылы Атырауға ұшып келген. Нұр-Сұлтанда вирус табылған адамдармен байланыста болғандықтан тексеруден өткен.
Үшінші науқас 26 наурызда Амстердам - Атырау рейсімен ұшып келген. Ұшақта болған жолаушылар карантинге жіберіліп, анализ алынған.
"Қазір олардың жағдайы орташа, карантинде жатыр. Дәрігерлер бақылауында. Олармен байланысқан адамдарды оқшаулау жұмысы жалғасып жатыр" деді Ғазизов.
27 наурызда түстен кейін Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі Атырау облысынан алғашқы үш адамнан коронавирус табылғанын хабарлаған еді.
Ұлыбритания премьері Борис Джонсоннан коронавирус табылды
Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон коронавирус жұқтырған. Бұл туралы Джонсонның өзі Twitter парақшасында хабарлады.
"Кейінгі 24 сағат ішінде аздап симптомдар байқала бастады. Кейін анализімнен коронавирус табылды. Қазір карантинде боламын және үкіметтегі жұмысымды видеоконференция арқылы жалғастыра беремін" деп жазды ол твитінде.
Қазір Ұлыбританияда 11 мыңнан астам адамнан коронавирус табылды. 578 адам қайтыс болды. Елде қазір карантин.