Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

07:39 7.6.2020

Қазақстанда бір күнде 183 адамнан коронавирус табылды, 232 адам жазылды

Өткен тәулікте Қазақстанда 183 адамнан коронавирус табылды. Нұр-Сұлтан қаласында - 38, Алматы қаласында - 29, Қарағанды облысында - 24, Батыс Қазақстан облысында 21 жаңа науқас анықталған. Жалпы өсім 1,5 пайызды құраған. Бұл туралы 7 маусымда таңертең денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Елде барлығы 12 694 адамға вирус жұққан:

  • Алматы қаласы – 29 (Барлығы 2850)
  • Нұр-Сұлтан қаласы - 38 (Барлығы 2454)
  • Атырау облысы – 6 (Барлығы 1202)
  • Шымкент қаласы – 10 (Барлығы 942)
  • Қарағанды облысы – 24 (Барлығы 1129)
  • БҚО – 21 (Барлығы 805)
  • Жамбыл облысы – 2 (Барлығы 423)
  • Түркістан облысы – 3 (Барлығы 395)
  • Алматы облысы – 4 (Барлығы 426)
  • Қызылорда облысы – 5 (Барлығы 461)
  • Ақтөбе облысы – 13 (Барлығы 401)
  • Павлодар облысы – 15 (Барлығы 257)
  • Маңғыстау облысы – 2 (Барлығы 325)
  • Ақмола облысы – 1 (Барлығы 175)
  • Қостанай облысы – 2 (Барлығы 200)
  • ШҚО – 8 (Барлығы 185)
  • СҚО – 0 (Барлығы 64)

Министрлік бір күн бұрын коронавирус жұққан, бірақ симптомы жоқ науқастар негізгі статистикаға енгізілмейді деп хабарлаған болатын. Олардың саны ресми хабарламада айтылмаған. Министрліктің айтуынша, күн сайын анықталатын науқастардың 60 пайызына жуығы - инфекцияны симптомсыз тасымалдаушылар.

Оқи отырыңыз: Қазақстан вирус жұққан, ауру белгілері жоқ науқастарды негізгі статистикаға енгізбейді

Бір күнде 232 адам жазылған. Барлығы 7135 адам айыққан. 53 адам қайтыс болған.

22:15 6.6.2020

Тоқаевтың баспасөз хатшысынан коронавирус табылды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында коронавирус жұқтырғанын хабарлады. Уәли 5 маусымда тапсырған анализінен вирус табылғанын, ауруханада емделіп жатқанын жазды.

"Қазір ауруханада, дәрігерлердің қарауында жатырмын. Жағдайым бір қалыпты. Аса алаңдайтындай емес" деді ол.

Уәли Тоқаев белгіленген кестеге сай жұмыс істеп жатқанын айта келе, "оның денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ" деп жазды. Баспасөз хатшысының жазуынша, Тоқаев үнемі тест тапсырып, қорытындысын алып отыр. Уәли Ақордада санитарлық режим күшейтіліп, қауіпсіздік шаралары қатайтылғанын да хабарлады.

43 жастағы Берік Уәли 2019 жылдың наурызынан бері Тоқаевтың баспасөз хатшысы. 2019 жылы наурызда елді отыз жылдай басқарып президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев (қазір Қауіпсіздік кеңесінің басшысы ретінде биліктің бір тармағын ұстап отыр) өз орнын Тоқаевқа тапсырған соң Берік Уәли Ақорданың баспасөз қызметіне келген.

Бұл қызметке дейін ол республикалық арналарда журналист, инвестиция және даму министрлігінің ақпарат департаментінің директоры әрі министр кеңесшісі болды. Биліктегі "Нұр Отан" партиясы басшысы бірінші орынбасарының кеңесшісі қызметін де атқарды.

21:10 6.6.2020

БҚО-да бір адам коронавирустан қайтыс болды

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі БҚО-да 68 жастағы әйел адамның коронавирустан қайтыс болғанын мәлімдеді.

Министрліктің ақпаратынша, өлім-жітімдерді зерттеу жөніндегі комиссия үш марқұмның өлімін коронавирус инфекциясынан қайтыс болған деген шешім қабылдады.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, зейнеткер 27 мамырдан бері жансақтау бөлімінде жатқан. 30 мамырда жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Ал 3 маусымда көз жұмды.

"Науқас қант диабетімен және басқа да дерттермен ауырған. Ауруханаға түскенде жөтел, ентігу және бас ауруы болды" деді басқарма.

Марқұм - БҚО коронавирустан көз жұмған екінші адам. Бұған дейін Теңіз кенішінде жұмыс істеген 53 жастағы ер адам қайтыс болған.

Қазақстанда, ресми мәліметке сай, коронавирустан 53 адам көз жұмды. Денсаулық сақтау министрлігі елде коронавирус жұқтырған кем дегенде 37 адамды "басқа дерттен қайтыс болды" деп, ресми статистикаға қоспады.
 
 
15:00 6.6.2020

Қазақстан вирус жұққан, ауру белгілері жоқ науқастарды негізгі статистикаға енгізбейді

Қазақстан коронавирус жұққан, бірақ ауру белгілері жоқ науқастарды негізгі статистикаға қоспай, олардың есебін бөлек жүргізеді. Бұл туралы 6 маусымда денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. 

"Бұл халықаралық тәжірибені түрлі елдер қолданып келеді. Бұлай бөлудің себебі - симптоматикалық емдеуді қажет ететін науқастардың саны бойынша жағдайды көрсету. Сонымен қатар COVID-19 ауруының клиникалық белгілері жоқ адамдар айналасындағыларға елеулі эпидемиологиялық қауіп төндіреді" делінген ресми хабарламада. 

Коронавирусты анықтайтын тес орталығы. Алматы, мамыр айы 2020 жыл.
Коронавирусты анықтайтын тес орталығы. Алматы, мамыр айы 2020 жыл.

Ресми мәлімет бойынша, 3-5 маусым аралығында ауру белгілері байқалмаған 687 адам анықталған. Осы уақыт аралығында симптомы бар 705 науқас тіркеліп, ресми дерекке енгізілген. Күн сайын анықталған науқастардың 60 пайызына жуығы - инфекцияны симптомсыз тасымалдаушылар дейді министрлік. 

Өткен аптаның соңы және осы аптаның басында елде бір күнде вирус жұқтырғандар саны рекордтық көрсеткішке (450) жеткен. Егер симптомы жоқ науқастар қосылғанда олардың саны 500-ге дейін жетеді. 

Сәуір айының соңында індет өршіп, коронавирустан қайтыс болғандар саны артқан шақта денсаулық сақтау министрлігі коронавируспен байланысты адам өлімі статистикасын вирустан қайтыс болғандар және өліміне коронавирус себеп болмағандар деп екі бөлек жүргізе бастаған. Бірақ соңғысының статистикасы көпке дейін айтылмай келген.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирустан 37 адам қайтыс болған. Шын мәнінде одан көп пе?

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 12 511 адамнан коронавирус табылған. Бұған қоса, коронавирус жұққан, бірақ симптомы жоқ 687 науқас бар. 6903 адам жазылған. 52 адам қайтыс болған. Одан бөлек, министрліктің айтуынша, коронавирус жұққан 37 адамның өлімінің басты себебі COVID-19 емес. 

Тағы

XS
SM
MD
LG