Пашинян коронавирус жұққан науқастардың ауруханаларда орын босауын күтіп отырғанын хабарлады
Армения премьер-министрі Никол Пашинян пандемия кезінде емдеу мекемелері толып кеткендіктен коронавирус жұққан шамамен 200 науқас ауруханаларда орын босауын күтіп отыр деп мәлімдеді.
"Қаншалықты ащы болса да бәріңізге коронавирус жағдайына байланысты шындықты айтуға міндеттімін. Қазір республикада коронавирус жұққан шамамен 200 науқас аурухананың босауын күтіп отыр" деді ол 6 маусым күнгі брифинг кезінде.
Пашинянның айтуынша, аурухананың босауын күткен СOVID-19 диагнозы қойылған бір пациент үйде қайтыс болған. Интенсивті терапияға зәру болған екі науқас реанимация бөліміне жете алмай, көз жұмған.
Бұған дейін премьер-министрдің өзіне коронавирус жұққаны хабарланған еді. Ол денсаулық сақтау жүйесінің жағдайы күрделі екенін айтып "Тозақты өткеріп жатырмыз" деді.
6 маусымда денсаулық сақтау министрлігі елде бір күнде 547 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Шамамен 3 млн халқы бар Арменияда 12 364 адамға коронавирус жұққан.
Билік бір күнде 7 адамның COVID-19-дан қайтыс болғанын мәлімдеді. Барлығы 190 адам көз жұмған.
Арменияда сәуір айының ортасында карантин шаралары жұмсарғаннан кейін науқастар саны көбейген.
Әлемде коронавирустан қайтыс болғандар 400 мыңнан асты
Әлемде коронавирустан қайтыс болғандар 400 мыңнан асты. 7 маусым күнгі мәлімет бойынша, вирус жұқтырғандар 7 миллионнан асқан. Латын Америкада әлі індеттің беті қайтқан жоқ және халық тығыз шоғырланған Үндістан мен Индонезияда жаңа науқастар көбейген.
Коронавирус ошағы дамушы елдерге қарай ойысып жатыр, ал Шығыс Азия және Еуропада COVID-19-бен байланысты адам өлімінің азайғаны байқалады. Еуропаның көптеген мемлекеттері экономиканы дамытуды қолға алып, шекараларын біртіндеп ашуға талпынып жатыр.
6 маусымда Үндістанда бір күнде науқастар саны бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті. Елде барлығы 236 мың адамға вирус жұққан. Үндістанда негізінен вирус тарау қаупі жоғары аумақта карантин енгізілген, дүйсенбі күні елде сауда орындары, діни нысандар ашылады деп айтылады.
Индонезияда бір күнде мың шақты адамнан коронавирус табылды. Бұл эпидемия басталғалы бергі рекордтық көрсеткіш. 270 млн тұрғыны бар арал мемлекетте барлығы 30 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған. 1801 адам қайтыс болған.
АҚШ-та COVID-19-дан 109 мыңнан астам адам қайтыс болған. 1,9 млн-нан астам адамға вирус жұққан. Денсаулық сақтау саласы мамандарының айтуынша, елде індет екі факторға байланысты басылмай отыр: кәсіпорындардың жұмыс істей бастауы және нәсілшілдікке қарсы жаппай наразылық, полицияның қызмет өкілетін асыра пайдалануы.
Қазақстанда коронавирус жұққан мыңнан астам адам негізгі статистикаға енгізілмеген
Қазақстанда коронавирус жұққан, бірақ ауру белгілері жоқ адамдар саны 1044-ке жеткен. Бұл туралы 7 маусымда таңертең денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Ведомство 3 маусымнан бастап симптомы жоқ науқастарды негізгі статистикаға енгізбей, бөлек есептейтінін хабарлаған еді.
6 маусымда елде "ауру белгілері" байқалмаған осындай 357 адам анықталған. Бұл "ауру белгілері бар науқастардан" шамамен екі есеге көп. Жексенбі күні министрлік өткен тәулікте 183 науқас анықталды деп хабарлаған.
Министрліктің мәліметінше, "ауру белгілері" байқалмаған адамдар төмендегі облыс және қалалардан анықталған:
- Нұр-Сұлтан —141,
- Алматы — 95,
- Шымкент — 131,
- Ақмола облысы — 13,
- Ақтөбе облысы — 17,
- Алматы облысы — 73,
- Атырау облысы — 65,
- Шығыс Қазақстан облысы — 48,
- Жамбыл облысы — 16,
- Батыс Қазақстан облысы — 136,
- Қарағанды облысы — 102,
- Қостанай облысы — 5,
- Қызылорда облысы — 48,
- Маңғыстау облысы — 71,
- Павлодар облысы — 10,
- Солтүстік Қазақстан облысы — 40,
- Түркістан облысы — 33.
Сәуір айының соңында індет өршіп, коронавирустан қайтыс болғандар саны артқан шақта денсаулық сақтау министрлігі коронавируспен байланысты адам өлімі статистикасын да вирустан қайтыс болғандар және өліміне коронавирус себеп болмағандар деп екі бөлек жүргізе бастаған. Бірақ соңғысының статистикасы көпке дейін айтылмай келген.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирустан 37 адам қайтыс болған. Шын мәнінде одан көп пе?
Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 12 694 адамнан коронавирус табылған. Бұған қоса, коронавирус жұққан, бірақ симптомы жоқ 1044 адам бар. 7135 адам жазылған. 53 адам қайтыс болған. Одан бөлек, министрліктің айтуынша, коронавирус жұққан 37 адамның өлімінің басты себебі COVID-19 емес.
БҚО-да коронавирустан қайтыс болған әйелде ілеспе аурулар болған
6 маусымда түнде Батыс Қазақстан облысында коронавирустан 68 жастағы әйел адамның қайтыс болғаны белгілі болды. Қазақстанда ресми түрде осымен 53 науқас коронавирустан көз жұмды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, зейнеткер 27 мамырдан бері реанимация бөлімінде жатқан. Денсаулығы нашарлағаннан кейін 30 мамырда жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. 3 маусымда қайтыс болған.
"Пациентте ілеспе аурулар болды, орташа дәрежедегі қант диабеті және өзге аурулар. Ауруханаға түскен кезде жөтеліп, демігіп, бас ауруына шағымданған" деді денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.
Ресми мәлімет бойынша, Батыс Қазақстан облысында 784 адамнан коронавирус табылған, екі науқас қайтыс болған. Өткен аптада Оралда Теңіз кенішінде вахталық әдіспен жұмыс істеген 53 жастағы ер адам коронавирустан қайтыс болды.
Қазақстанда ресми мәлімет бойынша, коронавирустан 53 адам қайтыс болған. 4 маусымда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұққан 37 науқас "өзге аурулардан" қайтыс болды, коронавирус инфекциясы оларда ілеспе ауру түрінде кездескен деп мәлімдеді.
Азаттық тілшілері өткен аптада Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентте коронавирустан көз жұмған адамдар туралы ресми дерек пен вирус жұқтырғандар зиратына жерленгендер саны арасында айырмашылық барын анықтаған болатын.
Әлем елдерінің басым бөлігі коронавирус жұққан қайтыс болған барлық науқастарды негізгі статистикаға енгізеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осындай кеңес берген.