Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

16:33 8.6.2020

Qazaqstan арнасының 24 қызметкерінен коронавирус табылды

 

Qazaqstan телерадиокорпорациясының Алматы қаласындағы 24 қызметкері коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Бұл туралы Алматы қаласы тауарлар мен қызметтер сапасын және қауіпсіздігін тексеру департаментіне сілтеме жасап, KazTag агенттігі хабарлады.

Агенттік ақпаратына сай, COVID-19 корпорация қызметкерлерінен профилактикалық тексеру кезінде анықталған. Вирус жұқтырғандармен байланыста болған адамдар және Qazaqstan корпорациясымен бір ғимаратта орналасқан “Еуразия” арнасы қызметкерлері тексерілген.

Вирус жұқтырғандардың қаншасы журналист екені белгісіз.

22 мамыр күні Нұр-Cұлтан қаласында бірнеше бұқаралық ақпарат құралы орналасқан “Қазмедиа орталығынан” коронавирус жұқтырғандар анықталып, қатаң карантин тәртібі енгізілген. Орталықта орналасқан “Еуразия” арнасының екі қызметкерінен коронавирус табылған еді.

6 маусым Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли де өзіне коронавирус жұққанын хабарлаған.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда COVID-19 ауруы 12 859 адамнан анықталған. Денсаулық сақтау министрлігі 6 маусымнан бастап, коронавирус жұқтырып, бірақ бойында аурудың белгілері жоқ адамдарды ресми статистикаға қоспайтынын мәлімдеді. Министрліктің айтуынша, елде ауру белгілері жоқ адамдардың саны – 1357.

Қазақстанда коронавирус жұқтырған алғашқы адам 13 наурызда тіркелген. 7484 адам жазылып шықты. 56 адам коронавирустан қайтыс болды.

Азаттық пен 31 телеарна Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында вирустан қайтыс болғандарды жерлейтін зиратта жерленгендер саны ресми деректегіден көп екенін анықтаған еді.

Осыдан кейін, 4 маусым күні Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырған 37 адам "өзге дерттен қайтыс болды" деген. Бұл марқұмдар ресми статистикаға енбеді.

13:33 8.6.2020

 

Бішкек: Кейбіреулердің коронавирусты қалай жұқтырғаны белгісіз қалып отыр

Бішкектің сауда орталығына келген адам антисептик пайдаланып тұр. Көрнекі сурет.
Бішкектің сауда орталығына келген адам антисептик пайдаланып тұр. Көрнекі сурет.

Қырғызстанда кей азаматтардың COVID-19 вирусын қалай жұқтырғаны белгісіз қалып отыр деп мәлімдеді елдің денсаулық сақтау министрінің орынбасары Нурболот Усенбаев. Оның сөзінше, бұл санитарлық талаптардың сақталмай отырғанын көрсетеді.

"Ереже талаптарын көп бұзатыны байқалады: маска тақпайды, арақашықтықты сақтамайды. Вирусты қалай жұқтырғаны белгісіз адамдардың арасында базарда жұмыс істейтіндер, банк қызметкерлері бар. Санитарлық талаптарға жауапкершілікпен қарау керек, әйтпесе оның соңы вирусты жұқтырғандардың көбеюіне апарып соғады", - деген Усенбаев ел астанасы Бішкекте карантин әлі күшінде екенін ескертті.

Кейінгі тәулікте COVID-19 бары анықталған 25 адамның 10-ына вирустың қалай жұққаны белгісіз екені хабарланған.

Қырғызстанда коронавирус тарағалы 400 медицина қызметкеріне COVID-19 жұққан, оның 282-і дерттен айыққан.

Елде вирус жұқтырғандар 2032 адамға жеткен, 1445 науқас дерттен жазылған, 23 адам қайтыс болды.

 

09:00 8.6.2020

Қазақстанда коронавирус жұққан жүздеген адам анықталды

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.


Кейінгі бір тәулікте Қазақстанда COVID-19 жұқтырған 165 адам анықталды. Бұдан бөлек, вирус жұққанымен оның белгісі сырттай білінбейтін 313 адам тіркелген. Бұл туралы 8 маусымда таңертең денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Өткен аптада Қазақстан билігі вирус жұқтырғандарды ауру белгісі білінетін және білінбейтін екі топқа бөліп, әрқайсының есебін жеке жүргізетінін мәлімдеген.

Жексенбі күні денсаулық сақтау министрлігі елде коронавирустан тағы 3 адам көз жұмғанын, коронавирустан қайтыс болғандардың жиынтығы 56 адамға жеткенін хабарлаған. Оның алдында Азаттық тілшілері Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкентте коронавирустан қайтыс болғандар туралы ресми дерек пен вирус жұқтырғандар зиратына жерленгендер саны арасында айырмашылық барын анықтаған еді. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұққан тағы 37 науқас "өзге аурулардан" қайтыс болды, коронавирус инфекциясы оларда ілеспе ауру түрінде кездескен деп мәлімдеді.

Әлем елдерінің басым бөлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесі бойынша, коронавирус жұғып қайтыс болған барлық науқастарды негізгі статистикаға енгізеді.

Ресми мәліметке сай, Қазақстанда 13 наурыздан бері коронавирусты 12859 адам жұқтырған, оның 7376-сы жазылған. Бұдан бөлек, елде індет белгілері сырттай білінбейтін 1357 адам анықталған.

21:45 7.6.2020

Қазақстанда коронавирустан үш адам қайтыс болды

Павлодар облысында - 1957 жылы туған ер адам, Атырау облысында - 1948 жылы туған әйел адам, Қарағанды облысында 1963 жылғы ер адам коронавирустан қайтыс болды. Бұл туралы 7 маусымда түнде денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. 

Медицина қызметкерлері. Көрнекі сурет.
Медицина қызметкерлері. Көрнекі сурет.

Адам өлімін зерттеу комиссиясы науқастар коронавирустан қайтыс болды деген шешім қабылдаған. Науқастар туралы басқа ақпарат айтылмайды. 

Қазақстанда ресми мәлімет бойынша, коронавирустан 56 адам қайтыс болған. 4 маусымда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұққан 37 науқас "өзге аурулардан" қайтыс болды, коронавирус инфекциясы оларда ілеспе ауру түрінде кездескен деп мәлімдеді.

Азаттық тілшілері өткен аптада Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентте коронавирустан көз жұмған адамдар туралы ресми дерек пен вирус жұқтырғандар зиратына жерленгендер саны арасында айырмашылық барын анықтаған болатын.

Әлем елдерінің басым бөлігі коронавирус жұққан қайтыс болған барлық науқастарды негізгі статистикаға енгізеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осындай кеңес берген.

Тағы

XS
SM
MD
LG