Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

14:44 1.8.2020

ДСМ 5 жасқа дейінгі балаларға маска тақпауға рұқсат берді

Су бұрқағында ойнап жүрген балалар. Көрнекі сурет.
Су бұрқағында ойнап жүрген балалар. Көрнекі сурет.

31 шілде күні Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 5 шілде күнгі "Санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру мен жүргізудің кейбір мәселелері туралы" бұйрығына өзгеріс енгізіп, бес жасқа дейінгі балаларға маска тақпауға рұқсат берді. Сондай-ақ бұдан былай әлеуметтік қашықтықты ұстана отырып дәмханада тамақтану және далада спортпен шұғылдану кезінде де маска тағу міндетті емес.

Бұйрықтың 10 тармағының 7 тармақшасына сәйкес, қоғамдық орындарда және ғимарат ішінде және қоғамдық көлікте бес жасқа дейінгі балалардан басқаның бәрі маска тағуы тиіс. Қоғамдық тамақтану орнында әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып тамақтану кезінде маска тағу міндетті емес.

Дәл сол тармақтың 9 тармақшасына сәйкес, ашық аспан астындағы қоғамдық орындарында маска тағу шарт. Бұл талаптан бес жасқа дейінгі балалар мен әлеуметтік қашықтықты ұстана отырып жеке өзі не бес адамнан аспайтын топта спорттық жаттығулар жасайтын адамдар босатылған.

Осыған дейін Қазақстан бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетованың 27 шілдедегі қаулысымен маска тағу далада жүргендерге де міндеттелген болатын. Кейіннен денсаулық сақтау министрі Алексей Цой масканы балалар да, жаңа туған нәрсетелер де тағуы тиіс деді.

Денсаулық сақтау министрлігі шешімін халықаралық тәжірибені зерттегеннен кейін барып өзгерткенін мәлімдеді.

"АҚШ, Австралия, Ұлыбритания, Франция, Польша, Германия, Испания және Сингапур елдерінің тәжірибесі зерттелді. АҚШ-та маска тағуды міндеттемеу жасы әр штатта әртүрлі (Массачусетс, Иллионойс, Вермонт, Род-Айленд, Пенсильвания, Колумбия округі, Нью-Йорк қаласында екі жастан төмен, Делавэр штатында 11 жастан төмен). Германияда көптеген аймағында 6 жастан төмен, Саксония-Анхальтте 2 жастан төмен, ал қалған аймақтарда ешқандай жас белгіленбеген; Австралияда 12 жас, Ұлыбританияда 3 жас, Испанияда 3-5 жас", делінген министрлік хабарламасында.

14:44 1.8.2020

БАҚ: миллиардер Усманов Өзбекстан дәрігерлеріне үстемақы төлеу үшін миллиондаған доллар бөлді

Әлішер Усманов.
Әлішер Усманов.

Ұлты өзбек ресейлік миллиардер Әлішер Усманов Өзбекстанның коронавирус инфекциясымен күресіп жатқан медқызметкерлеріне 100 миллиард сом (шамамен 10 миллион доллар) бөлді. Бұл туралы елдегі UZA.uz мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлады.

Дәрігерлерге бес миллион сомнан (500 доллар), орта медицина қызметкерлеріне төрт миллион сомнан (400 доллар), көлік жүргізушілеріне үш миллион сомнан (300 доллар) беріледі деп жоспарланып отыр. Үстемақыны тек 1 маусымға дейін жұмысқа алынған қызметкерлер алады.

Ресми дерек бойынша, эпидемия басталғалы Өзбекстанда 22 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Ауру салдарынан 130-дан астам адам қайтыс болған. Алайда бейресми дереккөздер шынайы сандар бұдан жоғары деген пікір айтады. Шілде айында ауруға шалдыққандар саны күрт көбейіп, үкімет қатаң карантин шектеулерін енгізді.

Әлішер Усманов – USM Holdings компаниясы мен "Коммерсант" баспа үйінің негізгі акционері. Forbes журналының Ресейдегі ең бай кәсіпкерлер тізімінде Усманов жетінші орында тұр. 2015-2019 жылдары ол қайырымдылық мақсатына 1,3 миллиард доллар жұмсаған, оның 400 миллион доллары 2019 жылдың үлесінде.

2018 жылдың басында АҚШ қаржы министрлігі Әлішер Усмановқа қарсы жеке экономикалық санкция салды. Оны Ресейдегі Кремльмен байланысы бар, саяси беделі ең жоғары олигархтардың бірі деп атады. АҚШ қаржы министрлігі сондай-ақ Усмановтың меншігіне Ресейдің бірқатар белді басылымдары кіреді деп атап өткен. New York Times, Guardian және тергеу журналистері консорциумының зерттеуінше, Әлішер Усманов Facebook желісіне 200 миллион доллар қаражат құйған.

09:14 1.8.2020

Қазақстанда бір күнде 1,3 мың адамнан коронавирус анықталды

Медицина қызметкері Covid сынамасын алатын орталықта. Алматы, 14 мамыр 2020 жыл.
Медицина қызметкері Covid сынамасын алатын орталықта. Алматы, 14 мамыр 2020 жыл.

31 шілде күні Қазақстанда 1289 адамнан коронавирус анықталған. Вирус жұқтырған 708 адамда ауру белгілері байқалған. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Тәулік көрсеткіші бойынша көш басында әдеттегідей Алматы және Нұр-Cұлтан қалалары. Бұл қалаларда бір күнде екі жүзден астам адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған. Одан кейінгі орындарда Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары. Бұл екі облыста бір күнде жүзден астам науқас тіркелген. Ең төменгі көрсеткіш Қызылорда (16) мен Ақтөбе (24) облыстарында.

Өткен тәулікте республика бойынша шілде айындағы ең төменгі көрсеткіш тіркелді. Алайда көрсеткіштің төмендеуі ауру белгісі жоқ науқастар есебінен болып отыр. Ал ауру белгісі бар науқастардың тәуліктік көрсеткіші шілденің алғашқы күндерімен салыстырғанда керісінше жоғарылаған.

Қазақстанда эпидемия басталғалы вирус жұқтырғаны расталғандар саны 90 367-ге жетті

Алматы қаласында - 11873 (+211 адам жаңадан қосылды),
Нұр-Сұлтан қаласында -11254 (+226),
Атырау облысында - 10287 (+45),
Қарағанды облысында - 8623 (+110),
Шығыс Қазақстан облысында - 6373 (+111),
Батыс Қазақстан облысында - 5789 (+76),
Шымкент қаласында - 4895 (+26),
Алматы облысында - 4375 (+55),
Жамбыл облысында - 3542 (+50),
Павлодар облысында - 3209 (+84),
Солтүстік Қазақстан облысында - 3102 (+64),
Ақтөбе облысында - 3045 (+24),
Қызылорда облысында -2984 (+16),
Маңғыстау облысында - 2907 (+32),
Түркістан облысында - 2789 (+39),
Қостанай облысында - 2679 (+64),
Ақмола облысында - 2641 (+56).

Ресми дерекке сәйкес, коронавирустан жазылып шыққандар саны өткен тәулікте 1308-ге артып, 60 825-ке жеткен. Аурудан 793 адам қайтыс болған. Мамандар шынайы сандар бұдан жоғары деген пікір айтады.

18:20 31.7.2020

Пандемия үдей түсті. Коронавирус жұқтырғандар әлем бойынша 17,2 миллионнан асты

Үндістан медқызметкері кішкентай баладан Covid сынамасын алып жатыр. 23 шілде 2020 жыл.
Үндістан медқызметкері кішкентай баладан Covid сынамасын алып жатыр. 23 шілде 2020 жыл.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде коронавирус жұқтырғаны расталған адамдар саны 17,2 миллионнан, одан қайтыс болғандар саны 672 мыңнан асты. Пандемия үдей түсті: кейінгі төрт күнде коронавирус миллионнан астам адамнан анықталды.

Вируст жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандардың саны жөнінен бірінші орында – АҚШ. Елдегі вирус жұқтырғаны расталғандар саны 4,5 миллионға жуықтады, аурудан қайтыс болғандар 155 мыңнан асты. 29 шілде күні АҚШ-та коронавирустан 1267 адамның қайтыс болғаны тіркелген.

29 шілде күні Бразилия билігі вирустан қайтыс болғандар саны 90 мыңнан асты деп мәлімдеді. Бразилия денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде жаңа рекорд орнаған: коронавирус жұқтырғаны расталғандар бір тәулікте 69 мың адамға артып, 1595 өлім тіркелген.

Вирус жұқтырғандар бойынша үшінші орында тұрған Үндістанда да рекорд жаңарды. Онда бір күнде 52 мың жаңа науқас тіркелген, ал вирус жұқтырғандардың жалпы саны 1,6 миллионға жақындаған. Коронавирустан 35 мыңға жуық адам қайтыс болған.

Ресей 30 шілде күні 5,5 мың жаңа науқас тіркелгенін хабарлады. Бұл елде вирус жұқтырғандардың жалпы саны 834 мыңнан асқан. Вирус жұқтырғандардың жалпы саны бойынша Ресей әлем бойынша төртінші орында. Ресми дерек бойынша, елде кейінгі тәулікте коронавирустан қайтыс болғандар 129 адамға артып, 13 802-ге жеткен.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG