Қазақстанда вирус жұқтырғандар 1500-ден асты
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 17 сәуір 22.50-де елде тағы 48 адамнан вирус табылғанын хабарлады. Олардың басым бөлігі Алматыда - 34 адам. Бұдан бөлек, Нұр-Сұлтан қаласында - 5 адам, Батыс Қазақстан облысында - 1 адам, Ақтөбе облысында - 5 адам, Жамбыл облысында 1 адам дертке шалдықты.
Қазір Қазақстанда 1546 адамға вирус жұқты:
- Алматы қаласы – 495
- Нұр-Сұлтан қаласы – 346
- Қызылорда облысы – 143
- Шымкент қаласы – 46
- Ақмола облысы – 81
- Ақтөбе облысы – 23
- Алматы облысы – 37
- Атырау облысы – 72
- Шығыс Қазақстан облысы – 8
- Жамбыл облысы – 54
- Батыс Қазақстан облысы – 33
- Қарағанды облысы – 87
- Қостанай облысы – 9
- Маңғыстау облысы – 12
- Павлодар облысы – 15
- Солтүстік Қазақстан облысы – 29
- Түркістан облысы – 56
Коронавирус жұққан "Роскосмостың" екі қызметкері қайтыс болды
Коронавирус жұққан "Роскосмостың" екі қызметкері ауруханада қайтыс болды. Олар 62 және 68 жаста болған. Бұл туралы "Роскосмос" жетекшісінің орынбасары Олег Фроловқа сілтеме жасаған ТАСС агенттігі хабарлады.
Коронавирус жұқтыруы мүмкін кәсіпорынның тағы бір қызметкері пневмониядан қайтыс болған. "Роскосмоста" барлығы 42 қызметкер COVID-19 ауруына шалдыққан. Бұған дейін ТАСС агенттігі құпия дереккөзіне сүйене отырып, "Энергия" зымыран-ғарыш корпорациясының бас конструкторы Евгений Микриннен коронавирус табылғанын хабарлаған.
Жұма, 17 сәуір күнгі мәлімет бойынша, Ресейде 32 008 адамнан коронавирус табылған. 273 адам қайтыс болған. 2590 адам жазылған. Ресейдің барлық аймағынан вирус табылған.
Шымкент: Жүйке аурулары диспансерінде вирус жұқтырғандар 6 адамға жетті
Шымкентте Түркістан облыстық жүйке аурулары диспансерінің алты медицина қызметкеріне коронавирус жұққан. Қалада вирус жұққан медицина қызметкерлерінің саны он адам болды. Бұл туралы Азаттыққа 17 сәуір күні қалалық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
Басқарма мәліметінше, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы жан сақтау бөлімінің – 3 қызметкерінен, Түркістан облыстық жүйке аурулары диспансерінің - 6 қызметкерінен, Түркістан облыстық «Ұлттық сараптама орталығына» қарасты вирусологиялық зертхананың 1 қызметкерінен коронавирус анықталған. Зертханашымен қарым-қатынаста болған оның 5 отбасы мүшесіне де вирус жұққан. Науқастардың барлығы оқшауланып, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдап жатыр.
Қалалық полиция департаментінің дерегінше, облыстық жүйке аурулары диспансері – қаладағы карантинге жабылған 10 ауру ошағының бірі. Күндіз-түні полиция күзететін диспансерге бөтен адамдардың кіріп-шығуына тыйым салынған.
«Облыстық жүйке аурулары диспансерінде 76 адам карантинде жатыр. Олардың 36-сы – медицина қызметкері, біреуі – күзетші, 39-ы – ем қабылдап жатқан науқас» делінген басқарма хабарламасында.
Шамамен бір апта бұрын Шымкент қаласының аумағында орналасқан Түркістан облыстық жүйке аурулары диспансерінің неврология бөлімінің үш медицина қызметкерінен коронавирус табылып, бөлім карантинге жабылған еді.
17 сәуірде бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова Қазақстанда барлығы 423 медицина қызметкеріне коронавирус жұққанын, төрттен бір бөлігі Шымкент қаласынан екенін айтқан.
Соңғы мәлімет бойынша, Шымкентте коронавирус жұқтырғандар саны 46 адамға жеткен. 3 адам қайтыс болып, 2 адам жазылған. Қала 4 сәуірден бері карантинге жабылған.
Қазақстанда тағы 45 адамнан коронавирус табылды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 18 сәуір таңертеңгі сағат 9:30-да тағы 45 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Нұр-Сұлтан қаласында - 4, Алматы қаласында - 9, Шымкент қаласында - 11, Түркістан облысында - 1, Ақтөбе облысында - 2, Атырау облысында - 4, Жамбыл облысында - 4, Батыс Қазақстан облысында - 6, Павлодар облысында - 2, Қарағанды облысында - 2 адамға вирус жұққан.
Қазақстанда вирус жұқтырғандар 1591 адамға жетті:
- Алматы қаласы – 504
- Нұр-Сұлтан қаласы – 350
- Қызылорда облысы – 143
- Қарағанды облысы – 89
- Ақмола облысы – 81
- Атырау облысы – 76
- Түркістан облысы – 57
- Жамбыл облысы – 58
- Шымкент қаласы – 57
- Солтүстік Қазақстан облысы – 29
- Алматы облысы – 37
- Батыс Қазақстан облысы – 39
- Ақтөбе облысы – 25
- Маңғыстау облысы – 12
- Павлодар облысы – 17
- Шығыс Қазақстан облысы – 8
- Қостанай облысы – 9
Коронавирустан 347 адам айыққан. 17 адам қайтыс болған.