Министрлік мамырдың соңына дейін Қазақстанда 4 мыңдай адамға вирус жұғады деп болжайды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің болжамынша, елде мамырдың соңына дейін төрт мыңдай адамға коронавирус жұғады. Бұл туралы 22 сәуірде өткен брифингте мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова айтты
“Қазір біз инфекция тарауының шырқау шегіндеміз. Болжамға сай, вирустың өсуі және түсуін үш айда, наурыз-мамырда бақылаймыз. Сәуірдің соңына дейін 2700 адамға, мамырдың соңына дейін 4000 адамға вирус жұғады деген болжам бар. Алдымызда тұрған мақсат – күнделікті өсімді бес пайызға, одан кейін бір пайызға дейін төмендету. Вирус жұқтырғандар санын 4000 деңгейінде ұстау үшін халық карантин ережесін сақтауы тиіс” деді ол.
22 сәуір 19.35-тегі мәліметке сай, Қазақстанда 2070 адамға вирус жұқты. 515 адам дерттен айықты. 19 адам қайтыс болды.
Есмағамбетованың сөзінше, қазір елде вирус жұқтырған алты адамның халі өте ауыр, 21 адамның жағдайы ауыр, 13 адамның жағдайы орташа ауыр. Вирус жұқтырғандардың 60 пайызында симптом аз я байқалмайды.
“Елде 652 медқызметкерден коронавирус табылды. Олардың ішінде кейбірінің жағдайы орташа. Ауыр халде жатқандар жоқ” деді Есмағамбетова.
Вирус жұқтырған медқызметкерлердің басым бөлігі Алматыда – 375. Алматыдағы орталық қалалық клиникалық аурухана вирус ошағына айналып, қазір бұл медицина мекемесіндегі жағдай бойынша іс қозғалған.
Есмағамбетова Қазақстанда 250 мың медқызметкер (оның 72 мыңы дәрігер) барын, елге 4 мыңдай дәрігер жетіспейтінін айтты. Сөзінше, Қазақстанға қосымша 800 эпидемиолог қажет. Елде қазір 16 мың медқызметкер коронавируспен күреске жұмылған.
Министрлік өкілі вирус жұқтырғандармен байланыста болған 39585 адамның 98 пайызы – 38 мыңнан астамы табылып, оқшауланған.
Осыған дейін Қазақстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Қамалжан Надыровтан коронавирус табылғаны хабарланған. Надыровтың өзі ауру жеңіл өтіп жатқанын айтқан. Ал Есмағамбетованың сөзінше, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Надыровпен байланыста болмаған.
Қазақстанда вирус жұқтырғандар 2100-ден асты
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 22 сәуір 22.30-да елде тағы 65 адамнан вирус табылғанын хабарлады. Оның басым бөлігі Шымкент (28) пен Алматыда (18). Бұдан бөлек, Қызылорда облысында - 6, Батыс Қазақстан облысында - 4, Жамбыл облысында - 1, Шығыс Қазақстан облысында - 1, Түркістан облысында - 2, Маңғыстау облысында - 2, Қостанай облысында -1, Нұр-Сұлтан қаласы - 1, Павлодар облысында 1 адам дертке шалдықты.
Елде вирус жұқтырғандар 2135 адамға жетті. 515 адам дерттен айықты. 19 адам қайтыс болды
Ресейде 2300-ден астам науқастың жағдайы ауыр
Ресейде коронавирус жұққан 2300-ден астам науқастың жағдайы ауыр, 1300-ден астамы жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Бұл туралы 22 сәуірде денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко хабарлады. Ресей билігі алғаш рет жағдайы ауыр науқастардың саны туралы айтып отыр.
Министрдің сөзіне қарағанда, COVID-19 ауруына шалдыққан 45 мыңнан астам адам стационарда емделіп жатыр. Олардың 2 мыңнан астамы - бала.
Ресейде шамамен 58 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған. Коронавирус жұққандардың басым бөлігі ауруханаға жатқызылған. Үйде шамамен 8 мың адам емделіп жатыр. Науқастардың 40 пайызында ауру белгілері байқалмайды.
Мысалы, Италияда 108 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған, 80 пайызға жуығы үйге оқшауланған, 27 пайызы ғана ауруханаға жатқызылған. Чехияда 5 мыңнан астам адамнан коронавирус табылса, тек 400-і ғана ауруханаға жатқызылған.
Мурашконың айтуынша, Ресейде коронавирус инфекциясынан қайтыс болған адамдар саны жалпы науқастар санының 1 пайызына жетпейді, бұл әлем бойынша ең төменгі көрсеткіш.
Соңғы мәлімет бойынша, Ресейде 513 адам коронавирустан қайтыс болған.
Қазақстанда коронавирус жұққан 56 адам анықталды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 23 сәуір таңертеңгі сағат 9.50-де тағы 56 адамнан вирус табылғанын хабарлады. Нұр-Сұлтан қаласында - 17, Алматы қаласында - 3, Жамбыл облысында - 2, Қостанай облысында - 1, Батыс Қазақстан облысында - 10, Түркістан облысында - 7, Павлордар облысында - 5, Маңғыстау облысында - 1, Ақтөбе облысында - 7, Шығыс Қазақстан облысында - 3 адамға вирус жұққан.
Қазақстанда вирус жұқтырғандар 2191 адамға жетті:
- Алматы қаласы – 735
- Нұр-Сұлтан қаласы – 421
- Қызылорда облысы – 157
- Қарағанды облысы – 102
- Ақмола облысы – 83
- Атырау облысы – 82
- Түркістан облысы – 76
- Жамбыл облысы – 79
- Шымкент қаласы – 131
- Солтүстік Қазақстан облысы – 30
- Алматы облысы – 62
- Батыс Қазақстан облысы – 86
- Ақтөбе облысы – 34
- Маңғыстау облысы – 19
- Павлодар облысы – 43
- Шығыс Қазақстан облысы –15
- Қостанай облысы – 36
515 адам COVID-19 дертінен айықты. 19 адам қайтыс болды. Вирус жұқтырғандардың 500-ден астамы - дәрігер.
Қарай отырыңыз: Қазақстанның коронавирус картасы
Қазақстанда коронавирусқа байланысты 1 мамырға дейін төтенше жағдай жарияланған. Елдің басым бөлігінде карантин енгізілген.