Қазақстандағы коронавирус бойынша қазіргі жағдайға шолу
Егер Азаттықтың жазбаша LIVE парақшасына енді ғана кірсеңіз, дүйсенбі күнгі Қазақстандағы жағдайды қысқа-нұсқа шолып шығыңыз:
- Қазақстанда 27 сәуір Алматы уақытымен 20.30-дағы дерекке сай, елде 2835 адамнан (дүйсенбіде 118 адам) вирус табылды. 725 адам (дүйсенбіде 43 адам) дерттен айықты. 25 адам коронавирустан қайтыс болды.
- Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі төтенше жағдайды 11 мамырға дейін созды. Сөзінше, Қазақстан індеттің шарықтау шегінен өткен жоқ. Ахуалдың бақылаудан шығып кету қаупі бар. Елде төтенше жағдай 16 наурызда жарияланған. ТЖ уақыты 11 мамырға дейін ұзарғанымен карантиннің шарттары сәл жеңілдеді.
- Билік жұртқа карантинде аулаға шығуға және саяжайға баруға рұқсат етті.
- 1 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы арасында әуе рейстері қайта ашылмақ. Күніне төрт рейс ұшады. Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың сөзінше, әуе компаниялары билет құнын карантинге дейінгі бағада ұстауы тиіс. Ұшаққа отыратын жолаушыда COVID-19 белгісі жоқ екені туралы анықтамасы, маска, қолғап болуы шарт. Абаев жолаушы анықтаманы қайдан алуы тиіс екенін нақты айтпады.
- Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде 820 медициналық қызметкерге вирус жұққан. Бұл – елде дертке шалдыққандардың 30 пайызы.
- Елде Вирус жұқтырған 15 адамның жағдайы ауыр, тыныс алу аппаратымен демалып жатыр.
- Билік Қазақстанда төтенше жағдай жарияланғалы 16 мың адам режимді бұзды деп ұсталғанын хабарлады. 12 мың адам әкімшілік жазаға тартылса, 4 мың адамның ісі сотта. Осыған дейін халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар “Қазақстан билігі карантинді пайдаланып, азаматтарды қудалап жатыр” деп сынаған.
- Билік келесі айға да табыссыз қалған жұртқа 42500 теңге (95$) көлемінде көмек берілетінін мәлімдеді. Сәуірде жәрдемақыны алғандарға мамырда 42500 теңге тағы беріледі. Көмек алу үшін қайта өтініш беріп қажет емес.
- Тоқаевтың мәлімдемесінде "1,6 миллионнан астам адам, 11,5 мың шағын және орта бизнес өкілі несиелерін кейін төлеуге мүмкіндік алды. Бұл жалпы алғанда 360 миллиардтан астам теңгені қамтиды" деп уәде берді.
- Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың сөзінше, сәуірде Қазақстанда вирус табылған адамдардың 67 пайызында симптом жоқ, яғни вирус жұқтырғандарын білмеген. Абаев елде тесті көбейту қажет деп есептейді.
Қазақстанда вирус жұқтырғандар 2860 адамға жетті
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 27 сәуір 23.00-дегі мәліметіне сай, елде тағы 25 адамнан коронавирус табылды. Елде 2860 адамға коронавирус жұқты (дүйсенбіде 143 адам қосылды). 725 адам (дүйсенбіде 43 адам) дерттен айықты. 25 адам коронавирустан қайтыс болды.
- Алматы қаласы – 876
- Нұр-Сұлтан қаласы – 547
- Қызылорда облысы – 182
- Шымкент қаласы – 175
- Қарағанды облысы – 132
- Батыс Қазақстан облысы – 125
- Атырау облысы – 123
- Түркістан облысы – 115
- Павлодар облысы – 110
- Жамбыл облысы – 106
- Алматы облысы – 100
- Ақмола облысы – 93
- Ақтөбе облысы – 57
- Қостанай облысы – 43
- Маңғыстау облысы – 30
- Солтүстік Қазақстан облысы – 30
- Шығыс Қазақстан облысы – 16
Жаңа Зеландия коронавирустың таралуын тоқтатқанын мәлімдеді
Жаңа Зеландияның премьер-министрі Джасинда Ардерн коронавирус инфекциясына байланысты жағдайды «ең нашар күйге жеткізбей», қазіргі шақта індеттің бейберекет таралуын тоқтатқанын мәлімдеді. Кейінгі бірнеше күнде елде санаулы адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған. Індет тарағалы бері Жаңа Зеландияда кемінде 1500 адамға вирус жұғып, 19 адам қайтыс болған.
Джасинда Ардерн мамандар жаңадан анықталған әр науқастың кіммен қарым-қатынаста болғанын түгел анықтап, вирустың ары қарай тарап кетпеуін бақылауда ұстайды деп сендірді.
Жаңа Зеландия коронавирус індеті басталысымен бірден шектеу шараларын енгізген. Шекараны жауып, шетелден оралғандардың барлығы қатаң карантинге алынған. Қоғамдық орындар, кафе-мейрамханалар (оларға тамақты тұтынушының үйіне жеткізіп беруіне де тыйым салынған) жұмысын тоқтатқан.
Жаңа Зеландия 27 сәуірдің бастап шектеулерді ішінара ала бастады. Әйткенмен билік алдымен экономиканы қайта жандандыратын шаралар қолға алынатынын, қоғамдық орындар әзірге жабық болатынын хабарлады.
Жаңа Зеландияға дейін Оңтүстік Корея, Вьетнам, Австралия мен Қытай коронавирус инфекциясының таралуын тежеген. Бұл індет шыққан Қытайда осының алдындағы тәулікте, ресми ақпарат бойынша, коронавирус жұқтырған үш адам анықталған.
Қырғызстанда COVID-19 жұқтырғандар 700 адамнан асты
28 сәуірдегі ресми мәлімет бойынша, Қырғызстанда коронавирус инфекциясы тағы 13 адамға жұққаны анықталды. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрінің орынбасары Нурболот Усенбаев айтты деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Шенеуніктің сөзінше, Нарын облысында екі медицина қызметкеріне вирус жұққан.
Осылайша Қырғызстанда коронавирус жұқтырғандар 708 адамға (арасында 185 медқызметкер бар) жетті:
- Бішкек қаласы - 167
- Ош қаласы - 110
- Ош облысы - 160
- Баткен облысы - 8
- Жалал-Абад облысы - 113
- Шу облысы - 52
- Ыстықкөл облысы - 10
- Нарын облысы - 88.
Талас облысы әзірге коронавирус инфекциясынан аман деп хабарлайды билік орындары.
Қырғызстанда індет тарағалы 8 адам коронавирус кесірінен қайтыс болған.