Коронавирус жұқтырған тағы 44 адам анықталды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 4 мамыр таңертеңгі сағат 9.20-да коронавирус инфекциясын жұқтырғандар 44 адамға көбейгенін хабарлады:
- Нұр-Сұлтан қаласы - 8
- Алматы қаласы - 6
- Ақтөбе облысы - 7
- Атырау облысы - 3
- Батыс Қазақстан облысы - 12
- Жамбыл облысы - 3
- Шымкент қаласы - 1
- Қарағанды облысы - 4.
Қазақстан бойынша барлығы 3964 адамға вирус жұққан. 1084 адам жазылған. 27 адам қайтыс болған.
БҰҰ мен АҚШ пандемия кезінде баспасөзді шектемеуге шақырды
Жыл сайын мамырдың 3-іне аталатын Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күні коронавирус пандемиясы жайлы ақпаратты шектейтін елдерде журналистерді қорқытып-үркітумен өтіп жатыр.
Бұл пікірді АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео түрмедегі журналистерді босатып, цензураны дереу тоқтатуға шақырған сөзінде айтты. Бірақ ол қай елдерді меңзегенін нақты атамады.
"Пандемия кезінде кәсіби журналистер мен өзге де жазушы адамдарға ой-пікірін ашық айтуға, көргені мен естігенін еркін жазуға мүмкіндік беру керек" деді Помпео.
Оның сөзінше, кей үкіметтер тәуелсіз медианы қорғаудың орнына әдейі жалған ақпарат таратып, нақты және пайдалы ақпараттарды цензураға ұшаратады, журналистердің қоғам игілігіне пайдалы жұмысын мейлінше шектейді.
Бұған дейін Майк Помпео АҚШ Қытайда коронавирус індеті жайлы ақпараттың қалай шектелгенін білетінін айтқан еді. "Пекин жаңа коронавирус қалай тарала бастағанын жасырып, жабуға тырысып отыр" деп сөзін түйіндеген ол наурыз айында Қытай билігі АҚШ-тың бірнеше журналисін шығарып жібергенін де еске салды.
"Шекарасыз тілшілер" ұйымы коронавирус індеті кезінде журналистерге кедергі келтіріп отырған елдер қатарында Қазақстан мен Иранды атаған.
Amnesty International баспасөз бостандығы күні қарсаңында Египеттегі БАҚ ахуалы туралы баяндама жариялады. Құқық қорғаушылар Египет билігі соңғы төрт жылда журналистиканы "қылмысқа" айналдырды деп санайды. Мұның әсері COVID-19 дағдарысы кезінде де білінген.
Біріккен ұлттар ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерреш коронавирус пандемиясы кезінде тексерілмеген, күмәнді мәліметтердің көбейгеніне назар аударған. "Мұндайға фактілер мен ғылыми талдауларға сүйенген ақпарат таратын баспасөз қарсы тұра алады" деді ол.
Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандар 4 мыңға таяды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 4 мамыр сағат 12.20-да таратқан мәліметіне сәйкес, елде коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 24 адам анықталған:
- Алматы облысы - 1
- Жамбыл облысы - 2
- Батыс Қазақстан облысы - 3
- Маңғыстау облысы - 9
- Түркістан облысы - 6
- Нұр-Сұлтан қаласы - 2
- Шымкент қаласы - 1.
Осылайша Қазақстанда вирус жұқтырғандар 3988 адамға жетті. 1084 науқас жазылып, 27 адам қайтыс болды.
Қазақстандағы коронавирус бойынша қазіргі жағдайға шолу
Егер Азаттықтың жазбаша LIVE парақшасына енді ғана кірсеңіз, дүйсенбі күнгі Қазақстандағы жағдайды қысқа-нұсқа шолып шығыңыз:
- Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар төрт мыңға жуықтады – 3019 (дүйсенбіде 68 адам қосылды). 1107 адам (дүйсенбіде 23 адам) дерттен айықты. 27 адам қайтыс болды.
- 4 мамырда дерттен айыққан 23 адамның басым бөлігі Нұр-Сұлтанда (11). Атырау облысында – төрт, Қостанай облысы мен Түркістан облысында екі-екі адам, Ақмола облысында екі адам аурудан жазылды.
- Төтенше жағдайды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік комиссияның шешімімен, бүгін, 4 мамырдан бастап аумағы 500 шаршы метрге дейін жететін азық-түліктік емес дүкендер сағат 17:00-ге дейін ашық болады. Фотосалондар, гүл сататын дүңгіршектер, шаштараздар, медицина орталықтары, стоматология клиникалары алдын ала жазылу арқылы жұмыс істейді. Жылжымайтын мүлікпен операцияларын жүзеге асыратын компаниялар, жарнама агенттіктері, адвокаттар, нотариустар, шағын қаржы ұйымдары, сақтандыру компаниялары, ломбардтар, ақша айырбастау орындары, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар компаниялары да қызметке кіріседі.