Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

07:51 14.5.2020

ДДСҰ: COVID-19 "ешқашан жоғалмауы мүмкін"

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жетекшілері коронавирустың жаңа түрі “ешқашан жоғалмауы мүмкін” және СПИД ауруын тудыратын HIV сияқты тұрақты түрде кездесетін вирусқа айналуы ықтимал дейді. ДДСҰ ұйымының төтенше жағдай жөніндегі директоры Майкл Райан 13 мамыр күнгі онлайн брифингте осылай деп мәлімдеді.

“Мұны бірден ашып айтқан дұрыс: бұл вирус өзге жұқпалы вирустар сияқты тұрақты вирусқа айналуы мүмкін, ешқашан жойылмауы мүмкін” деді Райан.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Оның айтуынша, коронавирусқа қарсы вакцина шығарылған күннің өзінде вирусты тежеу үшін көп күш-жігер қажет болады.

Әлемде коронавирус жұқтырғандар 4,3 млн адамға жетті, коронавирустың жаңа түрінен 300,000 адам қайтыс болды. Індеттің қайта өршу қаупіне қарамастан Еуроодақ біртіндеп шекараларын ашуға талпынып жатыр. Еуропаның басым бөлігінде індеттің беті қайтқанмен әлемнің өзге түкпірінде індеттің өршуі байқалады. Бразилия мен Ресейде коронавирус жұқтырғандар көбейген. Қытай індеттің екінші толқынынан қауіптеніп отыр. АҚШ-та денсаулық сақтау саласы мамандарының ескертуіне қарамастан губернаторлардың жартысынан көбі штат шекараларын ашты.

08:29 14.5.2020

Қазақстанда бір күнде 154 адамнан коронавирус табылды, 185 адам жазылды

Коронавируспен күрес жөніндегі шұғыл штаб 14 мамырда таңертең соңғы бір күнде Қазақстанда 154 адамнан коронавирус табылып, 185 адамның жазылып шыққанын хабарлады.

"Өсім 2,5 пайызды құрайды. Жалпы науқастар 5571 адамға жетті" делінген хабарламада. Барлығы 2408 адам аурудан айыққан.

Жұмысшы сауда орталығындағы адамдардың дене қызуын өлшеп жатыр. Мамыр айы, 2020 жыл.
Жұмысшы сауда орталығындағы адамдардың дене қызуын өлшеп жатыр. Мамыр айы, 2020 жыл.

Республика бойынша науқастар саны жағынан Алматы (1678), Нұр-Сұлтан (1148) және Атырау облысы (457) алда тұр.

Қазақстанда 11 мамырда төтенше жағдай аяқталғанмен карантин сақталған. Елде бірқатар бизнес нысандарының жұмыс істеуіне рұқсат етілген, саябақтар ашылған. 18 мамырдан бастап дәмхана, мейрамханалар, діни орындар мен қонақ үйлер жұмыс істей бастайды. Дегенмен елде ірі ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, ірі сауда орындары жабық.

11:08 14.5.2020

Өзбекстан: Самарқандта коронавирустан бір науқас қайтыс болды

Самарқанд қаласында коронавирус жұққан Тайлақ ауданының тұрғыны қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, мұрнынан қан аққан ер адам 9 мамырда ауруханаға жағдайы ауыр күйде жеткізілген. Кейінірек коронавирус бары анықталған.

Дәрігерлердің айтуынша, науқаста бүйрек және анемия аурулары болған. Оған соған байланысты екінші топ мүгедектігі де берілген. Ауруханаға түспей тұрып ер адам шамамен бір апта арнайы медицина мекемелерінде емделіп, диализ сеансынан өткен.

Өзбекстанда коронавирустан барлығы 11 адам қайтыс болған. 2596 адамнан коронавирус табылған. 2076 адам жазылған.

13:11 14.5.2020

Бекшин "вирус ошағына" айналған жатақхана туралы: Тұрғындар карантин ережелерін бұзған

Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин "вирус ошағына" айналған азаматтық авиация академиясының жатақханасында тұрған медицина қызметкерлерінің оқшаулау режимді сақтамағанын айтты. Бұған дейін өзге қаладан келген медицина қызметкерлері орналасқан Алматыдағы жатақханадан коронавирус табылып, ғимарат карантинге жабылған еді.

"(Жатақхана тұрғындары) бір-бірінің бөлмесіне қонаққа барып немесе кешке жақын жиналып, карантин ережелерін бұзған. Мұндай факті тіркелген және профилактикалық жұмыс жүргізу үшін мекеме жетекшілеріне ескертілді" деді Бекшин.

Жандарбек Бекшин.
Жандарбек Бекшин.

Жатақханада тұрған дәрігерлердің бірі Темірлан Тұрысбеков әйелінен коронавирус табылғаннан кейін бақылауға алынған. Ол ғимаратта санитарлық торап ортақ болғандықтан тұрғындардың оқшаулануына мүмкіндік болған жоқ деп санайды.

"Душ, дәретхана ортақ болды. Оны қолдану үшін кезекке тұратынбыз. Дәлізде кездесіп қаламыз. Ас әзірлейтін ортақ бөлмеде бәрімізге бір қазаннан тамақ салып беретін, әрқайсымыз бөлмемізге апарып жейтінбіз. Оқшаулану мүмкін емес. Оның үстіне вирус кез келген ортада өмір сүре береді" деді дәрігер.

Оқи отырыңыз: "Бізді бір қазанға тастады". Дәрігерлер тұратын жатақхана вирус ошағына айналды

Алматы маңындағы оқу орны жатақханасында тұрған дәрігерлер бұған дейін коронавирустың жаппай тарауына гигиеналық талаптардың сақталмауы және тұрғындарды дер кезінде басқа жаққа көшірмеу себеп болды деп айтқан еді. Алматы билігі жатақханаға дәрігерлер өз еркімен орналасқан және бұған дейін шағымданбады деп айтқан.

Сейсенбі күнгі брифинг кезінде Бекшин Алматыда басқа қаладан келген дәрігерлер орналасқан тағы бір жатақхананың карантинге жабылғанын хабарлады.

Оның айтуынша, басқа қаладан келген 4 мыңнан астам медицина қызметкері 40 орын: 20 қонақ үйі және 20 жатақханаға орналастырылған. Инфекциялық, провизорлық, карантиндік стационарларда жұмыс істеген қызметкерлер қонақ үйге жіберілген, ал қалған қызметкерлер жатақханаға барып тұрған.

Алматы қаласы (1678) коронавирус жұқтырғандар саны бойынша республикада алда тұр. Мамырдың 10-ы күнгі дерек бойынша, қалада 607 медициналық қызметкерге коронавирус жұққан. Олар Алматыда коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған науқастардың 38 пайызын құрайды.

Қазақстанда барлығы 5571 адамнан коронавирус табылған.

Тағы

XS
SM
MD
LG