БАҚ: Алматыдағы Көк базар карантинге жабылуы мүмкін
Алматыдағы Көк базар карантинге жабылуы мүмкін. Оған коронавирус жұққан қызметкердің қайтыс болуы себеп болған. Бұл туралы 13 маусымда базар әкімшілігі өкілінің сөзіне сүйенген ҚазТАГ агенттігі хабарлады. Бұған дейін қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин базардың жабылатыны туралы ақпаратты жоққа шығарған.
"Иә, бұл рас. Бізде адам өлімі болды. Әйел адам ауырып, жұмыс істемей, үйінде жатқан. 10 күннен кейін солай [қайтыс болды]. Бүгін жұмыс істейміз, ертең базар жабылады" деген әкімшілік өкілі агенттікке.
Агенттіктің жазуынша, сауда орнын жабуды базар әкімшілігі ұсынған.
Бұған дейін сауда орнының қызметкерлері 14 маусымнан бастап базардың 7-10 күнге карантинге жабылатынын хабарлаған. Алматы қаласының тауар және қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарған.
Ресейде коронавирус жұқтырғандар күрт артты
Ресейде өткен тәулікте 8706 адамнан коронавирус табылды. Бұл туралы індетпен күрес жөніндегі жедел штаб хабарлады. Елде вирус жұқтырғандар 520 129 адамға жеткен.
Бір күнде анықталатын жаңа науқастар жазылғандар мен қайтыс болғандардан көп. Жедел штаб мәліметінше, елде қазір 238 659 адам ауырып жатыр. Қатарынан бес күн науқастардың көбейгені байқалған.
Бір күнде 114 адам коронавирустан қайтыс болған, эпидемия тарағалы бері барлығы 6829 адам көз жұмған. Дегенмен бұл аймақ билігі таратқан мәліметпен сәйкес келмейді.
Ресейде өзге елдермен салыстырғанда адам өлімі көрсеткіші төмен екенін айтып жүрген кейбір сарапшылар ресми статистикаға байланысты түрлі сұрақтар бар екенін айтады. Билік адам өлімі көрсеткішінің нақты екенін алға тартады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төтенше жағдай жөніндегі бағдарлама жетекшісі Майкл Райан осы аптада ресейлік статистиканы "түсіну қиын" деп мойындаған. Алайда ДДСҰ-ның Мәскеудегі өкілі Мелита Вуйнович Business FM радиосына берген сұхбатында ұйымның Ресейге шағымы жоқ, ал Райан пандемия кезіндегі статистикалық дерек жинаудағы жалпы қиындықтарды меңзеген деп мәлімдеген.
Алматыда коронавирусқа байланысты Көк базар жабылды
Алматыда коронавирусқа байланысты қаладағы ірі сауда орындарының бірі - Көк базар жабылды. Бұл туралы жергілікті билік хабарламасына сүйенген ақпарат агенттіктері хабарлады.
"Алматы қаласының тауар және қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті Көк базар аумағында "Достар-Коммерц компаниясы" жұмысшылары арасында коронавирус инфекциясының табылуына байланысты базар жұмысының тоқтағанын хабарлайды. Арнайы шаралар және эпидемиологиялық тексерістер жүргізіледі" делінген ресми хабарламада.
Ондағы ақпаратқа сәйкес, тексеріс кезінде Көк базар аумағында термометр ұстау, әлеуметтік арақашықтық сақтау, қорғаныш заттарын пайдалану сияқты ережелердің бұзылғаны анықталған. Жоғарыда аталған компания үстінен әкімшілік хаттама толтырылып, сот шешімі шыққанға дейін қызметі тоқтатылған. Әкімдіктің хабарлауынша, 20 базар жұмысшысына коронавирус жұққаны анықталған.
Бұған дейін ҚазТАГ агенттігі базар әкімшілігі өкілінің сөзіне сүйене отырып, "коронавирус жұққан базар жұмысшысы қайтыс болып, сауда орны карантинге жабылады" деп хабарлаған болатын.
"Иә, бұл рас. Бізде адам өлімі болды. Әйел адам ауырып, жұмыс істемей, үйінде жатқан. 10 күннен кейін солай [қайтыс болды]. Бүгін (12 маусым) жұмыс істейміз, ертең базар жабылады" деген еді әкімшілік өкілі агенттікке.
Қалалық әкімдіктің айтуынша, базар жұмысшысының қайтыс болу себебін өлім-жітімді зерттеу комиссиясы тексереді.
13 маусымда Көк базар маңындағы "Рахат" кондитерлік фабрикасының да коронавирусқа байланысты жабылғаны белгілі болды. Биліктің айтуынша, алғашында кәсіпорынның сегіз қызметкерінен коронавирус табылған. Бұдан соң шамамен 1500 қызметкер тесттен өткен.
"Негізінен симптомсыз [науқастар] анықталып жатыр. Соған байланысты қаланың бас санитар дәрігерінің қаулы талаптарына сәйкес, үй карантиніне жіберілді. Фабрика әкімшілігі 15 маусымға дейін кәсіпорынды жапты" деді қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.
Ресми мәлімет бойынша, бұған дейін қалада 2606 нысан тексеріліп, 194 нысанның бас санитар дәрігер талаптарын сақтамағаны анықталған. Соған байланысты 94 нысанның жұмысы тоқтаған.
Қазақстанда бірқатар аймақтар карантин мерзімін ұзартып, шектеу шараларын күшейтті
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны артып бара жатқан шақта Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары карантин шараларын қайта күшейте бастады.
Жедел штаб мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысында карантин 1 шілдеге дейін ұзартылған. Облыс орталығы Семей қаласында азық-түлік емес нысандарының жұмыс уақыты қысқарады. Енді олар таңертеңгі сағат 10-нан кешкі 17.00-ге дейін істейді. Ірі сауда нысандары ашылмайды. Қоғамдық шара ұйымдастыруға тыйым салынған. Халыққа қызмет көрсету орталықтары таңертеңгі сағат 10 мен кешкі 20.00 аралығында істейді. Аймақта науқастардың басым бөлігі 320 мыңнан астам тұрғыны бар Семей қаласында анықталған.
Алматы облысында туристік нысандарда карантин шаралары күшейетіні хабарланды. Кәсіпкерлер туристік орындарда дезинфекциялық өткел орнатуға міндеттелді. Туристерді таситын көліктерді жиі залалсыздандыру қажет болады. Ережеге сәйкес, жүзден астам адам жиналуы мүмкін орындарда медициналық пунктер және медицина қызметкерлері болуы тиіс. Дегенмен сенбі күні Қапшағайға баратын автожолда мобильдік постардың алынатыны хабарланды.
Батыс Қазақстан облысында діни нысандар, балалардың жазғы лагерьлері қайта жабылды. Қоғамдық көліктер таңертеңгі сағат 6 мен 21.00 аралығында жүреді. Оралда қалалық саябақ жабылған. Мұнда базар таңертеңгі сағат 10 мен 16.00 аралығында істейді. Халыққа қызмет көрсету орталықтары және азық-түлік емес дүкендер, сұлулық салондары таңертеңгі сағат 10-нан бастап кешкі 18.00-ге дейін ғана ашық болады.
Солтүстік Қазақстан облысында ойын-сауық орталықтары, балалардың жазғы лагерьлері, фитнес орталықтардың жұмысы шектеледі. Аймақта қоғамдық көлік таңертеңгі сағат 6.30 мен кешкі 21.30-ға дейін істейді. Қоғамдық орындарға барған адамдардың маска тағып жүруі міндетті.
13 маусымда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook-тағы парақшасында елде карантин шаралары әлсірегеннен кейін вирус жұқтырғандар саны бірден көбейді деп мәлімдеген. "Әрбір адамның "жеке карантин" ережелеріне саналы түрде бейімделетін мезгіл жетті" деді министр. Оның айтуынша, Қазақстанда 12-14 мамыр аралығында індеттің "екінші толқыны" басталған.
Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 18 020 адамға жетті. 14 238 адамда COVID-19 ауру белгісі байқалған, 3782-і - "симптомсыз" тасымалдаушылар. 70 адам қайтыс болған. 9 мыңға жуық адам жазылған.