Бразилияда вирус жұқтырғандар миллионнан асты. ДДСҰ пандемияның "жаңа қауіпті" кезеңі келгенін ескертті
Бразилияда коронавирус жұқтырғандар миллионнан асты. Бұл туралы 19 маусымда елдің денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) коронавирус індетінің "жаңа әрі қауіпті" кезеңі келгенін ескертті.
Бразилияның денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, елде вирус жұқтырғандар 1 млн 32 мың 913 адамға жеткен. Жұма күні елде 1206 адам қайтыс болған. Ресми мәлімет бойынша, жалпы 48 954 адам көз жұмған. Коронавирус жұқтырғандар мен адам өлімі көрсеткіші жағынан Бразилияның алдында тек АҚШ қана тұр.
Соңғы мәлімет бойынша, АҚШ-та барлығы 2,2 млн адамнан коронавирус табылған, шамамен 119 мың адам қайтыс болған.
18 маусымда бір күнде әлемде 150 мыңнан аса адамнан коронавирус табылды. ДДСҰ жетекшісі Тедрос Гебрейесус бұл бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш деп мәлімдеп, індеттің "жылдамырақ жайыла бастағанын" айтты. Науқастардың жартысы Солтүстік және Оңтүстік Америкада тұрады.
Әлемде 8,6 миллион адамнан коронавирус табылған. 460 мыңнан астамы қайтыс болған. 4,2 млн адам жазылған.
Қазақстан халықаралық әуе қатынасын қалпына келтіреді. Ең маңызды сұрақтарға жауап
20 маусымнан бастап Қазақстан бірқатар елдермен әуе қатынасын қалпына келтіреді. Бұл қалай жүзеге асады? Жолаушыларға қандай талаптар мен шектеулер қойылады? Ең маңызды сұрақтарға жауап береміз.
Халықаралық әуе байланысы қашан және қай бағытқа ашылады?
Әзірге алты мемлекет жоспарға енген. 20 маусымнан бастап Қазақстаннан Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Таиланд, Грузия мен Жапонияға халықаралық әуе рейстері ашылады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қытайға ұшатын әуе рейстері әлі де қаралып жатқанын мәлімдеді. Осы аптада Қытайда коронавирустың өршуіне байланысты карантин шаралары күшейді. Пекинде мыңнан астам халықаралық әуе рейсі тоқтады.
Пневмонияға шалдыққандар күрт көбейген Ақтөбе облысында науқастарды күндізгі стационарда емдеп жатыр
Пневмонияға шалдыққандар күрт көбейген Ақтөбе облысында дәрігерлер жедел пневмонияны емханалар жанындағы күндізгі стационарда емдей бастады. Ақтөбедегі үш аурухана базасынан жасақталған пульмонология бөлімінде орын жетпегендіктен облыстық денсаулық сақтау басқармасы осындай шешім қабылдаған. Бұған дейін Ақтөбе облысында пневмонияға шалдыққандар саны маусым айында 6 есеге көбейіп, дәрігерлер тапшы бола бастағаны хабарланған еді.
Қала емханалары жанындағы күндізгі стационарлар пневмонияны емдеуге 20 маусымнан бастап кіріскен.
- Жоспарлы жұмыстарымыздың бәрін уақытша тоқтатып қойдық. Бүгіннен бастап күндізгі стационарда тек пневмонияны емдейміз, - дейді №2 емхананың бас дәрігері Қайырбек Тоқтаров.
Ақтөбедегі №2 емхананың күндізгі стационарында 10 орын бар. 20 маусым күні бұл жерге бірден бес адам түскен.
Қайырбек Тоқтаровтың айтуынша, күндізгі стационар пациенттерді таңғы сағат 9:00 мен 17:00 аралығында ғана қабылдай алады.
Ақтөбедегі №3 емхана сенбіде 30-дан астам науқасты емдеген. Емхананың бас дәрігері Жәнібек Нармұхамедов 5-6 адамның жағдайы ауыр болғанын айтады.
- Емханада екі кислород концентраторы бар еді. Бүгін сол аппараттың көмегі көп болды. Бұған дейін емхананың 4 бригадасын пульмонология бөлімі бар ауруханаларға көмекке жібергенбіз. Қалғандары бүгіннен бастап жоспарлы жұмыстарды мейлінше шектеп, пневмониямен күреске жұмылды, - дейді Жәнібек Нармұхамедов.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасынан қала бойынша күндізгі стационарлардағы орын саны туралы ақпарат алу мүмкін болмады. Басқарма басшысы Әсет Қалиев сәрсенбі күні қызметінен кетіп, қазір оның міндетін орынбасары Светлана Есенаманова атқарып отыр. Басқарма басшысының тағы бір орынбасары сырқаттанып қалған.
Жұмадан бері әлеуметтік желілерде Ақтөбедегі ауруханалардың пневмонияға шалдыққан тұрғындарды қабылдамай, жедел жәрдем бригадаларын жаппай кері қайтарғаны туралы видео тарап жатыр. Басқарма әзір бұған қатысты түсініктеме берген жоқ.
Оқи отырыңыз: "Шешесінің қайтыс болғанын естіртті". Ақтөбеде пневмонияға шалдыққандар күрт көбейді
Азаттыққа телефонмен сұқбат берген жедел жәрдем фельдшері Әміре (есімі өзгертілген - ред.) «осы аптадағы шақыртулардың 80 пайызы дене қызуы көтерілген науқастар» дейді. Фельдшер Ақтөбедегі пульмонология бөлімшесі бар үш аурухананың лық толы екенін, науқастарды қабылдауды тоқтатқанын айтады.
- Теміржол ауруханасы «орын жоқ» деп қабылдамай қойған бірнеше науқасты жұма күні облыстық ауруханаға апардық. Олар есігін мүлде ашпады. Әр науқастың жанында 20 минуттай тұрып, қолдарына құжаттарын ұстатып, аурухана ауласына қалдыруға мәжбүр болдық. Бұл жағдай күні бойы қайталанды. Кей науқастар такси шақырып, кейбіреулері туыстарымен бірге үйлеріне қайтып жатты,- дейді фельдшер.
Ақтөбе облысында маусым айында 650 адам пневмонияға шалдыққан. 19 маусымдағы дерек бойынша, оның сегізі қайтыс болған, 22 адам хал үстінде жатыр. Аймақта пневмонияны емдейтін дәрігер тапшы. Денсаулық сақтау басқармасы «пневмонияға шалдыққандардан коронавирус табылмады» дейді. Бірақ күні-түні жұмыс істеп жатқан дәрігерлер пневмония белгілерін COVID-19 дертінің симптомдарына қатты ұқсатады.
Ақтөбеде пневмония індеті елде коронавирус пандемиясы өршіп тұрған тұста көбейіп жатыр. 19 маусымдағы мәліметке сай, Қазақстанда 25 мыңнан аса адамнан коронавирус табылды. COVID-19 дертінен 113 адам қайтыс болды. Вирус жұқтырғандардың 867-і (симптомы жоқтарды қоса есептегенде) - Ақтөбе облысында. Бұл аймақта ресми дерек бойынша бір адам коронавирустан көз жұмған.
Қазақстанда коронавирустан 5 адам қайтыс болды
Нұр-Сұлтан қаласында - 1956, 1966, 1942 жылы туған үш ер адам, Ақмола облысында - 1955 жылғы әйел адам, Алматы қаласында 1960 жылы туған ер адам коронавирустан қайтыс болды. Бұл туралы 20 маусымда түнде коронавируспен күрес жөніндегі штаб хабарлады.
Өлім-жітімді зерттеу комиссиясы марқұмдардың қайтыс болуына COVID-19 дерті себеп болды деген шешім қабылдаған.
Қазақстанда коронавирустан барлығы 118 адам көз жұмған. Нұр-Сұлтан (32), Алматы қаласы (18) және Павлодар облысы (13), Шымкент қаласында (13) адам өлімі көп тіркелген.
18 маусымда денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева коронавирустан қайтыс болғандар тізіміне кірмеген 54 өлім тіркелгенін айтқан. Оның айтуынша, бұл науқастар коронавирус жұқтырғанмен "инфаркт, инсульт, онкологиялық аурулар секілді өзге негізгі дерттерден қайтыс болған". Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдеріне коронавирус жұқтырған марқұмдарды (жазатайым оқиғадан және инфарктен қайтқандардан басқасын) ресми статистикаға қосуды ұсынған.
Елде соңғы уақытта күніне кемінде мың адамнан вирус табылып жатыр. Нұр-Сұлтан, Алматы және бірқатар аймақтарда инфекциялық стационарлар толды, кейбір науқастар ауруханаға қабылдамай жатқанына шағымданған. Денсаулық сақтау саласы мамандары тек жағдайы ауыр науқастарды ғана ауруханаға жатқызатынын мойындаған.
Соңғы уақытта елде коронавирусты анықтайтын тестен өту де қиындаған. Кейбір аймақтарда пневмонияға шалдыққандар артқан.