Қазақстанда бір күнде 1062 адамнан коронавирус табылды, 5 адам қайтыс болды
Өткен тәулікте Қазақстанда 1062 адамнан коронавирус анықталды. Оның ішінде ауру белгілері бары – 446, симптомы жоғы – 616.
Бір күнде коронавирустан 260 адам жазылып, 5 адам қайтыс болды.
Билік вирус жұқтырғандардың жалпы саны 17 225 деп отыр. Оған ауру симптомы жоқ адамдар кірмеген. "Ауырғандар" мен "тасымалдаушыларды" қоса санағанда вирусты 26 070 адам жұқтырған.
Үш айдан астам уақыт ішінде 10 671 адам емделіп, 118 адам қайтыс болған.
18 маусымда денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева коронавирустан қайтыс болғандар тізіміне кірмеген 54 өлім тіркелгенін айтты. Оның айтуынша, бұл науқастар коронавирус жұқтырғанмен "инфаркт, инсульт, онкологиялық аурулар секілді өзге негізгі дерттерден қайтыс болған".
Қазақстанда соңғы кезде науқастар күрт көбейіп, ауруханаларда орын тапшы бола бастаған. Бұған дейін COVID-19 анықталған кейбір науқастарды аурухананың қабылдамай жатқаны туралы ақпарат шыққан. Алматы және Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық саласының өкілдері осы аптада қаладағы инфекциялық стационарлардың 90-95 пайызы бос емес деп мәлімдеді.
Елде коронавирус тестінен өту де қиын бола бастаған. Бұған дейін елдегі Олимп, Инвиво тәрізді орталықтардың жұмысы тоқтағаны хабарланған еді.
Қазақстанда індет өршіген шақта ҰБТ өтіп жатыр
21 маусымда Қазақстанда ұлттық біріңғай тестілеу басталды. Әдетте шамамен он күнге созылатын негізінен мектеп бітірушілер тапсыратын тест биыл коронавирусқа байланысты 15 күнге созылмақ. Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, республика бойынша 161 пунктте өтетін емтихан аудиторияларындағы адам саны 2 есеге қысқарған. Барлық аудиториядан онлайн трансляция жүргізіледі. Биыл ҰБТ-ға 131 мыңнан астам адам өтініш берген.
Алғашқы күні 51 пунктіде 6,5 мың абитуриент тест тапсырады. 44-і ауылдық жерлерде орналасқан.
Аудиторияға кірер алдында талапкерлер дезинфекциялайтын тоннель арқылы және аяқ киімді залалсыздандыратын арнайы төсеніштен өтеді. Санитайзермен қолды тазалайды. Дене қызуы өлшеніп, маска ұсынылады.
Оқи отырыңыз: Калькулятор қолдануға бола ма? Апелляцияға қалай берем? ҰБТ жайлы cізді мазалаған сұрақтарға жауап
Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, Биыл түлектердің 82 пайызы (111 мыңнан астамы: 60179 адам қаладан, 50930 адам ауылдан ) ҰБТ тапсыруға тіркелген. Бұл – рекордтық көрсеткіш. 2020 жылы елде барлығы 135 мың оқушы мектеп бітіреді.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар күрт көбейіп, шектеу шаралары қайта күшейген шақта ҰБТ өтіп жатыр. Соңғы мәлімет бойынша, елде вирус жұқтырғандар 26 мыңнан асты, 10,6 мыңнан астам адам жазылды. 118 адам қайтыс болды.
Ақтөбеде екі күн ішінде 8 адам пневмониядан қайтыс болды, қызметкерлердің 34 пайызына ауру жұққан
Ақтөбе облысында жедел пневмониядан қайтыс болғандар саны 16 адамға жетті. Бұл туралы 21 маусым күнгі онлайн-брифинг кезінде Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Есенаманова айтты.
Бсқарма жетекшісі облыстағы ахуал туралы «Қазір қатты қиналып отырмыз. Жағдай аh ұрардай ауыр» деді.
- Өткен тәулікте жедел жәрдемге 2 274 адам хабарласып, көмек сұраған. Жедел жәрдемге де оңай емес. Қызметкерлерінің 34 пайызы ауырып қалды. Індет жұқтырғандар дәрігерлер арасында да көп. Пневмонияның бұл түрі тез асқынып, екі күн аралығында өкпені зақымдайды. Кей жағдайларда пациентке өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппараты да көмектеспейді, - деді Есенаманова.
Денсаулық сақтау басқармасы 20 маусымнан бері хал үстінде жатқандарды облыстық аурухана базасында емдей бастаған. Ақтөбедегі облыстық аурухана ғимараты жаңа әрі салыстырмалы түрже жақсы жабдықталған. Жағдайы орташа науқастар теміржол ауруханасына жіберіледі. Өзгелері емханалар жанындағы күндізгі стационарларда емделеді.
Светлана Есенаманова «пневмонияға қатысты ахуал тағы нашарласа «Б жоспары» дайын» деп отыр. Бұл жоспарға сәйкес, беті бері қарай бастаған науқастар қаладан аудан ауруханаларына ауысады. Олардың орнына ауыр науқастар қабылданады.
Шенеунік 21 маусым күнгі онлайн брифингі кезінде пневмония жұқтырғандардың нақты санын айтпады. Осыдан екі күн бұрын «маусым басталғалы облыстың 650-ден астам тұрғыны жедел пневмонияға шалдықты» деген болатын. Жұма күні Ақтөбеде пневмониядан қайтыс болғандар саны 8 адам еді. Жексенбіде қайтыс болғандар саны екі есе көбейіп, 16 адамға жеткен.
Ақтөбелік дәрігерлер жедел пневмония мен COVID індетін қатты ұқсатады. Екеуі де жылдам асқынып, өкпені зақымдайды.
21 маусым күнгі онлайн брифингі кезінде Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Светлана Есенаманова «Бұл пневмония - COVID індетінің жаңа формасы болуы мүмкін» деп мәлімдеді.
Ақтөбе облысында COVID тарай бастағалы бері індетті жұқтырған 4 адам қайтыс болды. Ресми дерек бойынша, марқұмдардың біреуі ғана COVID –тен өлген. Өзге үшеуінің өліміне ілеспе диагноздары себеп болған.
Ресейде бір күнде 7,5 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталды
Ресейде өткен тәулікте 7 728 адамнан коронавирус табылды. Бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда сәл азырақ.
Жедел штабтың хабарлауынша, бір күнде 109 адам қайтыс болған. 5 мыңнан аса адам жазылған.
Эпидемия басталғалы бері Ресейде 584 680 адамға вирус жұққан. 8111 адам қайтыс болған. 339 711 адам жазылған.