Accessibility links

Калькулятор қолдануға бола ма? Апелляцияға қалай берем? ҰБТ жайлы cізді мазалаған сұрақтарға жауап


ҰБТ қатысып отырған түлектер. Көрнекі сурет.

Коронавирус пандемиясы кезінде Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) қалай өтеді? Оған қанша түлек қатысады? Шарттары қандай? Азаттық оқырмандарының осы және басқа да сұрақтарына Білім және ғылым министрлігі мен Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы өкілдері жауап берді.

1. ҰБТ қашан және қанша орында өтеді?

Биылғы ҰБТ 21 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. 2020 жылғы мектеп түлектері үшін тест 21 маусым мен 1 шілде аралығында, ал былтырғы мектеп бітірушілер мен колледж түлектеріне 1 шілде мен 5 шілде аралығында өтеді. Тест тапсырушылар 2 метр арақашықтық ұстануы тиіс. Емтихан ел бойынша 161 пунктте өтеді. Аудиториядағы адам саны 2 есеге қысқарады. Барлық аудиториядан онлайн трансляция жүргізіледі. Биыл ҰБТ-ға 111 109 адам (60179 адам қаладан, 50930 адам ауылдан) өтініш берді.

2. ҰБТ кезінде сақтық шаралары қандай болмақ?

Аудиторияға кіргенде дезинфекцияның 5 кезеңі болады. Талапкерлер дезинфекциялайтын тоннель арқылы және аяқ киімді залалсыздандыратын арнайы төсеніштен өтеді. Санитайзермен қолды тазалайды. Дене қызуы өлшеніп, маска ұсынылады.

ҰБТ өтетін аудиторияны залалсыздандырғанда аллергиясы бар азаматтардың жағдай ескеріле ме?

Қазақстанда пайдалануға рұқсат етілген дезинфекция ерітінділері берілген концентрацияға сәйкес оның дезинфекциялық затты қолдану жөніндегі нұсқаулығына сәйкес дайындалады.

3. ҰБТ тапсыру үшін қанша ақша төлеу керек?

Биылғы мектеп түлектері ҰБТ-ға тегін қатысады. Басқа талапкерлер ҰБТ үшін 2242 теңге төлейді.

4. ҰБТ кезінде калькулятор қолдануға бола ма?

Биыл тестілеу кезінде арифметикалық операцияларды (қосу, азайту, көбейту, бөлу) орындауды қамтамасыз ететін қарапайым калькуляторды пайдалануға рұқсат етілді. Бұл ретте калькуляторды аудиторияға кіргізуге рұқсат етілмейді. Калькуляторлар аудиториядағы үстелге алдын ала қойылады.

5. Тест сұрақтарын кімдер дайындады?

Тест тапсырмалары Білім және ғылым министрлігі бекіткен оқулықтарға сәйкес әзірленеді. Сұрақтарды сараптамадан өткізу жұмыстарына жалпы білім беретін орта мектептердің, лицей, гимназия, дарынды балаларға арналған мектептердің, Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибелі мұғалімдері қатысты. Тест тапсырмаларын әзірлеу және сараптамадан өткізу жұмыстарына жұмылдыруға іріктеу барысында мұғалімдердің педагогикалық еңбек өтіліне, тестология саласы бойынша тәжірибесінің болуына назар аударылады.

6. Биыл қанша тест кітабы шықты, оған қанша қаражат бөлінді және кітаптың құны қанша?

2020 жылы кітапшаларды басып шығаруға бюджеттен 16 870 000 теңге бөлінді. Жинақтың орташа бағасы – 152 теңге. Әуелде бюджеттен 94 865 кітапша басу жоспарланған. ҰБТ-ға қатысатындардың саны артып, кітапшалар саны 111 109-ға жеткен.

7. Апелляцияға беру тәртібі қалай жүзеге асады? Апелляцияға барған тест тапсырушының қолында қандай құжат болуы тиіс? Тест тапсырушы қай сұраққа шағым түсіретінін нақты білуі тиіс пе?

ҰБТ өткізу қағидаларына сәйкес апелляциялық өтініштер ҰБТ нәтижелері хабарланғаннан кейін келесі күнгі сағат 13.00-ге дейін қабылданады және оны апелляциялық комиссия бір күн ішінде қарастырады. Талапкер тестілеуден өткен бөлімшеге барып өтініш береді. ҰБТ-ға қатысу үшін онлайн өтініш берген түсушінің өзімен бірге төлқұжаты, ал арнайы бланк толтыру арқылы өтініш берген түсушінің жеке басын куәландыратын құжаты мен тестілеуге рұқсаттамасы болуы керек. Талапкер апелляцияға өтінішті қандай пәнге, қандай тест тапсырмасына беретінін нақты білуі қажет және әрбір тест тапсырмасы бойынша дәлелді негізін көрсетіп (толық түсіндірме, тапсырманың толық шешімі) беруі тиіс.

8. Апелляциялық өтінішті кім қарайды? Өтініші қандай жағдайда қанағаттандырылады?

Тестілеу өткізу кезінде бірыңғай талаптарды сақтау және түсушілердің даулы мәселелерін шешу мақсатында Республикалық апелляциялық комиссия және тест өтетін жоғарғы оқу орнында апелляциялық комиссия құрылады.

Апелляциялық комиссияның құрамы тестілеу пәндері бойынша негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерінен жасақталады.

Апелляциялық комиссия түсушінің әрқайсысымен жеке жұмыс істейді. Тест өткен пункттегі апелляциялық комиссия талапкердің шағымы бойынша оң шешім қабылдаған жағдайда, оның өтініші Республикалық апелляциялық комиссияның қарауына жіберіледі. Республикалық апелляциялық комиссияның шешімі соңғы әрі нақты шешім болады.

Апелляциялық өтініштер тест тапсырмасы дұрыс құрылмаса; дұрыс жауап болмаса; дұрыс жауаптар коды сәйкес келмесе; тест тапсырмасы шартының фрагменті (мәтін, сызба, суреттер, кестелер) табылмаса, соның кесірінен дұрыс жауапты анықтау мүмкін болмағанда; дұрыс жауаптар кодымен сәйкес келетін боялған дөңгелекшені сканер екі және одан көп дөңгелекше ретінде оқыса; дұрыс жауаптар кодымен сәйкес келетін боялған дөңгелекшені сканер бос дөңгелекше ретінде оқыса; жауап парағында ақау болған жағдайларда қанағаттандырылады.

9. Талапкер тест тапсырған кезде «шпаргалка», ұялы телефонмен ұсталса, жазалана ма?

Аудиторияда «шпаргалка», смартфонмен ұсталса, бірден шығарылып, нәтижесі жойылмақ. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұловтың сөзінше, талапкер аудиторияға «шпаргалка», телефон алып кіруге тырысса, тест тапсыруға кірмейді, келесі жылы тапсыруға тура келеді. Ал видеокамераны сараптаған кезде қандай да бір заң бұзушылық анықталса, тест нәтижесі, гранты жойылады.

10. Талапкер ҰБТ тапсыратын жерді ауыстыра ала ма?

COVID-19 пандемиясына байланысты енгізілген карантин кезінде және ҰБТ-ға қатысуға өтініш берушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Республикалық мектептердің ресми хаттары бойынша биыл мектеп бітірушілеріне тұрғылықты мекенжайлары бойынша ҰБТ тапсыруға жағдай жасалды.

11. Оқуға тапсырғанда мектеп кезінде алған мақтау қағаздары мен сертификаттардың пайдасы бола ма?

Шет тілін меңгерудің жалпыеуропалық стандарттарына сай, ағылшын тілін меңгергенін растайтын TOEFL ITP (кемінде 310 балл), TOEFL IBT (шекті балл – 79-ден кем емес), TOEFL (шекті балл –567-ден кем емес), IELTS (шекті балл – 6.0 балл) халықаралық сертификаттары бар талапкер «Шет тілі (ағылшын)» мамандығын таңдаса, бейіндік пәнінен тестілеу тапсырудан босатылады. Талапкерлерге ағылшын тілінен жоғары балл жазылады.

SAT, ACT, IB халықаралық тестілеудің сертификаттары бар тұлғалар грант тағайындау конкурсына қатыса алады және сәйкесінше, ҰБТ-дан босатылады. SAT балдарын ҰБТ балына ауыстыру үшін SAT Reasoning және SAT Subject сертификаттары болуы шарт. Сонымен қатар, SAT пәнінің нәтижелері бейінді пәндер сәйкес келген жағдайда ҰБТ балдарына ауыстырылады.

SAT – АҚШ-тағы университеттерге түсу үшін арналған стандартталған тестілеу. ACT тесті негізінен АҚШ колледждеріне түсу үшін қолданылады. Ал IB бұл түлектерді АҚШ-тың ғана емес, Еуропа елдерінің университеттеріне түсуге дайындайтын білім беру бағдарламасы.

12. Халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, Алтын белгі иегерлеріне жеңілдік бар ма?

Мектеп пәндерінен халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарында 1-3 орын алғандар, халықаралық және республикалық өнер конкурстарында, спорт жарыстарында 1-3 орын алғандардың таңдаған мамандықтары жеңісіне сәйкес келген жағдайда грант бөлінгенде басымдық берілуі мүмкін. Мысалы, екі-үш талапкердің ұпайы тең болса, грант бөлінгенде олимпиада жүлдегеріне, Алтын белгі иегеріне басымдық беріледі.

13. Биыл шетелдік қазақтарға грант бөліне ме? Пандемия кезінде шекара жабылуы бұған әсер етпеді ма?

2020-2021 оқу жылы Қазақстан азаматы емес, ұлты қазақ азамат үшін 4 пайыз квота шеңберінде грант бөлінді. ҰБТ-ға қатысу үшін ұлты қазақ шетел азаматтарының келуіне, сондай-ақ білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініш беруге рұқсат берілді. Пандемия кезінде шекара жабылуы бұған әсер етпеді.

14. Шығармашылық емтихандар қашан және қалай ұйымдастырылады?

Талапкер шығармашылық емтихан тапсыру үшін өтініштерін өздері таңдаған университет не колледжге 20 маусым мен 7 шілде аралығында тапсыра алады.

Шығармашылық емтихан 8-13 шілде аралығында өтеді.

  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG