Accessibility links

Оқушы мен ата-ананы екі ай қинаған телесабақ дауы. Дәрісті дайындаған мұғалімдер мұңы


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Телесабақ дайындаған мамандардың сөзінше, төртінші тоқсан басталуына  10 күндей уақыт қалғанда 300-ге жуық мұғалімге 3000-нан аса видеосабақ түсіруге мәжбүр болды.  Камера алдына алғаш шыққан мамандардың сөзінше, теледидардан сабақ бере алу үшін оқушыларының суретін жапсырып қоюға да тура келген.

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДАҒЫ АСЫҒЫСТЫҚ

Коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланып, Қазақстандағы оқу жүйесі онлайн форматқа ауысқанына бір жарым айдан асты. Төтенше жағдай режимі аяқталғанымен карантин шараларына байланысты онлайн форматта оқу әрі қарай жалғасты. Музыка, дене шынықтыруды қоспағанда 1-11 сынып аралығындағы барлық пәндер “Балапан” мен “Еларна” телеарналары арқылы телесабақ түрінде көрсетілді.

Бастапқыда телесабаққа оқушылар да, ата-аналар да тосырқай қарағанымен кейін біршама үйрене бастағаны байқалды.

Жамбыл облысы Талас ауданы Үшарал ауылының тұрғыны Бану Мәдиомарованың 3-сыныпта оқитын қызы төртінші тоқсанның алғашқы аптасы басталмай жатып, “мектепте оқимын” деп қиғылық салған.

- Таңертеңнен түске дейін балалар телеарнадан сабақ қарайды. Бірақ алғашқы күндері оны түсінбек түгілі көріп те үлгермейтін. 10 минут өтіп кетеді, дәптерге жазып ала алмай қалады. Уақыт өте төселе бастады, - дейді ол.

Телеарналардан күнделікті таңғы тоғызда басталатын сабақты үйде отырып тыңдайтын оқушыларға ізінше өз мектебінің пән мұғалімдері әлеуметтік желілер арқылы хабарласып, тапсырма береді. Тапсырманы орындаған оқушы әлеуметтік желі арқылы қайта хабарласуы тиіс.

Балаларының сабағына көмектескен ата-аналардың телесабақты әзірлеген мұғалімдердің әдістеріне, сабақтың көрнекілігіне көңілі толмай жатты. Экраннан көрсетілген сабақты әзірлеуші Bilim Media Group компаниясы мұны төтенше жағдайдағы асығыстықпен байланыстырады.

ОҚУШЫЛАР СУРЕТІН ЖАПСЫРЫП ҚОЮ

Онлайн сабақ берумен бұған дейін де айналысып келген Bilim Media Group компаниясы төтенше жағдай кезінде онлайн-сабақтарын білім және ғылым министрлігіне ұсынған.

Министрлік бекіткен соң, компания төртінші тоқсанның басталуына бір аптадай қалғанда мектеп бағдарламасының төртінші тоқсанына арналған телесабақтарын күрт көбейтуге кіріскен. Төртінші тоқсанға 3 мың сабақ түсірілуі керек болған.

- Мереке, демалысты ысырып қойып, 23 наурыздан бастап кірістік. Күніне 60-70 сабақ түсіру керек болды. Кеңсемізді шұғыл түрде студияға айналдырдық, - дейді компания өкілі Қанат Мырзаханов.

Bilim Media Group компаниясының өкілі Қанат Мырзахановтың сөзінше, мұғалімдер еңбек өтіліне ғана емес, камера алдында еркін жұмыс істеу қабілетіне қарай да таңдалған. Оның үстіне ауыр жұмысқа шыдай алатындай болуы тиіс. Өйткені таңертең басталатын 2-3 сағаттық түсірілімге қатысып, оны аяқтай сала келесі күннің дәрісіне дайындықты бастап кету оңай емес.

- Қанша тәжірибелі болса да, бұрын камера алдында сөйлеп үйренбеген мұғалімдерге психологиялық тұрғыда қиын болды. Сабақ түсіндіріп тұрып, операторға қарап қалатын мұғалімдер бар. Олардың әрқайсысын үйретуге тура келді, - дейді Мырзаханов.

Коронавирус пандемиясы кезінде "Балапан" телеарнасындағы мектеп сабағының скриншоты.
Коронавирус пандемиясы кезінде "Балапан" телеарнасындағы мектеп сабағының скриншоты.

Аяқ астынан эфирге шыққандардың бірі - Толқын Бейсекова. Ол 7 сынып оқушыларына теледидардан қазақ тілі және әдебиет пәнінен сабақ берген.

- Мұғалім 20-30 баланың алдында сөйлегенге үйреніп қалған. Ал студияның іші тып-тыныш, тек камераға қарау керек. Бастапқыда экран алдында сөйлей алмаған кездер де болды. Кей мұғалімдер оқушыларының суретін шығарып әкеліп немесе оқушы деген жазуды камера алдына жапсырып қойып, сабақ түсіндірді. Сол жердегі қызметкерлерді де оқушыға айналдырдық, - деп еске алды ол.

Нұр-Сұлтандағы орта мектептің мұғалімі Бейсекова 30 әріптесінің 9-ы ғана іріктеуден өткенін айтады.

- Камера алдында өзін дұрыс ұстай білуі негізгі талаптың бірі болды. Сабақ бергенімізді әдіскерлер, редакторлар қарап отырып, іріктеді, - дейді ол.

“Телесабақ уақыты аз, мұғалім өз пәнінен жаңылысып қалады” дейтін ата-аналар пікіріне телесабақ жасаушылардың да уәжі бар.

“Әдетте мектептегі 40 минуттың 10 минуты ғана жаңа сабақ түсіндіруге, ал қалғаны оқушылармен жұмысқа жұмсалады. Телесабақ уақыты соған сәйкес жасалды”, - дейді Bilim Media Group мамандары. Бірақ кейінірек телесабақ уақытын 12-13 минутқа дейін ұзартқан.

“Балапан” мен “Еларнадан” шығатын видеосабақтың сапасын Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы тексереді. Академияның аға ғылыми қызметкері Балжан Тортаева әр сабақ бірнеше рет тексеруден өткенін айтады. Дегенмен де мұғалімнің алғашқы сабақтарда қателіктің болғанын мойындайды.

- Педагогтар бұрын-соңды тәжірибесінде кездеспеген әдіспен жұмыс істегендіктен, қатты қобалжыды. Камера алдындағы стресс әсер етті,- дейді ол.

Республикалық “QAZBILIM.KZ” орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлының сөзінше, теледидардан өтіп жатқан сабақты қабылдау баланың мүмкіндігіне байланысты. Он минуттық лекцияны пайдасына жаратып, қосымша ізденгенде ғана сапалы білімге қол жеткізуге болады.

- Еліміздің білім беру жүйесінде тың тәжірибе болды. Бетпе-бет сабақ түсіндіруді алмастыра алмайды, бірақ білім берудің бір формасы ретінде қарастыруға болады екен, - дейді ол.

ТҮНДЕЛІККЕ АЙНАЛҒАН КҮНДЕЛІК

Мамандардың сөзінше, телеарнадағы сабақтарға жұмылған 300-ге жуық мұғалімнің барлығы Нұр-Сұлтан қаласынан таңдалған. Карантинге байланысты басқа қалалардың мұғалімдері қатыстырылмаған. Ал астанадан таңдалғаны - мектеп-гимназиялар мен Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімдері.

Мұғалімдерді онлайнда жұмыс істеуге үйрететін TilBil Online Education компаниясының директоры Нұрлан Жанай телесабақтар тартымды болмады деп есептейді.

- Бір сарынды, бір фон, бір дикция. Мұғалім мектептегі әдісімен сабақ береді. Бала мектептегі мұғалімді теледидардан көргенде қорқады, қашып, қабылдамайды. Әрине, аз уақытта, тез түсіру керек болды. Бірақ сабақтарды ойын түрінде, жеңіл өткізу керек еді, - дейді ол.

Білім саласының мамандары телеарна арқылы сабақ бірінші кезек елдегі интернет жағдайы мен мұғалім біліктілігінің деңгейін көрсетіп берді деп санайды. Олар телеарнадан берілген сабақты оқушыларымен әрі қарай онлайнда жалғастыратын жергілікті мектеп мұғалімдеріне де сын болғанын айтады.

- Телесабақ – онлайн оқудың алғашқы сатысы. Одан кейін әр мектептің мұғалімдері өз оқушыларымен байланыс жасауы тиіс. Бірақ карантин интернеті әлсіз ауылдардың көп екенін көрсетті. Ондай ауыл мұғалімдері көбіне интернетті түнде (интернет жылдамдығы жақсарған уақытта – ред.) пайдалануға мәжбүр болғандықтан, күнделікті түнделік деп атап кеткен, - дейді Жанай.

Педагогтарды онлайнда жұмыс істеуге машықтап жүрген маманның сөзінше, қашықтан оқытудан бұрын мұғалімдерге гаджетті қалай пайдалану керектігін үйретіп алған да артық болмайды.

- Мұғалімдердің 60-70 пайызы заман ағымына бейімделіп үлгермеген егде адамдар. Әрі интернет пен гаджет екінің бірінде жоқ. Бар телефонның видеосабақтарға күші жетпейді. Мектепте әлі де қағазбен жұмыс істейтіндіктен, онлайн жұмыс істеуге мұқтаждық болмаған, - деп есептейді ол.

Оның сөзінше, қашықтан жұмыс істеудің артықшылықтары байқалған соң, онлайн-репетитор, онлайн-педагог мамандар көбейе түседі.

Карантин кезінде үйден оқып жатқан оқушыларға арналған тапсырмалар
Карантин кезінде үйден оқып жатқан оқушыларға арналған тапсырмалар

Толқын Бейсекова өткен аптада төртінші тоқсандағы сабақтардың түсірілімін аяқтады. Алғаш эфирге шыққанда қатты уайымдаған ол арқасынан жүк түскендей жеңілдеп қалғанын айтады. Телесабақтарға қатысқан аз уақыт ішінде ол жұмысының жетілдіретін тұсын да байқаған.

- Осыған дейін BilimLand, Google Clasroom платформаларында жұмыс істеуге көңіл бөлмейтінбіз. Негізі оны карантинге дейін меңгеріп алуымыз керек еді. Үйренбей жүріп, карантин уақытында шұғыл пайдалануға тура келді. Осы уақыт ішінде мұғалімдер де оқушымен қоса білім алды, - деді ол.

Қазақстан коронавирус індетіне байланысты сәуірдің бірінен бастап қашықтан оқуға көшкен. 1 сәуір күні онлайнда жалпы республикалық сынып сағаты өткізілді. Ал 3 сәуір күні білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстандағы интернеттің онлайн сабақ өткізуге мүмкіндігі жетпейтінін мойындап, 2,5 миллион бала телеарна арқылы сабақ алатынын мәлімдеді.

Оқушылар телесабақтармен қатар онлайн білім беру қызметі бар “Күнделік”, BilimLand, Daryn online платформаларын да пайдалана алады.

  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG