Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

14:16 21.6.2020

Өткен тәулікте әлемде 157 мыңға жуық адамнан коронавирус табылды

Бұл соңғы күндердегі көрсеткіштермен салыстырғанда сәл төмендеу. 19 маусымда бір күнде 180 мыңнан астам адамға вирус жұққаны хабарланған. Бұл эпидемия басталғалы тіркелген ең жоғары көрсеткіш.  

Жаңа науқастардың басым бөлігі АҚШ (33 388), Бразилия (31 571), Үндістан (15 915), Ресейде (7889) тұрады. 20 маусымда әлем бойынша 4428 адам коронавирустан қайтыс болған. 

Америкалық Джон Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде вирус жұқтырғандар 8,8 млн адамға жеткен. 464 мыңнан астамы қайтыс болған. 4,3 млн жазылған. 

15:55 21.6.2020

Нұр-Сұлтанда ұлттық бірыңғай тестілеуге температурасы бар мектеп түлегін кіргізбеді

Бұл туралы ресми БАҚ хабарлады. Ұлттық тестілеу орталығының айтуынша, мектеп оқушысы емиханды кейінірек тапсырады. 

Қазақстанда 21 маусымда ҰБТ басталған. Биыл ҰБТ тапсыруға 131 мыңнан астам адам өтініш берген. Оның 82 пайызын биыл бітірген түлектер құрайды.

ҰБТ-ның алғашқы күні 6,5 мың адам тест тапсырған. Министрлік аудиторияда отыратын адамдар саны екі есеге қысқарғанын хабарлады. Биылғы ерекшеліктердің бірі: тест тапсыруға төрт сағат беріледі, әрбір абитуриентке калькулятор ұсынылады. 

Аудиторияға кірер алдында талапкерлер дезинфекциялайтын тоннель арқылы және аяқ киімді залалсыздандыратын арнайы төсеніштен өтеді. Санитайзермен қолды тазалайды. Дене қызуы өлшеніп, маска ұсынылады.

Оқи отырыңыз: Калькулятор қолдануға бола ма? Апелляцияға қалай берем? ҰБТ жайлы cізді мазалаған сұрақтарға жауап

21:16 21.6.2020

Атырауда COVID-19 жұқтырған адам "жүрек ауруынан" қайтыс болды

Атырау қаласында коронавирус инфекциясы жұққан 81 жастағы зейнеткер қайтыс болды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Жергілікті "Ақжайық" басылымының жазуынша, облыста коронавируспен байланысты осымен тоғызыншы науқас қайтыс болып отыр. 

Облыстық басқарманың мәліметінше, 1939 жылы туған ер адам 11 маусымда провизорлық стационарға жеткізілген. Ер адамда дене қызуы, әлсіздік, тершеңдік, құрғақ жөтел, тәбеттің төмендеуі сияқты ауру белгілері байқалған. Стационарға жатқызылған кезде ер адамның жағдайы орташа ауыр болған. Зейнеткер коронавирус тестінен өткен кезде нәтижесі оң болып шыққан. 

20 маусымда науқастың жағдайы нашарлап, жүрегі тоқтаған. Реанимациялық шаралардан нәтиже болмаған. Басқарма өкілдері науқастың өліміне "тыныс алу және жүрек жетіспеушілігі" себеп болды дейді. 

Ресми мәлімет бойынша, Атырау облысында үш адам коронавирустан қайтыс болған.

Елде коронавирус жұққан қайтыс болған ондаған адамның өлімі ресми есепке енгізілген жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі олардың өліміне "ілеспе ауру" себеп болды деп айтқан. 18 маусымда денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева коронавирустан қайтыс болғандар тізіміне кірмеген 54 өлім тіркелгенін айтқан. Оның айтуынша, бұл науқастар коронавирус жұқтырғанмен "инфаркт, инсульт, онкологиялық аурулар секілді өзге негізгі дерттерден қайтыс болған".

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда бір аптада 45 адам көз жұмған. Үш айдан астам уақыт ішінде 118 адам коронавирустан қайтыс болған. 

22:36 21.6.2020

Алматыда коронавирустан екі адам қайтыс болды

Алматыда 1957 және 1960 жылы туған екі ер адам коронавирустан қайтыс болды. Өлім-жітімді зерттеу комиссиясы марқұмдардың қайтыс болуына COVID-19 дерті себеп болды деген шешім қабылдаған. 

Қазақстанда коронавирустан барлығы 120 адам көз жұмған. Нұр-Сұлтан (32), Алматы қаласы (20) және Павлодар облысы (13), Шымкент қаласында (13) адам өлімі көп тіркелген.

18 маусымда денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева коронавирустан қайтыс болғандар тізіміне кірмеген 54 өлім тіркелгенін айтқан. Оның айтуынша, бұл науқастар коронавирус жұқтырғанмен "инфаркт, инсульт, онкологиялық аурулар секілді өзге негізгі дерттерден қайтыс болған". Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдеріне коронавирус жұқтырған марқұмдарды (жазатайым оқиғадан және инфарктен қайтқандардан басқасын) ресми статистикаға қосуды ұсынған.

Елде соңғы уақытта күніне кемінде мың адамнан вирус табылып жатыр. Нұр-Сұлтан, Алматы және бірқатар аймақтарда инфекциялық стационарлар толды, кейбір науқастар ауруханаға қабылдамай жатқанына шағымданған. Денсаулық сақтау саласы мамандары тек жағдайы ауыр науқастарды ғана ауруханаға жатқызатынын мойындаған.

Соңғы уақытта елде коронавирусты анықтайтын тестен өту де қиындаған. Кейбір аймақтарда пневмонияға шалдыққандар артқан.

Тағы

XS
SM
MD
LG