Бір күнде 1,5 мыңға жуық адамнан КВИ анықталды. Симптомы бары 500-ден асты
Кеше, 21 маусым күні Қазақстанда 1471 адамнан коронавирус инфекциясы (КВИ) анықталды. Оның 507-сінде ауру симптомдары бар. Бір тәулікте 226 адам дерттен жазылып, екі адам қайтыс болған.
Ауру симптомы барлар бойынша, Нұр-Cұлтан қаласы алда түр. Ел астанасында коронавирус пен оның симптомдары 103 адамнан анықталды. Екінші орында - Қарағанды облысы (58 адам). Ауру белгілері жоқ жағдайлар бойынша алғашқы үштікте - Қарағанды облысы (140 адам), Атырау облысы (137 адам) және Шымкент қаласы (86 адам).
Қазақстан билігі 3 маусымнан коронавирус жұқтырғандарды ауру белгісінің бар-жоғына қарай екі бөлек есептеп келеді. Ауру белгілері бары “ауырғандар”, жоғын “тасымалдаушы” деп аталды. Билік соңғысын вирус жұқтырғандардың негізгі статистикасына кіргізбей отыр. Ал коронавирустың таралуын бақылап отырған әлемдік денсаулық сақтау ұйымдары мен орталықтары биліктің ресми дерегіне сүйеніп, Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандардың санын көрсетерде ауру белгісі жоқтарды ескермей отыр.
Елде 13 наурыздан бері 27 541 адамнан вирус анықталған. “Ауырғандар” - 17732, "тасымалдаушылар” – 9809. Он бір мыңға жуық адам дерттен жазылып, 120 адам қайтыс болды.
18 маусым күні Қазақстан денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева коронавирустан қайтыс болғандар тізіміне енбеген 54 өлім тіркелгенін айтқан. Қайтыс болған адамдарда вирус болған, бірақ өлім себебі басқа деп көрсетілген.
Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтан COVID-19 анықталды
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов коронавирус жұқтырған. Бұл туралы 22 маусымда облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел хабарлады.
"Алматы облысының әкімі Амандық Баталов оқшауланды. Себебі, соңғы зертханалық сынама облыс басшысының бойында COVID-19 белгілерін анықтады. Ауру белгісіз (симптомсыз) өтуде. Осы уақыт аралығында облыс әкімі оқшауланып ем қабылдап, жұмысын жалғастырады", - деп жазды Жүкел Facebook-те.
Өткен аптада Баталов облыстағы Ұйғыр ауданына барып, жергілікті тұрғындармен кездескен. Әкім сапарына аудандағы қазақ және ұйғыр жастарының төбелесі түрткі болды.
68 жасқа шыққан Амандық Баталов Алматы облысын 2014 жылдың тамызынан бері басқарады.
Қырғызстанда алғаш рет бір күнде 200-ден аса адамнан COVID-19 анықталды
Қырғызстанда өткен тәулікте коронавирус инфекциясы 205 адамнан анықталды, оның 26-сы – медицина қызметкерлері. Бұл туралы 22 маусымда қырғыз денсаулық сақтау министрі Сабиржан Абдикаримов мәлімдеді. Бір тәулікте 200-ден аса адамның анықталуы елде алғаш рет тіркеліп отыр.
Вирус жұқтырғандардың көбі Бішкекте анықталған – 82 адам. Шу облысы – 33, Ош қаласы – 25, Ош облысы – 20, Нарын облысы – 19, Ыстықкөл облысы – 10, Жалал-Абад облысы – 8 және Талас облысында 6 адамнан вирус анықталған.
Кейінгі бір тәулікте бұған дейін COVID-19 диагноз қойылып, ауруханаға жатқызылған 10 адам жазылып шыққан.
Бішкек әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының бастығы Бақтыгүл Исмаилова жексенбіден бастап мобильді бригадалар саны екі есеге ұлғайғанын айтты.
«Республикалық штаб пен денсаулық сақтау министрлігінің шешімі бойынша, мобильді бригадалар саны 20-дан 40-қа дейін ұлғайды. Олар тәулік бойы жұмыс істейді», - деді Исмаилова.
Оның сөзінше, маусым айында коронавирус мәселелері бойынша 118 телефон нөміріне хабарласатындар да күрт көбейген. «Тәулік бойы кеңес беретін желі саны 14-ке дейін көбейтілді», - деді Исмаилова.
Қырғызстанда осы кезге дейін коронавирус барлығы 3356 адамға жұққан. 2021 адам жазылып, 40 адам қайтыс болған.
Өзбекстан COVID-19 жұқтырып алған шетелдік туристке 3000 доллар төлемек
Өзбекстанға қыдырып келген шетелдік турист COVID-19 жұқтырып алса, мемлекет оған 3 мың АҚШ доллары көлемінде өтемақы төлейді. Бұл туралы жақында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев қол қойған қаулыда айтылған.
Құжатқа сай, елде шетелдік туристердің «қауіпсіздігін қамтамасыз етуді» көздейтін «Uzbekistan. Safe travel guaranteed» («Өзбекстан. Қауіпсіз сапарға кепілдік») санитарлық-эпидемологиялық жүйе енгізіледі. Оның аясында құрылатын Туризм қауіпсіздігі қорына Дағдарысқа қарсы қордан, сонымен бірге сертификация алу үшін төленетін жарналар есебінен 20 миллиард сум (2 миллион долларға жуық) ақша бөлінеді.
«Туроператорлар, қонақүйлер және туризм индустриясымен байланысы барлардың бәрі бірқатар қажет талаптарды орындаған соң арнайы сертификатқа ие болады. Мұндай сертификат шетелдік туристермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді», - деген Инновациялық денсаулық сақтау ұлттық палатасының төрағасы Равшан Изамов жергілікті телеарнаға берген сұхбатында.
Туристерге өтемақы төлеуді қарастыратын мұндай тәжірибе әлемде көп елдерде бар деп хабарлайды Азаттықтың Өзбек қызметі – Озодлик радиосы.