Accessibility links

Баку еуропалық саясаткерлерге "пара бергенін" жоққа шығарады


Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен оның әйелі, елдің вице-президенті Мехрибан Әлиева төртінші Ислам ынтымақтастық ойындары кезінде. Баку, 17 мамыр 2017 жыл.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен оның әйелі, елдің вице-президенті Мехрибан Әлиева төртінші Ислам ынтымақтастық ойындары кезінде. Баку, 17 мамыр 2017 жыл.

Коррупция мен ұйымдасқан қылмысты зерттеумен айналысатын жоба есебінде Әзербайжан билігінің еуропалық саясаткерлеріне күмәнді жолмен ақша аударып келгенін әшкереледі. Әзербайжан президентінің баспасөз қызметі бұл айыптаулардың "президент пен туыстарына қатысы жоғы" туралы мәлімдеді.

"ҚАРА КАССА" ЖАЙЛЫ ЗЕРТТЕУ

Халықаралық "Коррупция мен ұйымдасқан қылмысты зерттеу жобасы" (Organized Crime and Corruption Reporting Project - OCCRP) осы аптада жариялаған зерттеуінде Әзербайжанның басқарушы элитасы ресми Бакудың атына сын айтылмауы үшін жылдар бойы қомақты ақша және қымбат заттармен еуропалық саясаткерлердің "аузын майлап" келгені айтылған. Есеп жарияланған күннің ертеңінде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің баспасөз қызметі мәлімдеме жасады.

"Коррупция мен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы жобасы" таққан айыптарға президенттің де, оның отбасы мүшелерінің де еш қатысы жоқ", - делінген қыркүйектің 5-і күні Әлиевтің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.

Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында Әзербайжан сыртқы істер министрлігінің өкілі Хикмет Гаджиев OCCRP зерттеуін америкалық миллиардер филантроп Джордж Сорос пен "жемқор құқыққорғаушы белсенділер" тапсырысы бойынша жасалған «фейк ньюс" деп атаған.

"Коррупция мен ұйымдасқан қылмысты зерттеу" – Еуропа, Ресей және АҚШ-тың бірнеше ақпарат құралының бірлескен жобасы. Есепті жазған журналистердің айтуынша, күмәнді ақшаның қайдан келгенін тап басып айту қиын, "бірақ оның президент Ильхам Әлиевтің отбасымен байланысы бар екенін дәлелдейтін айғақтар жеткілікті".

Күмәнді ақша аударылымына қатысты ақпаратты алдымен даниялық Berlingske басылымы зерттей бастаған, артынша бұл іске неміс, француз, британ және болгар басылымдары қосылған.

Қаражаттың басым бөлігі фирмалардың есеп-шоттарына Әзербайжандағы банктерден аударылып отырған. Ең көп ақша (1,4 миллиард доллар) бір ұйымның Әзербайжан халықаралық банкіндегі есеп-шотынан жөнелтілген. Бұл банк кейін банкрот деп танылған.

Айтпақшы, Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 71,3 миллиард теңге қаржыны дәл осы банкрот болған банктің облигацияларын сатып алуға жұмсағаны белгілі.

Оқыңыз: Бакудегі банкроттық

ШЕТЕЛДІК САЯСАТКЕРДІҢ "АУЗЫН МАЙЛАУ"

Оппозиция өкілдері, адам құқықтарын қорғау ұйымдары Әзербайжан үкіметін "жемқорлықпен айналысады, сайлау нәтижелерін бұрмалайды, оппозициялық саясаткерлер мен белсенділерді, журналистерді саяси мақсатта қудалайды" деп жиі айыптайды.

Есептегі қорытынды бойынша, қомақты ақша кемінде еуропалық үш саясаткер, бір журналист және бірнеше бизнесменнің "аузын майлап", Баку туралы сыни пікір айтқызбау мақсатымен берілген.

"Лобби әрекетінің сәтті болғаны сондай, Еуропа кеңесінің мүшелері Әзербайжанды сынайтын 2013 жылдың есебіне қарсы дауыс берген", - деп жазады The Guardian басылымы.

Даниялық Berlingske газеті алғаш қолына түсірген банк операциялары туралы ақпарат бойынша, Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясының (ПАСЕ) бұрынғы бірнеше мүшесіне қайталап ақша жіберіліп отырған.

Күмәнді қаржыны аудару схемасы.
Күмәнді қаржыны аудару схемасы.

ВВС-дің хабарлауынша, Еуропадағы адам құқықтарының сақталуын қадағалайтын басты орган – Еуропа кеңесі бұл істі өз бетінше тергеп жатыр.

"Пара алды" деп айыпталғандардың арасында Германия бундестагының бұрынғы депутаты, канцлер Ангела Меркельдің Христиан-демократиялық партиясының Бавариядағы серіктес партиясы - Христиан-социалдық одағының мүшесі Эдуард Линтнер және Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясындағы оңшыл центристік топтың бұрынғы басшысы, италиялық Лука Волонте бар.

Линтнер 2013 жылы ПАСЕ-нің Әзербайжандағы сайлауды бақылау миссиясын басқарып, Бакуге келіп кеткен еді. Журналистердің жазуынша, арада екі апта өткен соң оның есеп-шотына 61 мың еуро түскен. Әзербайжандағы сайлау жөнінде білдірген пікірінде ол: "Сайлау процесінің өзі жоғары деңгейде ұйымдастырылды, оның деңгейі, мәселен, Германиядағы стандарттарға сай келеді", - деп мәлімдеген. Линтнерге 2012-2014 жылдар аралығында 891 мың еуро аударылған.

Күмәнді ақша жайлы "Осы шақ" жобасының видеосы (орысша):

2013 жылы ЮНЕСКО директоры, болгар саясаткері Ирина Бокова "Әзербайжан – толерантты ел" атты фотокөрме өткізген. Үш күннен соң оның күйеуі – Калин Митревтің есеп-шотына "басқару қызметі үшін" деген жазбамен 20 мың еуро келіп түскен. Екі жыл ішінде Митрев 425 мың еуро ақша алған.

Италияның құқық органдарының мәліметі бойынша, осы елдің саясаткері Лука Волонте Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясында Әзербайжандағы саяси тұтқындар туралы қарардың қабылдануына кедергі жасау үшін Бакуден қомақты қаржы алып отырған. Ұлыбританиядағы жалған компаниялар оған 2 миллион еуро ақша төлеген. Ал Волонтенің өзі болса, "әзербайжандық ықпалды бизнесменге консультациялық қызмет көрсеттім" дейді.

Италия саясаткері Лука Волонте.
Италия саясаткері Лука Волонте.

Журналистердің осы есебі шыға салысымен ПАСЕ-нің құқықтық мәселелер комитеті талқылағалы отырған Әзербайжандағы адам құқықтары жөніндегі есепке өзгеріс енгізді. Есепте Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтен "тез арада "ландромат схемасына" қатысты тәуелсіз әрі бейтарап тергеу жүргізу" талап етілген.

Азаттық радиосы Әзербайжан қызметінің журналисі Хадиджа Исмаилованың айтуынша, еуропалықтарды сатып алу "қоры" жұмыс істеп тұрған кезеңде ел үкіметі адам құқықтарын қорғаушы белсенділерді, оппозициялық саясаткерлер мен журналистерді – ұзын саны 90-нан астам адамды саяси себептермен түрмеге жапқан.

- Әзербайжандағы жемқорлық жұқпалы болып шықты, ол халықаралық ұйымдарға да таралып кетті. Халықаралық ұйымдар өз стандарттарын қорғап, осындай ақша жымқыру механизмдері арқылы Әзербайжан үкіметінен пара алған саясаткерлеріне тергеу жүргізеді деп үміттенемін, - деді Хадиджа Исмаилова Азаттықтың орыс тіліндегі "Осы шақ" ("Настоящее время") жобасына берген сұхбатында.

Хадиджа Исмаилованың сұхбатынан үзінді:

XS
SM
MD
LG