Accessibility links

CPJ: Әлемде түрмеде отырған журналист көп


"Жала жабу" және "Қорлау" баптары бойынша 2 жыл 3 айға түрмеге қамалған журналист Амангелді Батырбеков сот залында. Түркістан, 15 қараша 2019 жыл.
"Жала жабу" және "Қорлау" баптары бойынша 2 жыл 3 айға түрмеге қамалған журналист Амангелді Батырбеков сот залында. Түркістан, 15 қараша 2019 жыл.

Журналистерді қорғау комитеті авторитарлы режимдер өзін сынайтын БАҚ-ты бақылауда ұстауды жөн көреді дейді. Ұйым есебінше, әлемде кемінде 250 журналист кәсібіне бола түрмеде отыр. Биыл олардың қатарына Қазақстаннан бір журналист қосылды.

Штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан халықаралық Журналистерді қорғау комитеті (Committee to protest journalists - CPJ) желтоқсанның 11-і күні жариялаған есебінде әлем бойынша кәсіби жұмысын атқарғаны үшін түрмеге қамалған журналистер саны әлі күнге рекордты көрсеткіштен азаймайғаны айтылған. Былтыр түрмеде 255 журналист отырғаны хабарланған.

Журналистерді түрмеге қамаған елдер тізімін бастап тұрған Қытайда кемінде 48 журналист абақтыда отыр. Одан кейінгі орындарда Түркия (47), Сауд Арабиясы мен Египет (әрқайсысында 26 журналистен) орналасқан. Эритрея, Вьетнам мен Иран да "тілшілерді түрмеге тоғытатын" мемлекеттер ретінде аталған.

CPJ мәліметі бойынша, биыл үкіметке қарсы жаппай наразылық акциялары өткен Иранда 11 журналист түрмеде жазасын өтеп жатыр. Алайда CPJ тізіміне тек мемлекеттік түрмеде отырған журналистер енгізілген. Ал хабар-ошарсыз кеткен немесе үкіметтік емес топтардың қолына түскен тілшілер бұл тізімде жоқ.

Журналистерді қорғау комитетінің мәліметі бойынша, репрессивті саясат ұстанатын режимдер журналистерге әдеттегі "мемлекетке қарсы іс-әрекет" айыбына қоса "жалған хабар тарату" айыбын таққан. Ұйым есебінде биыл Ресей мен Сингапурде қабылданған заңдарда "жалған ақпарат" жариялағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылғанын атап көрсеткен. Былтыр мұндай айып 28 журналиске тағылған болса, биыл олардың саны 30-ға жетті деп жазады CPJ.

Халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстан заңында тәуелсіз журналистер мен баспасөз құралдарын қудалап, қылмыстық жауапқа тартуға мүмкіндік беретін баптар барын талайдан бері айтып келеді.

Биыл қыркүйекте Қазақстан соты журналист Амангелді Батырбековті Қылмыстық кодекстің "Жала жабу" және "Қорлау" баптары бойынша 2 жыл 3 айға түрмеге қамауға үкім еткен. Журналистің үстінен сотқа арызды Түркістан облысы Келес ауданы білім бөлімінің басшысы Бақтияр Әбдиев берген. Өзіне тағылған айыптарды мойындаудан бас тартқан журналист шенеунікті сынаған жазбасы үшін қуғын көріп жатқанын, ол жазбада айтылған оқиғаға өзінің үстінен қозғалған істі қараған судьяның да қатысы барын мәлімдеген. Журналистің апелляция шағымын қазір сот қарап жатыр. Жақтастары мен құқық қорғаушылар биліктен журналисті босатуды талап етеді.

Желтоқсанның 11-і күні Қазақстандағы сөз бостандығын қорғайтын үкіметтік емес ұйым - "Әділ сөз" қоры Түркістан облысы Сарыағаш ауданы сотында Амангелді Батырбековтың үстінен "Жала жабу" және "Қорлау" баптары бойынша қозғалған тағы бір қылмыстық іс қаралатыны туралы хабарлады. Арыз иесі Ләйла Дарханбаеваның есімі жергілікті медиаторлар тізімінде кездеседі.

Журналистерді қорғау комитеті және "Шекарасыз тілшілер" (RSF — Reporters sans frontières) халықаралық құқық қорғау ұйымдары бұған дейін бірнеше рет Қазақстан билігін журналист Амангелді Батырбековты қамаудан босатуға шақырған.


"Тіпті жалғыз журналисті түрмеге қамаудың өзі оның отбасына, достары мен әріптестеріне тигізер салдары ұзаққа баратын сорақы әділетсіздік саналады. Ал жылдан жылға жүздеген журналисті түрмеге тоғыту баршамыз тәуелді болып отырған әлемдік ақпарат жүйесіне қауіп төндіреді" деді Журналистерді қорғау комитетінің атқарушы директоры Джоэль Саймон.

"Репрессивті саясат жүргізетін үкіметтер бұл қатыгез тактиканы өз қоғамы мен күллі әлемді маңызды ақпараттан айыру үшін қолданып келеді" дейді Саймон.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG