Accessibility links

Мәскеуді Қырым демографиясын өзгертті деп айыптады


Қырым татарлары белсендісі Бекир Дегерменджиді (ортада) қолын кісендеп әкетіп барады. Қырым татарлары лидері Мұстафа Жемилев билік "байырғы тұрғындарды көшуге мәжбүрлеу үшін адам төзгісіз жағдай қалыптастырып отыр" дейді.
Қырым татарлары белсендісі Бекир Дегерменджиді (ортада) қолын кісендеп әкетіп барады. Қырым татарлары лидері Мұстафа Жемилев билік "байырғы тұрғындарды көшуге мәжбүрлеу үшін адам төзгісіз жағдай қалыптастырып отыр" дейді.

Қырым татарлары белсенділері Ресей 2014 жылы түбекті аннексиялағалы бері Қырымға бір миллион адам қоныстандырған деп мәлімдейді. Сарапшылар мұның қаншалық нақты екеніне көз жеткізу қиын, әйткенмен Мәскеудің даулы аймақтың демографиясын әдейі өзгертіп жатқаны анық дейді.

Украинаға тиесілі аймақты 2014 жылы Ресей аннесиялап алғалы бері мұнда байқатпастан аса маңызды демографиялық өзгеріс болып жатыр. Украина басшылығы мен сарапшылардың айтуынша, Мәскеу аймақтың демографиялық құрамын өзгерту үшін түбекке Ресейдің түкпір-түкпірінен жүздеген мың адамды көшірген.

"2014 жылдан бері мұнда Сібірден жұрт ағылып келіп жатыр. Олар әуелі Краснодарға келген, енді қазір Қырымға жаппай қоныстана бастады. Кейде тіпті Сібірдің тең жартысы үдере көшіп келгендей әсер қалдырады", – деді Санкт-Петербургтен Қырымға көшіп барған, "Ян Ларос" деген атпен блог жазатын Сергей есімді жігіт биыл наурызда Азаттықтың Украин қызметіне берген сұхбатында.

Ресейдің ресми статистика мәліметтеріне сүйенсек, аннексиядан кейін Қырымға 247 мыңға жуық ресейлік көшіп барған. Осы аралықта 140 мың адам Украинаның басқа аймақтарына көшіп кеткен, олардың басым бөлігі – украиндар мен Қырым татарлары.


Алайда Украина ресми тұлғалары шынайы цифрлар бұдан әлдеқайда көп дейді. 2001 жылы Украина жүргізген санақ нәтижесі бойынша, Қырым түбегінде 2,4 миллион адам тұрған. Олардың 60 пайызы орыс ұлтының өкілдері болса, 24 пайызы – украин, 10 пайызы – Қырым татарлары болған. Ал 2014 жылы Ресей жүргізген санақ мәліметінше, аймақта 2,285 миллион адам тұрады, олардың 65 пайызы – орыстар, 15 пайызы – украиндар, 12 пайызы – Қырым татарлары.

"Әңгіме жүз мыңдаған адам туралы екенін сеніммен айтуға болады, – деді Украина президенті Петр Порошенконың Қырымдағы тұрақты өкілі Борис Бабин Азаттықтың Украин қызметіне берген сұхбатында. – Көп шенеунік отбасыларымен бірге көшіп келеді, содан соң олардың отбасы мүшелері жұмыс істей бастайды. Бұған қоса, көшіп келгендердің арасында "гастарбайтерлер" көп. Олар Қырымдағы әскер саласындағы ірі құрылыс жобаларына келіп жатыр".

Бабиннің айтуынша, Қырымның 40 мыңға жуық тұрғыны Украинаның басқа бөлігіне қоныс аударып, ішкі босқын ретінде тіркелген, көшіп барған тағы ондаған мың адам әлі тіркеуге тұрмаған.

"БҰЛ - ҚЫЛМЫС"

Мамырдың 27-і күні "Укринформ" агенттігіне берген сұхбатында Қырым татарлары лидері, Украина президенті Порошенконың Қырым татарлары істері жөніндегі уәкілі Мұстафа Жемилев Ресейден Қырымға көшіп барған адам саны 850 мыңнан миллионға дейін жетеді деп мәлімдеді.

"Мұны әскери құпия етіп отыр, өйткені олар мұның қылмыс екенін жақсы біледі", – деген Жемилев бұл болжамды түбекте тұрып жатқан Қырым татарлары берген мәліметтер негізінде жасағанын айтты.

"1949 жылғы Женева конвенциясына сәйкес, оккупацияланған аймақтың демографиялық құрамын күштеп өзгерту әскери қылмыс қатарына жатады. Сондықтан, олар қанша адам кіргізгені туралы ақпаратты жасырып отыр", – дейді Жемилев.

Қырым татарлары лидері Мұстафа Жемилев.
Қырым татарлары лидері Мұстафа Жемилев.

Женева конвенциясының 49-бабында "оккупациялаушы держава өзі басып алған аймақтың халқын депортациялай алмайды, басып алған жерге өз елінің тұрғындарын көшіріп қоныстандыра алмайды" деп жазылған.

Қырым татарларының тағы бір жетекшісі, Украина Жоғарғы Радасының депутаты Рефат Чубаров "нақты санды ешкім айта алмайды, бірақ әңгіме жүз мыңдаған адамдар туралы айтылып отыр" дейді.

- Бұлардың арасында әскерилер мен жазалаушы орган қызметкерлері, олардың отбасылары бар. Шенеуніктерді де қоныстандырып жатыр. "Қырымда тұрмыс жағдайымыз жақсы болады" деген дәмемен Ресейдің түрлі аймақтарынан келіп жатқандар да аз емес, – деді Чубаров Азаттықтың Украин қызметіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, 2014 жылы аннексиялағаннан кейін түбекте Ресейдің бірнеше әскери базасы пайда болған, арнайы әскери қалашықтар кеңейтілген.

- Қырымға әскерилерді, жазалау органдарының қызметкерлерін әдейі тоғытып жатқанына шүбә жоқ. Олар жай ғана бағынышты емес, тексеруден өткен адамдардың көмегімен осындай басқару режимін қалыптастыруға тырысады. Бұл адамдарды олар өздерінде – құрлықта таңдап алады, – дейді Чубаров.

BlackSeaNews сайтының бас редакторы Андрей Клименко 2017 жылғы маусымда демографиялық манипуляция туралы былай деп жазды: "Ресей Қырымдағы демографиялық жағдайды бағынышты халықты "әскери жолмен көндіктіру" тұрғысынан қарастырады, оларға көп қаржы шығындамайды, әрі олар азаматтық қарсылық пен саяси белсенділіктің басқа түрлерін жүзеге асыруға қауқарсыз".

"ЖЕРГІЛІКТІ АДАМДАРДЫ ТЫҚСЫРЫП ЖАТЫР"

Антон Лучезаров Новосибирскіден Қырымға өз еркімен көшіп барғанын айтады. "Бәлкім, мен үгіт-насихатқа елітіп, ойланбастан көшіп келген болармын. [Президент Владимир] Путин дұрыс істеп жатыр", – дейді ол.

Андрей Новиков Ресейдің орталығындағы Иваново қаласынан Қырымға зейнетке шығу үшін көшіп барған. Жергілікті халықтың айтуынша, түбекте бұл – қалыпты жағдай саналады.

- Таиланд, Үндістан, Вьетнам тәрізді елдерді қарастырып жүргенмін. Саясат сәтін салып, Қырым Ресейге қосылды, содан соң шетелге көшудің мәні кетіп, Қырымға көшуді ұйғардық, – дейді Новиков.

Ресейдің Қырымды өзіне қосып алуына қатысты Новиковтың айтқан сипаттамасымен Украинаның да, оның 44 миллион азаматының да келісе қояры күмәнді. 2014 жылғы наурызда ешқандай айырма белгілері жоқ әскерилер Қырымды бақылауына алып, оккупация жағдайында күмәнді референдум өткізген. Содан соң Путин "Қырым әрдайым Ресейдің құрамдас бөлігі болған" деп мәлімдеді. Бір аптадан соң БҰҰ "Украинаның аумақтық тұтастығы туралы" декларациясын қабылдаған кезде көпшілік дауыспен Мәскеудің талабын қабылдамай тастады.

1944 жылғы депортация құрбандарын еске алу акциясында тұрған Қырым татарлары. Симферополь, 18 мамыр 2018 жыл.
1944 жылғы депортация құрбандарын еске алу акциясында тұрған Қырым татарлары. Симферополь, 18 мамыр 2018 жыл.

"Украина болашақ институты" талдау орталығының сарапшысы Игорь Тышкевичтің айтуынша, Ресей үкіметінің зейнеткерлерді Қиыр солтүстік аймақтан және мемлекетке ұстауға қымбат басқа өңірлерден көшіруді көздейтін бағдарламасы бар. Бұған қоса, мұғалімдер мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін Қырымға көшуге ынталандыратын бағдарламалар да бар.

- Медицина саласында 25 жыл еңбек еттім. Қазір мұнда медициналық қызметтерді тек Ресейден келгендер атқарады. Олардың неге келіп жатқанын түсінікті – мұнда теңіз бар, басқа бар дегендей. Олар жергілікті тұрғындарды тықсырып жатыр, , – дейді өзін Антонина деп қана атауды сұраған Севастополь тұрғыны.

ЖАҢА ҒАСЫРДА ҚАЙТАЛАНҒАН МИГРАЦИЯ

Ресейліктердің ағылуы жергілікті тұрғындармен арада шиеленіс туғызып, жанжалға ұласқан жағдайлар көп дейді саясаттанушы Евгения Горюнова.

- [Жаңа келгендерге] балабақша мен мектеп жағынан ерекше жағдай жасалады, яғни Ресей оларға қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Ал Қырымның жергілікті тұрғындары балабақшадағы орын үшін кезекке тұрады, тіпті кейде сол орынды алу үшін сотқа жүгінуге мәжбүр, - дейді Горюнов Азаттықтың Украин қызметіне берген сұхбатында.

- Севастополь бұрынғыдан өзгеріп жатыр, – дейді өзін Маргарита деп таныстырған жергілікті тұрғын. – Үкіметте кілең жаңадан келгендер отыр, өздері онша сапалы да емес. Олар тіпті жергілікті халықпен тіл табысуға ниеттенбейді, барлығын өз дегенімен істеп жатыр.

"Өз қаламызды өз адамдарымыз басқаруы керек" дейді ол.

Мәскеу аннексиялаған Қырым түбегінде өткен шараға Ресей туын ұстап шыққан адамдар. Симферополь, 1 мамыр 2018 жыл.
Мәскеу аннексиялаған Қырым түбегінде өткен шараға Ресей туын ұстап шыққан адамдар. Симферополь, 1 мамыр 2018 жыл.

Тоғыз жолдың торабында жатқан Қырым түбегі мұндай демографиялық манипуляцияны бұған дейін де көп көрген. "Укринформ" агенттігіне сұхбатында Қырым татарларының жетекшісі Мұстафа Жемилев қазіргі жағдайды түбекті екінші Екатерина патшайым жаулап алған 18-ғасырмен салыстырады.

"Олар әдейі адам төзгісіз жағдай қалыптастырып, жұртты басқа жаққа кетуге мәжбүрлеген, соның кесірінен аз ғана уақытта Қырым татарлары саны аз ұлтқа айналып шыға келген, – дейді ол.

Украина ғылым академиясының ғалымы, әлеуметтанушы Ирина Прибыткованың айтуынша, 1944 жылы совет диктаторы Иосиф Сталин түбектен Қырым татарлары мен басқа да этностық топтарды күштеп депортациялаған соң совет үкіметі ол жаққа бүкіл Ресейден колхозшы орыстарды апарып қоныстандырған.

- Қырымда 1990 жылдан кейін жұмыс істедім, сол кезде ахуалдың оңалғанын пайдаланып, ол жерге Қырым татарлары, армяндар, болгарлар, гректер және басқа ұлт өкілдері көшіп барды. Қазіргі жағдай да соған ұқсайды, бұл жолы халық Ресей жақтан барып жатыр, – деді Прибыткова.

"2014 жылдан бастап тұрғындарды жоспарлы түрде алмастыру жүріп жатыр деуге болады", – дейді ол.

- Қалай болғанда да, демографиялық процесс жүріп жатыр, оның өз трендтері бар, бұл көші-қонның нәтижесін түсіну үшін Украина жағдайға тұрақты түрде мониториг жасап отыруы керек. Қырым татарларын түбектен кетуге не азаматтағын Ресейдікіне ауыстыруға үнемі арандатып отырады. Көнгісі келмегендерді өзгелерді қорқыту мақсатымен түрмеге қамайды, – дейді Ирина Прибыткова.

(Мақала ағылшын тілінен аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG