Accessibility links

"Сайлауға дейін өлмеспін деп үміттенем..."


Башқұртстанның Ишимбай кентінде әкімдік алдында өз-өзін өртеген Дмитрий Рудовты жерлеу рәсімінде тұрған адамдар.
Башқұртстанның Ишимбай кентінде әкімдік алдында өз-өзін өртеген Дмитрий Рудовты жерлеу рәсімінде тұрған адамдар.

Башқұртстандағы шенеуніктердің енжарлығына наразы тұрғын өз-өзін өртеп мерт болды.

"Идель.Реалии" сайтының хабарлауынша, қайғылы оқиға 15 қаңтарда Ишимбай кентінде болған. Қалалық мэрия алдындағы орталық алаң маңында орналасқан үйлердің біріндегі видеокамераға әлдебір ер адамның ашық алаңқайға шығып, шағын кілемше төсеп, асықпай шешініп, жайғасып отырған сәті түсіп қалған. Алаңда адамдар жүрген, жақын жерде аула сыпырушы аласа баспалдақтың қарын күреп жатқан. Ал әлгі ер адам үстіне әлдебір сұйық затты құйғаннан кейін іле-шала денесі лап етіп жанған. Жақын маңдағы адамдар әуелгіде не істерлерін білмей абдырап тұрып қалған болуы керек. Бірер секундтан кейін лаулап жанып жатқан адамның жанына бірнеше адам жүгіріп барып, үстіне қар шашып, отты өшірген.

Видеода олардың әлгі ер адамнан "Кімсің, мұны неге істедің?" деп сұрап үлгергені жазылған. Әлгі адам өзін "Дмитрий Рудов" деп атап, Башқұртстандағы аудан орталығы Бишимбай кентінің қай тұсында тұратынын, іргедегі Стерлитамак қаласында тұратын қарындасының аты-жөнін атап, мекенжайын берген. Бұған қоса, ауыр сырқатқа – подаграға шалдығып, дерті жанына батып, әбден азап көргенін, бірақ ешкімнен көмек ала алмағанын айтып үлгерген. Іле-шала келген жедел жәрдем Рудовты Ишимбай орталық аудандық ауруханасына әкеткен. Дәрігерлер ер адамның денесінің 85 пайызын күйік шалғанын әрі ішінде тілік жара барын анықтаған.

Рудовтың бұрын "Газпром нефтехим Салават" бірлестігінде инженер-электроншы болып жұмыс істегені, жұмыстан шығарып жібергеннен кейін қызметіне қайта тұруға тырысып кейінгі айлары бұрынғы жұмыс берушісімен соттасқаны сол күні белгілі болған.

Дмитрий Рудов сол күні кешкісін ауруханада қайтыс болды.

Әлеуметтік желілерде жұрт дүрлігіп, "жерлеуге барамыз" деушілер көп болғанымен, екі күннен кейін марқұмды жерлеуге қатысушылар қарасы аз болған. Дмитрийді соңғы сапарға шығарып салуға туыстары, көршілері, бірнеше сыныптасы және қалалық шахмат-дойбы клубына бірге баратын жолдастары барған. Дмитрий Рудовты қала шетіндегі шағын бейітте жатқан әке-шешесінің жанына жерлеген.

Дмитрий Рудовты жерлеу рәсімінен түсірілген суреттер:

ҚАЛА АБЫРЖЫП ҚАЛДЫ

Бұл оқиға шағын Ишимбай кенті үшін төтенше оқиғаға айналды. Жұрт абыржып қалды. Әлеуметтік желілер түрлі болжамдарға, билікті, дәрігерлерді, комбинат әкімшілігін айыптаған, марқұмның жақындары мен достарына көңіл айтқан жазбаларға толып кетті. Достары марқұмның өз-өзін өртеу себебін әлі түсіне алмай жүргендерін айтады әрі Дмитрийді жақсы адам болатын деп еске алады.

Әрдайым әділеттілікті жақтап шығатын. Әлсіздерді зәбірлегендерді жек көретін

– Екеуіміз бірінші сыныптан таныспыз, осы жердегі №2 мектепте тоғызыншы сыныпқа дейін бірге оқыдық, - дейді Рудовтың бұрынғы сыныптасы Сергей. – Ол өте жұғымды адам болатын. Шахматты қатты беріліп ойнайтын, балық аулағанды жақсы көретін. Қысқасы, бір орында отырмайтын. Мінезі қызба болғаны рас. Былайша байсалды адам, бірақ бір нәрсе қитығына тисе, бой бермей кететін. Бұл жолы да эмоцияға беріліп кеткен шығар...

– Ұстамды, ерсі қылықтары жоқ жігіт болатын, - деп марқұмды еске алады Дмитрийдің қарындасының құрбысы Надежда Владыкина. – Әрине, өз көзқарасын дәлелдегенді жақсы көретін, әрдайым әділеттілікті жақтап шығатын. Әлсіздерді зәбірлегендерді жек көретін.

– Жақсы жігіт еді, - дейді көршісі Мария Александровна. – Мына жақта жұрт "Ойбай, жындыханада жатыпты, ішкен көрінеді" деп шығарып алыпты, мұның бәрі – өтірік! Бүкіл өмірі көз алдымда өтті, екеуміз 1985 жылдан бері көрші тұрдық, мен олардың пәтерінің үстіндегі қабатта тұрдым. Арақ та ішпейтін, темекі де тартпайтын, балағат сөз де айтпайтын. Достары өте аз болғаны рас, өйткені жаратылысы сондай – саяқ жүргенді жақсы көретін адам болған. Ауладағы жігіттермен, көршілермен онша араласпайтын. Біздің үйде бір атай болған, екеуі үнемі шахмат ойнап отыратын, көбінесе сол кісімен ғана араласатын.

АУЫР ЖЫЛ

Дмитрий үшін 2017 жыл ауыр болған. Былтыр қаңтарда анасы Наталья Рудова небәрі 60 жасында рактан қайтыс болған. Әкесі Виктор Рудов одан ертерек - 2012 жылы дүние салған.

Ол анамыз қайтыс болғанда қатты қайғырды, ол үшін орны толмас қаза болды

– Оны анасының қазасы қатты күйзелтіп кетті, - дейді Дмитрийдің бұрынғы сыныптасы Сергей. – Анасы оны қатты жақсы көретін, екеуі бір-бірінен ештеңені жасырмайтын. Бәлкім, кейін көрген қиындықтарының бәріне осы түрткі болған шығар.

– Ол анамыз қайтыс болғанда қатты қайғырды, ол үшін орны толмас қаза болды, - дейді қарындасы Ольга Рудова.

Анасының қазасынан соң бір айдан кейін Дмитрий Рудов көлігімен апатқа ұшыраған. Отбасындағы жайсыздықтар да шамамен сол тұста басталған. Бұған қоса, подагра сырқаты (ағзадағы зат алмасу процесінің бұзылуы салдарынан қан құрамында несеп қышқылы мөлшерден тыс артып, буында, дене мүшелерінің басқа тіндерінде жиналуынан пайда болатын созылмалы ауру, қазақта оны "буынға тұз байлану" деп атайды – ред.) сол кезде бірінші рет қатты асқынған. Қарындасының сөзінше, әлгі дертке шалдыққаны кездейсоқ анықталған. 2016 жылы ол жарақат алып, жара талайға дейін жазылмай қойған. Дәрігерлер қосымша тексерулер жүргізіп, ақыры "подагра" деген диагноз қойған. Былтырғы жылдың басындағы күйзелістердің кесірінен дерті тіпті асқынып кеткен.

Рудовтың еңбекке уақытша жарамсыздығына байланысты жұмысқа шықпай қалуы жиілеген. Әкімшілік оған "жұмыстан қысқаруың мүмкін" деп ескерткен, бірақ ол әлгі ескертуге онша мән бермеген. Өйткені кәсіпорында қызметкерлерді үнемі қысқартып жатады, ал ол жоғары білікті маман әрі асырауында кішкентай екі баласы бар болғандықтан, өзін қысқартпайды деп ойлаған. Бұған қоса, Рудов көп ұзамай оны мүгедек деп тану мәселесін шешетін медициналық комиссиядан өтуі тиіс болған.

Еңбекке уақыша жарамсыздығы себепті емделіп жатқанына қарамастан, штат қысқаруға байланысты 24 наурызда Рудовты жұмыстан шығарып жіберген

Бірақ еңбекке уақыша жарамсыздығы себепті емделіп жатқанына қарамастан, штат қысқаруға байланысты 24 наурызда Рудовты жұмыстан шығарып жіберген. Ол қалалық сотқа шағымданып, тамыздың басында әлгі бұйрықтың күшін жойдыртқан. Сот жұмыс берушіні Рудовты жұмысқа қайта қабылдауға әрі моральдық зиян шеккені үшін оған 30 мың рубль көлемінде өтемақы мен жұмысқа уақытша қабілетсіздігі туралы парағы бойынша жәрдемақы төлеуге міндеттеген. Рудов жұмысына қайта кіріскен, бірақ ол әкімшілік әлгі төлемдерді кешіктіріп жатыр деп ұйғарып, сот белгілеген бүкіл өтемақыны төлемейінше міндеттерімді атқармаймын деп мәлімдеген. Оны тағы жұмыстан шығарған, бұл жолғы бұйрықта "себепсіз жұмыстан қалды" деп көрсеткен. Рудовтың әлгі шешімге қатысты шағымдану әрекеттерінен түк шықпаған – бұл жолы оны қалалық сот та, республиканың жоғарғы соты да қолдамаған.

Күздің басында Дмитрий Рудов әйелімен ажырасқаннан соң әйелі балаларын алып төркініне кетіп қалған. Іле-шала Рудовтың сырқаты қайта қозған әрі бұл жолы қатты асқынған.

– Сол жылы күзде ол менен ауруды басатын дәріні жиі сұрайтын болды, - дейді қарындасы Ольга. – Екеуіміздің телефон арқылы сөйлескен әңгімеміз "Қашан келесің, дәрілерді қашан әкелесің?" деген сұрағынан басталатын. Дерті жанына батқаны соншалық, есінен танып қалатын болды. Шамамен қазанның аяғы ма, әлде қарашаның басы ма, ол мені қатты қорқытты. Екеуміз сөйлесіп отырғанбыз, кенет: "Оля, өзімді біртүрлі нашар сезініп отырмын" деді, сосын үнсіз қалды. Дереу үйіне бардым, есікті ұзақ тарсылдаттым, ақыры ашты да "Тағы да есімнен танып қалдым" деді.

Путинге жазып едім, ләм-мим деген еш жауап болған жоқ

– 27 желтоқсанда оны емханада жолықтырып, жүдеу түрін көріп қайран қалдым, бұрын етжеңділеу келген, жайдары, сымбатты жігіт еді ғой, - деп еске алады көршісі Мария Александровна. – Халін сұрап едім, "жаман" деді. Сол кезде дауысы дірілдеп, көзіне жас толып кетті. "Жүруге әлім жоқ, бүкіл денем сырқырайды. Бірнеше мәрте ес-түссіз құлап қалдым, есімді жисам, қанша күн жатқанымды білмеймін. Ішетін тамақ жоқ, ақшамды төлемей қойды, жұмыстан шығарып жіберді. Шындық іздеп бармаған жерім жоқ, бәрі бір-біріне сілтейді. Әйелім балаларыма жолатпайды. Путинге жазып едім, ләм-мим деген еш жауап болған жоқ. Енді алаңға шығып, үстіме бензин құйып өзімді өртеймін" деді.

"Сіз ең сұмдық азаптау – тырнақтың көбесіне ине жүгірту екенін естіген боларсыз, кезінде фашистер адамдарды осылай азаптаған. Мен сол ақсүйектер шалдығатын, емі жоқ (подагра) дертімен ауырамын, бұл данышпандарда, "қаны асыл" адамдарда әрқалай асқынады. Үлкен башпайымдағы тырнақтардың асты томпайып ісіп, тырнағымды керіп барады. Аяғымды бас алмаймын, бір кезде 105 келі едім, қазір 75 килограмм болып қалдым, ал дерт белгілері білінгеніне әлі жыл да толған жоқ... Кейінгі айда ауру сырқырағанда 2-3 күн сайын есімнен танып қалатын болдым, тіпті 500-600 метр ғана жердегі ауруханаға қаралуға дәрменім жоқ. Ал комиисиядан өту үшін Мәскеуге баруға әлім болмады..."

(Дмитрий Рудовтың Ресей президенті Владимир Путинге жазған хатынан үзінді.)

2017 жылдың соңғы айларында Дмитрий Рудов көмек сұрап талай мекемеге барған. Өзі қаралатын аурухана мен емханада өзіне мүгедек мәртебесі мен тегін дәрі-дәрмек беруді талап етіп көрген. Биліктегі "Единая Россия" партиясының жергілікті қабылдау бөліміне барып, бұрынғы жұмыс берушісімен соттасуға адвокат табуға көмек сұраған.

– Оның дәрі-дәрмекке де, соттасуға да, мүгедектікке шығару мәселесін шешу үшін Уфаға баратын да ақшасы болған жоқ, - дейді Ольга Рудова. – Керісінше, адвокаттарға көп ақша қарыз болып қалды. Мүгедектікке шығу үшін Уфаға барған кезде, оған мына дертке шалдыққаныңызға "тым аз уақыт болыпты", әзірше "ұстамаңыз сирек екен" деп сылтауратқан, ақыры бұл мәселені шешу үшін Мәскеуге баруыңыз керек деп айтқан. Оны мүгедектікке шығармақ түгілі, тіпті есепке де алмаған. Дәрігерлер "сізге дәрі-дәрмек тегін берілуі тиіс" деп айтқанымен, ондай дәрілерді беруден бас тартқан.

Дмитрий Рудов өз-өзін өртеген жер. Арғы тұрған үш қабатты ғимарат - Ишимбай кентінің әкімшілігі.
Дмитрий Рудов өз-өзін өртеген жер. Арғы тұрған үш қабатты ғимарат - Ишимбай кентінің әкімшілігі.

Желтоқсанның соңында Рудов қандай әуре-сарсаңға түскенін баяндап Ресей президенті Владимир Путинге хат жазған. Дмитрий президентке жазған өтінішін "Сіздің сайлауыңызға дейін дәрі-дәрмексіз өмір сүретін шығармын деп үміттенемін" деп аяқтаған.

Ол өз-өзін өртеу жайлы шешімін түпкілікті қашан қабылдағанын ешкім білмейді. Берген "белгілеріне" қарамастан, оның ниетіне ешкім көңіл бөлмеген, бәрі реттеледі деп ойлаған.

Қайда барса да қайыр болмады

– Әлгі оқиғадан бір күн бұрын онымен телефон арқылы жарты сағат бойы сөйлестім, - деп еске алады Дмитрийді шахмат клубынан білетін зейнеткер Ринат. – Ол өміріне шағынып, шерін тарқатты. Мүгедектік бермей жатқанын, өзі барып жүрген емхананың бас дәрігері тегін дәрі-дәрмек беруден бас тартқанын айтып берді. "Жедел жәрдем үйге келеді де екпе салып, кетіп қалады. Сәл жеңілдегендей болады, сосын тағы есімнен танып қаламын, есімді жинаймын да, қайта шақырамын" деп айтқан... Сосын ол "енді алаңға барып өз-өзімді өртеу ғана қалды" деген ді. Мына жағдай болған кезде сол сөзі есіме түсті.

– Қайда барса да қайыр болмады. Меніңше, ол көмек сұрап соңғы рет жүгініп, қайыр болмаған соң әлгі қадамға саналы түрде дайындала бастаған сияқты, - дейді қарындасының құрбысы Надежда Владыкина.

– Сол күні оған бірдеңе болғанын жүрегім сезді! - дейді Ольга Рудова. - Тағы есінен танып қалған шығар деп ойладым. Маған ешкім ештеңе деп хабарлаған жоқ, бірақ мені іздепті, оны кейін естідім. Тез-тез жиналып, Ишимбайға жеттім. Тірі шығар деп ойлап барғанмын. Тек қалаға жақындаған кезде дүкенде жұмыс істейтін таныс әйел хабарласып, "ағаң әкімшілік жаққа кетті, үстінен бензин иісі мүңкіп тұр екен" деді. Ал не болғанын маған сәл кейінірек айтты...

"ОЛ БІЗГЕ ЖАУАБЫ ЖОҚ ЖҰМБАҚ ҚАЛДЫРЫП КЕТТІ "

– Дима шахматты классикалық тәсілмен ойнаушы еді, асып-саспайтын, күйгелектенбейтін. Ешкіммен онша дауласпайтын. Шахматты жақсы ойнайтын, бірінші разряды бар болатын, спорт шеберіне кандидат бола алатын еді...

Ишимбайдағы шахмат-дойбы клубының аядай бөлмесі терезесінен трагедия болған алаң көрініп тұр. Шахмат клубы ұзақ жылдар бойы Дмитрий Рудов шерін тарқатып, дос-жарандарымен кездесіп жүрген санаулы орынның бірі болған.

Қазір біреулер оны "ақылынан алжасқан" деп көрсетуге тырысып жатыр. Мұның бәрі сандырақ

– Ақыл-есі дұрыс жігіт болатын, - дейді зейнеткер Владимир Комкин. – Оны баяғыдан танитынмын. Дипломын біздің зауытта жазған, оны жазуға ептеп көмектескенбіз, оның өсу жолын сол кезден бақылап жүретінмін. Үйленіп, көлік сатып алды, балалары дүниеге келді... Комбинатта жұмыс істеді, кейінгі кезде сол жақта бірдеңе болып, өмірінің қиюы қашты. Бастықтармен жанжал басталыпты... Меніңше, бәрі сол жақтан басталды, ақыры денсаулығын құртты. Бізге де сирек келетін болды, осында келіп тұрса, бірдеңе етіп көмектесер едік қой. Қазір біреулер оны "ақылынан алжасқан" деп көрсетуге тырысып жатыр. Мұның бәрі сандырақ, оны жақсы білетінбіз. Қиындыққа шырмалып қалды да, әлгі қадамға не істерін білмей шарасыздықтан барды...

Дмитрий Рудовтың (оң жақтан үшінші тұр) шахмат клубында түскен суреті.
Дмитрий Рудовтың (оң жақтан үшінші тұр) шахмат клубында түскен суреті.
Былтыр үш жасар балаға клизма жасаған кезде судың орнына аммиак құйып жіберіп, ішек-қарнын түк қалдырмай күйдіріп тастаған

– Проблемалары үсті-үстіне жамала берді, оған қоса, дерті әбден меңдеп алды, - дейді тағы бір шахматшы зейнеткер Виктор Соломко. – Ол өзін далаға лақтырып тастағандай сезінді, еш жерден көмек болмады. Осы жерден әлдебір демеу, жылылық сезіп, кейде осында келетін, бірақ мұндағы болмашы жылулық не болсын. Адам жылылықты жақындарынан, отбасынан сезінуі тиіс. Қатты уайымдайтын, отбасын сағынып жүрген, жұрт балабақшаға барып, қаша сыртынан балаларына сағаттап қарап тұрады деп айтып жүрді...

– Біздің Ишимбай тәрізді шағын қалаларда қарапайым адамға билік орындарынан жанашырлық, түсіністік табу өте қиын, ол көмек сұрап талай мекемеге барды, - дейді Владимир Комкин. – Жақсы адвокат табу да қиын. Бірақ бәрінен де комбинаттың өз қызметкеріне деген қарым-қатынасына зығырданым қайнайды. Оны сәл жеңілдеу жұмысқа ауыстыруына болушы еді ғой. Ал олар оны сот арқылы далаға лақтырып тастады.

– Дмитрий бізге осындай жұмбақ, ашылмаған талап қалдырып кетті, - дейді кенет Виктор Соломко. – Бұл трагедияның астарына бәріміз үңілуіміз керек. Оған сәл үңіліп қарасаң, қоғам сырт айналған адамның демеу, көмек таппай осындай әрекетке баратынын көрсететін заңдылықтар, қоғамның сырқаттары ашылады. Ол жападан жалғыз жатып, тып-тыныш өлгісі келмеді, ол бізге мына қоғамда тіршілік етудің мәні бар ма деген сұрақ тастап кетті.

"ОЛ БҰЛ ҚАДАМҒА ӨЗІ ҮШІН БАРҒАН ЖОҚ"

Кейінгі төрт күннің ішінде республикалық және қалалық билік өкілдерінен ешкім Ишимбайда болған қайғылы оқиғаға қатысты комментарий берген жоқ. Билік тарапынан марқұмның туыс-жақындарына жария түрде көңіл айту да, көмектесу ниеті де болған жоқ. Тек "Единая Россия" партиясы ғана "марқұмның отбасына көмектесеміз, бірақ Дмитрий Рудов көзі тірісінде көмек сұрап партияға келген жоқ" деп мәлімдеді. Ал "Газпром нефтехим Салават" компаниясы өкілдері "сот біздің шешіміміздің дұрыстығын растаған, Рудовты жұмыстан шығаруды заңды деп таныған" деген қысқа комментариймен шектелді.

Қайғылы оқиғаны тексеруге жауапты ведомстволар да "артық эмоциясыз" комментарий берді. Республиканың денсаулық сақтау министрлігі "Idel.Реалии" сайтына "науқасқа тиісті медициналық көмек мемлекеттік кепілдіктер бағдарламасында қарастырылған медициналық көмек көрсетудің тәртібі мен стандарттарына сәйкес, өмір бойы көрсетіліп келді" деп мәлімдеді. Бұған қоса, ведомство өкілдері Дмитрий Рудов "дәрігерлік-әлеуметтік сараптамадан өтуге жіберілгенін, ал комиссия оны мүгедек деп танудан бас тартқанын" растады. Ведомство өкілдері "Коммерсант-Башкортостан" газетіне қайғылы оқиғадан кейін "Ишимбай қаласындағы денсаулық сақтау мекемелеріне тексеру жүргізілетін болады" деп хабарлады. Денсаулық сақтау министрлігі "тергеу органдары жұмыс істеп жатыр" деген уәжбен өзге комментарий беруден бас тартты.

Ресей тергеу комитетінің Башқұртстандағы басқармасы 15 қаңтарда Ресей қылмыстық кодексінің 110-бабы ("Өз-өзіне қол салуға жеткізу") бойынша қылмыстық іс қозғаған. Бұған қоса, марқұмды кешенді психологиялық және психиатриялық сот сараптамасынан өткізу жайлы шешім қабылданған.

– Тергеушілер әлгі сараптама аясында марқұмның туыстары мен таныстарынан жауап алатын болады, Рудовты өз-өзіне қол салуға итермелеуі мүмкін жайттардың бәрі тексерілетін болады. Марқұм көз жұмғаннан кейін бірден сот-медициналық сараптамасы өткізілген, оның нәтижелері бір айдан кейін дайын болады, - деп хабарлады тергеу басқармасы "Idel.Реалии" сайты редакциясына.

Қаламыздың тең жартысы өз-өзін өртер еді

Ал Ишимбай тұрғындары трагедияға кінәлі болуы мүмкін адамдардың бәрін жауапқа тартуды талап етіп, change.org порталында жарияланған петицияға қол қойып жатыр. Мақала жарияланар сәтке қарай петицияға 1400 адам қол қойған болатын.

Бұған қоса, қала тұрғындары әлеуметтік желілерде мынадай комментарийлер жатыр:

"ПНГО (Өнеркәсіптік мұнай-газ бірлестігі - ред.) да, Машзавод та жалақысын төлемей қойса, қаламыздың тең жартысы өз-өзін өртер еді. Прокуратура, соттар мен бұлғақтап бос жүрген приставтар – құр фикция ғана, биліксымақ. Сайлау да - фикция".

"Бұл – Ресей. Дәрігерлердің қабылдауына кіру үшін, анықтама алып, рецепт сұрау үшін кезекте отырған адамдар қалай жалынатынын көріңдерші! Ең қорқыныштысы, кезегің келгенше, көмектің қажеті болмай қалуы мүмкін".

– Бізде медициналық көмекті дұрыс көрсетпегеннің кесірінен немесе оның мүлде жоқтығынан адамдар бұрын да зардап шеккен, - дейді Надежда Владыкина. – Былтыр үш жасар балаға клизма жасаған кезде судың орнына аммиак құйып жіберіп, ішек-қарнын түк қалдырмай күйдіріп тастаған. Қалалық перзентханамыздың жағдайы адам көргісіз, ол жақта әйелдер қандай жағдайда босанып жатқанын білсеңіз ғой! Сондықтан меніңше, Дмитрий әлгі әрекетке өзіне көңіл аудару үшін емес, медицинамыздағы ахуалға жұрт назарын аудару үшін барды. Ол дәл осы жайлы шырқырады...

(Азаттықтың Орыс қызметінің Башқұртстандағы штаттан тыс тілшісі Артур Асафьевтің мақаласынан аударылды.)

XS
SM
MD
LG