Accessibility links

Қадыров қоры "игі істерді" кімнің есебінен атқарады?


Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров

Ахмат Қадыров атындағы қайырымдылық қоры игі істерімен көзге түскенді ұнатады: Шешенстан басшысының шамасы жетпей жатқан жерде анасы, қор төрайымы Аймани Қадырова көмекке келеді.

Бірақ бұның бәрі дақпырт қана: "Кавказ.Реалий" журналистерінің анықтауынша, қордың есебінде мемлекет қаржысына орындалған жобалар бар.

Баспасөз дерегінше, Ахмат Қадыров атындағы қор Шешенстандағы барлық игі істерді қаржыландырып отыр: соның есебінен мектеп салынады, ауруханаға жаңа техника сатып алынады, жаңа жол төселеді. Алайда шындығында жағдай басқаша: "Қадыров қоры атқарды" деген жобаның көбін аймақтық бюджет қаржыландырған. Қайырымдылық қоры 1,3 миллиард рубль жұмсалған жұмысты өзі атқарған сияқты көрсеткен.

ҚАДЫРОВТЫҢ СЫЙЛЫҒЫ

Жергілікті биліктің айтуынша, Толстой-Юрт ауылындағы 480 оқушыға арналған мектепті қайырымдылық қоры қаржыландырған. Шын мәнінде, мектеп салық төлеушілердің қаржысына тұрғызылған. Шешенстанның білім және ғылым министрлігі "Мегастройинвест" компаниясымен келісім-шартқа отырып, компанияға мектеп салуы үшін 188,3 миллион рубль қаржы бөлген.

Құрылыс компаниясы Қадыров қорына қарайды. Бірақ салалық ведомстволар мен министрліктерден ақша алады. Компания 6,4 миллиард рубльге 11 мемлекеттік келісім-шартты ұтып алған. СПАРК сайтындағы бухгалтерлік есепке қарасақ, табыстың негізгі көзі – мемлекеттік сатып алулар.

Наурыз айында парламент Айман Қадырованы "қоғамдық игі істер атқарғаны үшін" марапаттады
Наурыз айында парламент Айман Қадырованы "қоғамдық игі істер атқарғаны үшін" марапаттады

Бұндай жағдайлар көп, мысалы: Гудермесский және Курчалоевский ауданының тұрғындарына арнап су құбырын салу үшін 449,8 миллион рубльді құрылыс министрлігі мен Шешенстан ТҮКШ (тұрғын үй коммуналды шаруашылығы) бөлді. Шешенстан үкіметінің сайтында су құбырын қайырымдылық қоры есебінен салады деп көрсеткен.

Знаменское ауылындағы балабақшаны да "Мегастройинвест" салған. Шын мәнінде, 214 миллион рубльді Қадыров қоры емес, Шешенстан үкіметі төлеген. Ол жерде спорт кешені де салынып жатыр, бірақ оны қайырымдылық қоры емес, "Чеченстрой" ҚК Шешенстан дене шынықтыру және спорт министрлігі есебінен (55,7 миллион және 78,5 миллион рубльге келісімшарт жасалған) салып жатыр.

Тағы бір компания "Гражданстрой" ААҚ 2015 жылы Центорой ауылында мектеп салды. Шешенстанның білім және ғылым министрлігі оған шамамен 19 миллион рубль жұмсады. БАҚ-та басқаша дерек келтірілген: "Шешенстанның бірінші президенті, Ресей қаһарманы Ахмат қажы Қадыровтың туған ауылында оқу орнының тапшылығын білген А. Қадыров атындағы аймақтық қоғамдық қорының президенті Айман Несиевна Центаройда бастауыш сынып мектебін салу туралы шешім қабылдады" деп жазды "Грозный-информ" ақпарат агенттігі.

"Егер сізде мемлекеттік келісім-шарт болса, ол бюджет қаражаты болғаны", - деп мәлімдеді "Грозгражданстрой". "Грозгражданстрой" компаниясы "Инкомстрой" АҚ-ға қарайды. Оның қожайыны Мовсади Альвиев Қадыров қорына жақын. Оның "Грозный-сити" компаниясы қормен "Лидер-Авто" компаниясы арқылы байланысады. "Грозгражданстрой" компаниясы "Мегастройинвестке" қарайды: СПАРК дерекқоры бойынша, компаниялардың телефон нөмірлері ұқсас.

Қадыров қоры библиобус сатып алуды да өзінің игі істері санатына қосады. Бірақ құжаттарда басқаша көрсетілген: "жүретін кітапхананы" Шешенстанның ұлттық кітапханасы "Завод АИСТ" ААҚ-нан 3,6 миллион рубльге сатып алған. Автомобильді зауыт техникасы зауытында библиобусты мемлекеттік келісімшарт негізінде жеткізгендерін растады. "Бірақ автобуста "Қадыровтың сыйлығы" деген жазу болды, - дейді сұхбат беруші.

ДЕНСАУЛЫҚ ҮШІН АТҚАРЫЛҒАН "ІЗГІ ІСТЕР"

Филантроптар саңыраулар мен нашар еститіндер интернатына арнап салынған корпус пен Пионерское ауылында 120 оқушыға арнап салынған мектепті де өздері салды деп көрсетті. Бұл нысандарды мемлекеттік сатып алу сайтынан оңай табуға болады, оған бюджеттен 190,2 миллион рубль жұмсалған.

Жұмысты "Грозгражданстрой", "Орден дружбы народов Чеченское управление строительства им. Исмаилова" МУК, "Геострой" ААҚ атқарған.

2017 жылдың қарашасында Аймани Қадырова атындағы ана мен бала денсаулығын қорғау клиникалық емханасы кардиотокография аппараттарын, стерилизатор мен операциялық үстелді, төсектерді қордан "сыйға алды". Қымбат тұратын жабдықтар тізімі Шешенстанның денсаулық сақтау комитеті 119,2 миллион рубльге ұсынған мемлекеттік тапсырысқа сай келеді. Жыл басында өкпеге жасанды вентиляция аппараты жеткізілді, оның да атағын қор иеленді. Бұл құралға бюджеттен 1,48 миллион рубль бөлінген.

КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ

Қадыров қорының экономикасы бұқаралық ақпарат құралдарында сипатталған. Біріншіден, қорға қарайтын коммерциялық компаниялар бар. "Қор бизнеспен айналысады, содан түскен қаржы қор басшылығы шешімімен мұқтаждарға көмекке жұмсалады. Қор федералдық және аймақтық бюджеттен бір тиын да алмайды", - деді Рамзан Қадыров 2018 жылдың ақпанында.

Екіншіден, бюджет қызметкерлері ерікті-мәжбүрлі түрде табысының 10 пайызын Ахмат Қадыров атындағы қорға береді. Бұл туралы "Коммерсант" басылымы жазды. Қордың қаржылық есебінде табыстың негізгі көзі – жарғылық капиталға қатысудан түскен дивиденд пен қарызды қайтару деп көрсетілген.

Yandex іздеу жүйесі. Ресейліктер Қадыров қорының ақшаны қайдан алатынын білгісі келеді
Yandex іздеу жүйесі. Ресейліктер Қадыров қорының ақшаны қайдан алатынын білгісі келеді

СПАРК сайтының көрсетуінше, "2017 жылы қор шотында жиналған 2,2 миллиард рубльден тек 154,5 миллион рубль қайырымдылық мақсатқа жұмсалған".

Ауруханалар мен мектеп құрылысына қаржыны мемлекеттік бюджет есебінен алса, ақша қайда жұмсалған? Палуан Александр Емельяненкоға Mercedes сатып алуға, "Терек" футбол клубының атын өзгертуге қатысты концертке, Сирия мен Мьянмадағы тұрғындарды құтқарып, қалаларды қалпына келтіруге жұмсалды.

Бірақ қор мәлімдеген шығын көрсеткіші қаржы есебінде көрсетілген сомадан бірнеше есе көп. Алепподағы мешітті қалпына келтіру үшін қайырымдылық қоры 14 миллион доллар жұмсауға уәде берген (2017 жылғы бағаммен есептегенде 807 миллион рубль).

"Бұл көзбояушылық. Өздері істемеген жұмысты істедік дейді. Оның бәрін тексеру керек", - деді Башқұртстан бірінші президенті Муртаза Рахимов кеңесін басқаратын башқұрлардың "Урал" қайырымдылық қоры. "Көмек керек" қайырымдылық қорының негізін қалаушы және төрағасы, Takiedela порталының директоры Митя Алешковский Қадыров қоры жобаны қосымша қаржыландырса болар еді немесе оны республика билігімен бірге істесе болатын еді дейді.

"Қор өтірік айтады деген қорытынды жасаудың керегі жоқ. Сіз олардың қатысқанын растайтын дәлел таппаған шығарсыз. Солай деген дұрыс", - деді Алешковский. Ол Әділет министрлігі сайтынан қордың есебін тексеруді ұсынды.

Әділет министрлігі сайтында 2017 жылдың 30-маусымындағы қор есебі бар: атқарушы директоры Темирлан Хучиев 2010 жылдан 2016 жылға дейінгі көшірмесін көрсетті. Олардың ешбірінде шығын, қалдық, құрылтайшылар туралы мәлімет жоқ, заң бойынша олардың бәрі болуы керек. Қордың телефоны мен электронды поштасы арқылы хабарласу мүмкін болмады, Шешенстан басшысының баспасөз қызметі қормен қарым-қатынастары туралы ақпарат бермеді.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Светлана Зобованың мақаласы орыс тілінен аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG