Белозерское. Дрондар соққылап жатқан украин қаласының бүгіні
Азаттық радиосы Украин қызметінің тілшісі Марьян Кушнир Украинаның Донецк облысындағы соғыс жүріп жатқан Белозерск қаласына жету үшін шамамен 20 шақырым жаяу жүрді. Әскерилердің айтуынша, кейінгі бір жылда Ресей әскерінің соққыларынан қалада тіршілік тоқтаған.
1
Донецк облысындағы Белозерское қаласына шамамен 20 шақырым жаяу жүрдік. Бізді алып жүрген – Украина ұлттық ұланы құрамындағы "Рубеж" бригадасының Фара есімді сарбазы. Майданға жақын жерлерде жаяу жүрген қауіпсіздеу. Өйткені көлікте кетіп бара жатып әуедегі жау дронын байқау және одан қашып құтылу қиын.
2
Майдан даласындағы қалаға жетуге бірнеше сағат кетті. Әуеден дронның ызыңы естілген бойда Фара бізді жол бойындағы ғимараттың ішіне кіргізіп отырды.
3
Ашық аспан астында жүрудің қауіпті екенін бұралқы иттер де білетіндей. Олар да қараусыз қалған үйлерді паналайды.
4
"Жау өте белсенді" дейді Фара. "Біз оларды жаз бойы түзде ұстадық. Қыс мезгілі жақындап келеді, қазір олар мейлінше қалаға жақындап, қысты үйлер арасында өткізуге асығып отыр.
5
Фара сөйлеп тұрғанда дронның дыбысы естілді. "Жаудікіне ұқсайды" деді ол бізге. "Нысана іздеген түрі. Бәлкім жергілікті тұрғындарды, бәлкім біз сияқты "туристерді" көздеп жүрген болар". Дрон жүргізушісіз қозғалатын көлікке шабуылдапты. Ол көлік украиналық күштерге керек-жарағын апара жатқан.
6
"Рубеж" бригадасының сарбаздары өртке оранған тіркемені көліктен ажыратып, ол көлік ары қарай кетті.
7
Ресей 2022 жылы Украинаға басып кіргенге дейін Белозерское қаласында 15 мыңға тарта адам тұратын. Қаладағы тіршілік негізінен көмір өндірісіне тәуелді болатын.
8
Дрон тиген там өртеніп жатыр. "Белозерское қаңыраған қалаға айналып барады" дейді Фара. "Барған сайын тұрғындар саны кеміп, шабуыл саны артып жатыр".
9
Қаладағы мына бір қабырғада: "Ресей деген – өлім және қайғы" деп жазылған.
"Былтыр осы уақытта қалада өмір қайнап жатқан еді" дейді Фара. "Тұрғындар көп болатын. Дүкендер мен дәмханалар ашық еді. Айналдырған бір жыл ішінде Ресей әскері қаланы қиратып тастады".
"Былтыр осы уақытта қалада өмір қайнап жатқан еді" дейді Фара. "Тұрғындар көп болатын. Дүкендер мен дәмханалар ашық еді. Айналдырған бір жыл ішінде Ресей әскері қаланы қиратып тастады".
10
Көшеден жатқан қуыршақ. Фараның айтуынша, әуелі қалаға "Шахед" дрондарымен, кейін ауыр әуе бомбаларымен соққы жасаған. Қазір талшықты-оптикалық дрондар қала көшелерін торуылдап жүр. "Олар қазір қалада қыбыр еткеннің бәрін жойып жатыр. Жергілікті тұрғын мен әскери қызметкерді бөліп-жарып қарамайды" дейді ол.
11
Көшеден бірде-бір жергілікті тұрғынды байқамадық.
12
Әуеден гексакоптер сияқты ауыр зат көтеретін дрондар көрінеді. Олар майдан шебіне керек-жарақты жеткізіп жүр.
13
Әскерилер бой тасалап отырған бір ғимаратқа жеткенде майдан шебінен оралған жауынгерлермен ұшырасып қалдық. Белозерское қаласының оңтүстігіндегі Белицкое елдімекенінде болған бұл сарбаздардың орнына басқалары барған. Оралған жауынгерлер қатарында болған Лева (суретте) ұзақ сапардан соң темекі тартып отыр.
14
"Белицкое елдімекеніндегі позицияда үш айға жуық болдым" дейді Лева. "Біз ол жерден шыға бергенде жарылыс болып, жарақат алдым. Жарақатыма бұрау салды да, жүре бердік".
15
Белозерское қаласының сыртындағы эвакуация орнына жаяу бардық. Ол жерде жарақат алғандарды алып кетуге беренді көлік келеді.
16
Беренді көлікке жаралы сарбаздармен бірге біз де отырдық. Жол кедір-бұдыр, жарақаты бар жауынгерге ауыр тиді.
17
Артымызға қарағанда жаңа жасалған соққыдан түтін шығып жатты. Қазір украин күштері Донецк облысындағы Доброполье қаласын қорғап жатыр. Ресей сол жерден Белозерское бағытына шыққысы келеді, олардың түпкі мақсаты – бүкіл Донецк облысын басып алу.