Accessibility links

Душанбеде ықпалды адамның "тоқалы" зәбір көріп, комаға түсті. Іске Эмомали Рахмонның ұлы араласты


Азиза Давлятова (сол жақта) күйеуі Лутфулло Давлятовта (оң жақта) Мадина Мамаджонованы ұрып-соқты деген күдікке ілініп, қамауға алынды.
Азиза Давлятова (сол жақта) күйеуі Лутфулло Давлятовта (оң жақта) Мадина Мамаджонованы ұрып-соқты деген күдікке ілініп, қамауға алынды.

Душанбеде ықпалды адамның "тоқалы" деген әйел соққыға жығылып, комаға түскен. Құқық қорғау қорғау органдары әуелі істі жауып тастаған. Бірақ бұқараның наразылығынан кейін ел президенті Эмомали Рахмонның ұлы, Душанбе мэрі істі қайта ашуды бұйырды.

Байлар мен ықпалды адамдар жазадан оңай құтылып кететін Тәжікстанда прокурорлар кісі комасына әкелген істі әуелі жауып тастап, кейін қайта ашқан. Ол іс бойынша, ықпалды саналатын әйел күдікке ілініп отыр. Ол күйеуінің "тоқалы" деген әйелді өлтірмек болды деп айыпталып отыр. Кінәлі деп табылса, 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Күдікті Азиза Давлятова күйеуі Лутфулло Давлятовпен бірге осы айдың басында қамауға алынған. Күйеуіне "азаптау" бабы бойынша айып тағылып отыр. Кінәлі деп табылса, 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Лутфулло Давлятов – авторитар президент Эмомали Рахмонның кеңесшісі болған бұрынғы депутаттың ұлы.

Оқиға 25 тамыз күні болған. Зәбір көріп, комаға түскен – 32 жастағы әйел Мадина Мамаджонова.

Прокуратураның қылмыстық істі жауып тастауы әйел құқығын қорғаумен айналысатын белсенділердің наразылығына тап болып, олар Мамаджонованың оқиғасы әлеуметік желіде жариялап, әділдік сұраған. Белсенділер әйелдің жан түршігерлік жарақаттарының фотосын салып, ресми органдардан жауап талап еткен. Содан кейін іс қайта ашылған.

Душанбе жұрты осы оқиға бойынша президент Эмомали Рахмон мен оның ізбасары саналатын ұлы, сенат төрағасы әрі Душанбе мэрі Рустам Эмомалидің атына ашық хат жазып, қол жинаған.

Рустам Эмомали.
Рустам Эмомали.

Рүстам Эмомали істі қайта тергеуді тапсырған соң, ерлі-зайыптылар қамауға алынды. Әйелге айып тағылып, қалалық полиция мен прокуратураның екі қызметкері "істі дұрыс қарамағаны үшін" жұмыстан қуылды.

ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛДЫ?

26 тамызда Мадина Мамаджонова ауыр жарақатпен ауруханаға түскен. Есін жоғалтқан әйелді тұншықтырғаны көрініп тұрды дейді "Шифобахш" ауруханасының екі дәрігері.

Аты-жөнін атамауды сұраған дәрігерлердің сөзінше, Мамаджонованы тұншықтырған соң, ауа жетпей, миы зақымданған. Дәрігерлер оның жағдайы қалай болатынын айту қиын дейді.

Азиза Давлятованың Мамаджонованы екі жылдан астам уақыт күйеуімен жақын болды деп айыптап, соққыға жыққаны айтылды.

Екі отбасына да жақын дереккөз Мадина Мамаджонова 47 жастағы Давлятовтың "екінші әйелі" болғанын айтады. Тәжікстанда заң бойынша полигамияға тыйым салынғанымен, екінші әйел алатындар баршылық.

Мадина Мамаджонова Лутфулло Давлятовтың қарамағында бухгалтер болып істеген.
Мадина Мамаджонова Лутфулло Давлятовтың қарамағында бухгалтер болып істеген.

Лутфулло Давлятов Тәжікстанадағы ең ірі мобильді оператор "Мегафонның" қалалық бөлімін басқарады. Ал Мадина Мамаджонова сол бөлімде бухгалтер болған. Давлятов оны жазда жұмыстан шығарып жіберген. Бұған әйелінің әсер еткені айтылады.

Лутфулло Давлятов отбасының ықпалды таныстары көп екені хабарланды.

Оның әкесі Давлатали Давлатзода президент Эмомали Рахмон басқаратын халықтық-демократиялық партияның негізін қалап, партия төрағасының орынбасары болған. Рахмонның үкіметінде жоғары лауазымды қызметтер атқарған.

74 жастағы Давлатзода Азаттық радиосына келінінің әрекетіне "қызғаныш" себеп болғанын, оны жауапқа тарту керегін айтты.

"Бірақ ұлыма не үшін айып таққанын білмеймін" дейді Давлатзода. "Ол қала сыртындағы оқиға кезінде Душанбеде болған".

Бұл істе басқа да күдіктілер бар-жоғы белгісіз.

ЖҰМЫСТАН ҚУЫЛҒАНДАР

Бас прокуратураның 1 қарашадағы өтінішінде президент, парламент пен бас прокуратура оқиға жайлы "бұқаралық ақпарат құралдарынан" хабардар болғаны жазылған. Бірақ онда полиция мен прокуратура істі о баста неге жауып тастағаны айтылмаған.

Оқиғадан кейін Мадинаның анасы Душанбе қаласы Сино ауданының полициясына арыз жазған. Бірнеше күннен соң аймақтық прокурордың орынбасары Сухраб Салимзода жуырда қабылданған амнистия туралы заңды желеу етіп істі жауып тастаған.

Салимзода мен аудандық полиция бөлімінің басшысы Зафар Исмоилзода қарашаның басында жұмысынан қуылды. Құқық қорғау органдарына жақын дереккөздер Азаттық радиосына олардың Мамаджонованың ісін дұрыс қарамағаны үшін жұмыстан қуылғанын айтты.

Бірақ Салимзоданың досы екенін айтқан бір шенеунік істі тоқтату туралы шешімді "жоғары лауазымды адамдар қабылдағанын" айтады. Шенеуніктің сөзінше, Салимзода тек бұйрық орындаған. Шенеунік БАҚ-пен тілдесуге құқығы болмағандықтан, аты-жөнін атамауды сұрады.

Бұл іс Тәжікстандағы ең шулы сот процестерінің бірі болды. Сондықтан сот отырысының күні әлі белгіленген жоқ.

Тәжікстанның сот жүйесінде жемқорлық кең етек жайған. Бұл байлар мен ықпалды адамдардың жауаптан қашуына жол ашып келеді. Елде әртүрлі амнистиялар жариялау да істі жабудың немесе біреудің түрмедегі уақытын азайту үшін қолданылатын әдістердің біріне айналған.

Бірақ Мамаджонованың ісі қоғам назарында болған соң, қылмыскерлерге жауаптан қашу қиын болмақ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG