Accessibility links

Ауғанстанда көмек күткен қазақтар. Азаттыққа туыстары жіберген тізімде 100-ге тарта адам бар


"Талибан" билікке келгелі бері Кабул әуежайынан бірінші рет халықаралық коммерциялық рейспен Пәкістан ұшағы жолаушы алып ұшты. Әуежайдың ұшу алаңын қарулы тәліп күзетіп тұр. Ауғанстан, 13 қыркүйек 2021 жыл.
"Талибан" билікке келгелі бері Кабул әуежайынан бірінші рет халықаралық коммерциялық рейспен Пәкістан ұшағы жолаушы алып ұшты. Әуежайдың ұшу алаңын қарулы тәліп күзетіп тұр. Ауғанстан, 13 қыркүйек 2021 жыл.

"Ауғанстандағы туыстарымыз оқ пен оттың арасында қалды" деп көмек сұрап хабарласқандар көбейіп барады. Оқырмандар Азаттыққа жіберген тізімде 100-ге таяу адам бар. Жақыны араша сұраған бұл азаматтардың ешбірі 9 қыркүйекте Қазақстан үкіметі Ауғанстаннан алып келген 35 адамның ішінде жоқ. Ресми орындар қандастардың келесі легі қашан келетінін әлі айтпады.

Туыс-жақыны Ауғанстанда қалды деген азаматтардың айтуынша, "Талибан" қозғалысы билікке келгелі ауған елінде жұмыссыздық көбейіп, ел ішін аштық жайлай бастаған. Жеке басының қауіпсіздігіне алаңдаған жергілікті жұрт үйден аттап шыға алмай, қиын жағдайда қалған.

"ТУЫСТАРЫМ "БІЗДІ АЛЫП КЕТ" ДЕП ЖЫЛАЙДЫ"

Алматы облысы Қарасай ауданында тұратын Сәнгүл Қарабазар Ауғанстанда қалып қойған бірнеше туысының 20 күннен бері Қазақстанның Кабулдағы елшілігі алдында тұрғанын, елшінің қабылдауына кіре алмағанын айтады.

Азаттыққа қоңырау шалған ол: "Туыстарым "бізді алып кет, алып кет" деп жылайды. Мен оларды қалай алып кетемін? Өзімнің де жағдайым жоқ" дейді.

Ақша алу үшін банк алдында кезекте тұрған адамдар. Кабул, 12 қыркүйек 2021 жыл.
Ақша алу үшін банк алдында кезекте тұрған адамдар. Кабул, 12 қыркүйек 2021 жыл.

Сәнгүл Ауғанстандағы туыстары күніне бірнеше мәрте қоңырау шалып, өзінен көмек сұрайтынын, оларды құтқаруға жәрдем сұрап Ауғанстанның Қазақстандағы консулдығына дейін барғанын айтты.

– Қарасай ауданындағы көші-қон полициясынан көмек сұрап бардым. Олар "біз ештеңе істей алмаймыз, Ауғанстандағы қазіргі жағдайды өзіңіз де білесіз, ол жақтан ешкімді Қазақстанға өткізбейді" деді. Сосын Ауғанстанның [Алматыдағы] консулдығына барып едім, "сіз түгілі өз туысымды жеткізе алмай отырмын" деген жауап алдым. Ал Ауғанстандағы туыстарым күнде жылап-еңіреп хабарласады, – дейді ол.

Сәнгүл "Мазари-Шарифте қалған туыстарым" деп Азаттыққа жіберген тізімде алты отбасы, барлығы 47 адамның аты-жөні жазылған.

"СОҒЫС ӨТІНДЕ ҚАЛДЫҚ"

Қарасай ауданының тағы бір тұрғыны Ниматулла Тұраптың да туған екі ағасы, төрт апайы Ауғанстанда қалған. Оның Азаттыққа жіберген тізімінде 8 отбасы, барлығы 50 адамның аты-жөні көрсетілген.

2015 жылы екі ағасымен бірге Қазақстанға қоныс аударған Ниматулланың өзі Қазақстан азаматтығын әлі ала алмаған.

Атамекенге көшіп келген 6 жылдан бері төрт баласы, кәрі анасы және қазір аяғы ауыр әйелімен бірге пәтер жалдап тұрып жатқан ол "Ауғанстанда қалған туыстарын билік алып келсе, қалғанына өзіміз көмектесер едік" дейді.

Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігі алдында кезек күтіп тұрған адамдар. Кабул, 6 қыркүйек 2021 жыл.
Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігі алдында кезек күтіп тұрған адамдар. Кабул, 6 қыркүйек 2021 жыл.

Ниматулланың туыстары Құндыз қаласынан Кабулға, Қазақстан елшілігіне барып қайтқан.

– Кабулға сегіз адам барып кетіпті. [Қазақстан елшілігі] екеуін қабылдап, аты-жөнін жазып алған. "Өзіміз хабарласып, туған-туысыңның тізімін жасаймыз" деген, бірақ одан бері де 20 күндей болып қалды. Ешкім хабарласпаған. Ал олар "Соғыс өтінде қалдық, алып кетіңдер" деп бізге шыға береді. Біз өзіміз азаматтық ала алмай жүрміз, оларға қалай көмектесеміз? – дейді Ниматулла.

"ТЕЗІРЕК ӘКЕЛСЕ ЕКЕН..."

Түркістан қаласында тұратын Аманулла Назари де туыстарының Қазақстанға тезірек оралуын жатпай-тұрмай тілеп жүргенін айтады. Жасы 80-нен асқан кәрі әкесі мен 70-тегі анасы да Ауғанстанда қалып қойған.

Қазақстан әскери ұшағы ұлты қазақ 35 адамды Ауғанстаннан атамекенге жеткізді. Алматы әуежайы, 9 қыркүйек 2021 жыл. Қазақстан СІМ таратқан сурет.
Қазақстан әскери ұшағы ұлты қазақ 35 адамды Ауғанстаннан атамекенге жеткізді. Алматы әуежайы, 9 қыркүйек 2021 жыл. Қазақстан СІМ таратқан сурет.

Олар 1979 жылы совет әскері Ауғанстанға басып кірген кезде Иранға өтіп кеткен. Айтуынша, ұзақ жыл Иранның Шираз қаласында тұрған қос қария осыдан бір жарым жыл бұрын Ауғанстанның Тахар уәлаятында тұратын кенже қызына қыдырып барған. Кейін коронавирус пандемиясы басталып, екі ел арасындағы шекара жабылған соң Ауғанстанда қалып қойған.

– Екі күн бұрын әкеммен сөйлестім. "Ешқайда шыға алмаймыз, өз күшімізбен Қазақстанға кетуге қаржымыз жоқ, көмектесіңдер" дейді. Біз үкімет адамы емеспіз, қолымыздан ештеңе келмейді ғой. Тахар уәлаятында тұратын қайынжұртым да осыдан екі-үш апта бұрын бала-шағасымен бірге қашып, Кабулға кеткен. Қазір сонда тұрып жатыр. Олардың да жағдайы нашар. Қазақстан соларды тезірек елге әкелсе екен, – дейді Аманулла.

Ауғанстан қазақтарының Қазақстан билігіне өтініші (9 қыркүйек 2021 ж.)

«Тоқаев аға, елімізге алып кетсеңіз». Жүздеген ауған қазағы көмек күтіп отыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:51 0:00

"Ауғанстандық қазақпыз" деген бірнеше адам бұған дейін Азаттыққа видео жолдап, Қазақстан билігінен көмек сұраған. Олар Кабулдағы елшілік алдында жүргенін айтып, суреттерін де жіберген.

Азаттық тілшісі Қазақстанның Кабулдағы елшілігіне бірнеше мәрте қоңырау шалғанымен, жауап ала алмады.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияровқа туыстары жіберген тізіммен бірге "Ауғанстаннан қазақтар тағы көшіріле ме? Көшірілетін болса, қашан?" деп бірнеше сауал жолдадық. Осы материал шыққанға дейін министрліктен жауап келген жоқ.

ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛГЕН 35 ҚАЗАҚ

8 қыркүйек күні Нұр-Сұлтанда бірнеше мемлекеттің жаңадан тағайындалған төтенше және өкілетті елшілерінен сенім грамотасын қабылдаған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан мәселесіне байланысты "Ең алдымен сол жердегі отандастарымызды ұйымдасқан түрде эвакуциялауды қамтамасыз еттік. Енді біз Ауғанстандағы қазақ диаспорасы мүшелерін, яғни қандастарымызды елге қайтару мәселесін қарастырып жатырмыз" деген.

Бейсенбі, 9 қыркүйек күні кешке Алматы әуежайына қонған Қазақстан қарулы күштерінің арнайы ұшағы Ауғанстаннан 41 жолаушыны жеткізді. Қазақстан сыртқы істер министрлігі таратқан ресми ақпаратта келгендердің арасында ұлты қазақ 35 адам бары айтылған.

"Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бүгін Ауғанстаннан 35 қандасты тарихи отанына әкелуді ұйымдастырдық" деп хабарлады сыртқы істер министрлігі.

10 қыркүйекте Азаттыққа берген сұхбатында Ауғанстаннан жеткізілген 35 қазақтың бірі Мұхаммед Хасан паспорты жоқ болғандықтан әйелі мен қарындасы сол елде қалып қойғанын айтты. Хасанның сөзінше, Қазақстанның Кабулдағы елшілігі жанындағы комиссия олардан "руын сұрап, жеті атасын айтқызған".

Бұған дейін Қазақстан билігі "Ауғанстанда 15 қазақ отбасы немесе 200-ге тарта қазақ бар" деп мәлімдеген. Бірақ Ауғанстанда тұратын қазақтар ол елде бұдан әлдеқайда көп қандас барын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG