Accessibility links

Қазақстан жәрдем сұраған 35 қазақты Ауғанстаннан атамекенге жеткізді


Қазақстан әскери ұшағы ұлты қазақ 35 адамды Ауғанстаннан атамекенге жеткізді. Алматы әуежайы, 9 қыркүйек 2021 жыл. Қазақстан СІМ таратқан сурет.
Қазақстан әскери ұшағы ұлты қазақ 35 адамды Ауғанстаннан атамекенге жеткізді. Алматы әуежайы, 9 қыркүйек 2021 жыл. Қазақстан СІМ таратқан сурет.

Қазақстан қарулы күшінің арнайы ұшағы Ауғанстаннан Алматыға 41 жолаушы жеткізді. Ресми ақпаратта ұлты қазақ 35 адамның Ауғанстаннан атамекенге оралғаны айтылған. Тәліптер басып алған Ауғанстанда әлі жүздеген қазақ қалған. Олар Қазақстанға көшкісі келетінін айтып, Нұр-Сұлтаннан жәрдем сұрайды.

АРНАЙЫ ҰШАҚ ЖОЛАУШЫЛАРЫ

Бейсенбі, 9 қыркүйек күні кешке Алматы әуежайына қонған Қазақстан қарулы күштерінің арнайы ұшағы Ауғанстаннан 41 жолаушыны жеткізді. Қазақстан сыртқы істер министрлігі таратқан ресми ақпаратта келгендердің арасында ұлты қазақ 35 адам бары айтылған.

"Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бүгін Ауғанстаннан 35 қандастың тарихи отанына оралуы ұйымдастырылды" деп хабарлады СІМ.

Қазақстан әскери ұшағы Ауғанстаннан атамекенге жеткізген қазақ әйел Алматы әуежайына кіргелі тұр. 9 қыркүйек 2021 жыл. Қазақстан СІМ таратқан сурет.
Қазақстан әскери ұшағы Ауғанстаннан атамекенге жеткізген қазақ әйел Алматы әуежайына кіргелі тұр. 9 қыркүйек 2021 жыл. Қазақстан СІМ таратқан сурет.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың Азаттыққа айтуынша, Қазақстан жіберген арнайы ұшақ оларды Кабул әуежайынан алып шыққан. Қазақстанда және әлемнің өзге де бірқатар елінде террористік ұйым ретінде қызметіне тыйым салынған "Талибан" қозғалысы Ауғанстанның БҰҰ таныған заңды үкіметін биліктен тайдырып, Кабулды басып алғаннан кейін сол елдегі ұлты қазақ азаматтарды Қазақстан үкіметі алғаш рет тарихи Отанына жеткізіп отыр.

Шетелдік қазақтармен бірге Ауғанстаннан Алматыға 4 қазақстандық, Қырғызстанның 1 азаматы және Қазақстанда тұрақты тұратын 1 ауған жеткізілген. Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли ұшақпен келгендердің бірі БҰҰ қызметкері дейді.

"Келген жолаушылар карантиннен өту үшін уақытша оқшауланады. Эвакуациялық рейсті ұйымдастыру "Талибан" қозғалысымен үйлестіріліп жүзеге асырылды" деп хабарлады СІМ.

Азаттық Ауғанстаннан келген қазақтардың бірімен сөйлесті:

Ауғанстаннан келген қазақ Азаттыққа сұхбат берді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:52 0:00

"Қазақстанның Кабулдағы елшілігі қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр және Ауғанстанда тұратын қандастармен тұрақты байланыста. Өтініш берушілердің этникалық сәйкестігін растау және қандастарды қайтару жұмыстары жалғасады" деп хабарлады ресми Нұр-Сұлтан.

Жұма күні Қазақстан президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин Азаттыққа Ауғанстанда тұратын және атамекеніне қоныс аударғысы келетін ұлты қазақ азаматтарды Қазақстанға алдыру жұмысы жалғасып жатқанын айтты.

Бұған дейін президент Тоқаев Қазақстан үкіметі Ауғанстандағы қазақ диаспорасын елге қайтару мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеген.

– Ауғанстандағы шиеленіскен мәселелерді реттеу үшін Қазақстан шетелдік серіктестерімен тізе қосып жұмыс істеп келеді. Біз, ең алдымен, сол жердегі отандастарымызды ұйымдасқан түрде эвакуациялауды қамтамасыз еттік. Енді, біз Ауғанстандағы қазақ диаспорасының мүшелерін, яғни қандастарымызды елге қайтару мәселесін қарастырып жатырмыз, – деді 8 қыркүйекте жаңадан тағайындалған төтенше және өкілетті елшілердің сенім грамтосын тапсыру рәсімінде сөйлеген Тоқаев.

Ол сонымен бірге Қазақстан гуманитарлық ұстанымдарға сәйкес ауғанстандық 57 студенттің білім беру визасын ұзартқанын да айтқан.

Қазақстан ұлты қазақ 35 адамды Ауғанстаннан атамекенге жеткізді. 9 қыркүйек 2021 жыл. Қазақстан СІМ таратқан сурет.
Қазақстан ұлты қазақ 35 адамды Ауғанстаннан атамекенге жеткізді. 9 қыркүйек 2021 жыл. Қазақстан СІМ таратқан сурет.

18 тамызда Қазақстан 25 азаматын және Қырғызстан, Ресей мен Литваның 16 азаматын Ауғанстаннан эвакуациялаған. Алматыға Кабулдан Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ миссиясы мен өзге де халықаралық ұйымдар кеңселері уақытша көшірілген.

ТӘЛІПТЕР БИЛІГІНДЕГІ АУҒАНСТАН

"Әл-Қайда" террор ұйымы 2001 жылғы 11 қыркүйекте Америкаға қарсы шабуыл жасап, мыңдаған адамды өлтіргеннен кейін АҚШ пен одақтас елдер терроршылар басшысы Усама бен Ладенді паналатып отырған Ауғанстандағы "Талибан" режиміне қарсы операция бастап, тәліптер билігін құлатқан. Ауған жерінде 20 жылға жуық болған АҚШ әскері биыл тамыздың аяғында ол елден толық шығып кеткелі бері алғаш рет, 9 қыркүйекте Кабул әуежайынан шетелге ұшақ ұшты.

"Талибан" қозғалысы жаңадан жасақтаған үкімет 200 шетел азаматына Кабулдан ұшып кетуге рұқсат берген. Олардың тең жартысы АҚШ азаматтары деп хабарлады батыс ақпарат агенттіктері.

"Талибан" қозғалысы өткен айдың ортасында Кабулды басып алғаннан кейін Ауғанстаннан кеткісі келетіндер күрт көбейген.

АҚШ әскери күшінің Кабулдан ұшқан соңғы ұшағы. 30 тамыз 2021 жыл.
АҚШ әскери күшінің Кабулдан ұшқан соңғы ұшағы. 30 тамыз 2021 жыл.

АҚШ билігі 30 тамызға дейінгі бір айдың көлемінде 122 мың адамды Ауғанстаннан ұшақпен алып шыққанын хабарлаған.

Әзірге Ауғанстанды басып алған тәліптер билігін ешбір ел мойындамай отыр. Бірақ батыс елдері, сонымен бірге Орталық Азия елдерінің басшылары диалогқа дайын екенін айтып келеді.

Осы аптада президент Тоқаев Қазақстан "зорлық-зомбылық, заңсыз есірткі айналымы және оның өзге елдерге жайылуына тоқтау салу үшін" Ауғанстанмен ынтымақтастық орнатуға дайын деп мәлімдеді.

"Қазақстан Ауғанстанның өз ішінде және көршілерімен тату-тәтті, бейбітшілікте өмір сүретін тұрақты, егемен және біртұтас мемлекет болғанын қалайды. Біз бірінші кезекте елдегі қалыптасқан гуманитарлық қиыншылықтарды шешу үшін жаңа билікпен конструктивті іскерлік байланыстар орнатуға дайынбыз" деді Тоқаев.

АУҒАНСТАНДАҒЫ ҚАЗАҚТАР

"Талибан" қозғалысы Ауғанстанда билікті басып алғаннан кейін ұлты қазақ екенін айтып, Қазақстан үкіметінен Ауғанстаннан алып кетуді өтінген азаматтар көбейген еді.

"Тоқаев аға, елімізге алып кетіңізші!". Жүздеген ауған қазағы көмек күтіп отыр

«Тоқаев аға, елімізге алып кетсеңіз». Жүздеген ауған қазағы көмек күтіп отыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:51 0:00

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Кабулдағы елшілікке "атамекенге жеткісі келетін қазақпыз" деп көмек сұрап келгендердің көпшілігі қазақ екенін дәлелдей алмағанын айтқан.

"Олар ешқандай айғақ-дәлел ұсына алмады. Кейбірі қазақша мүлде білмейді, Ауғанстанға ата-бабасы қалай барғанын, руын айта алмайды" деген еді 18 тамыз күні СІМ өкілі. Әйткенмен елшілік жанынан құрылған арнайы комиссия әр өтінішті мұқият қарайтын болады деп сендірген Айбек Смадияров.

Осы апта басында Қазақстанның Кабулдағы консулдығына барып, көмек сұраған, өздерін "ауған қазақтарымыз" деп таныстырған бір топ адам қабылдауға кіре алмай жүргеніне шағымданған.

Оның алдында Ауғанстанның Саманған уәлаятында тұратын қазақ отбасылары ресми Нұр-Сұлтаннан Қазақстанға алып кетуді сұрап, видеомәлімдеме жолдаған.

– Біз соғыстың астында қалдық. Бізге көмек қажет. Қоңыратпыз. Ата-бабамыз Қазақстаннан келген. [Қазақстанның бұрынғы президенті, қауіпсіздік кеңесінің төрағасы] Нұрсұлтан Назарбаевтан, [Қазақстан президенті] Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраймыз. Саманғанда бес отбасы тұрамыз, – деді видеода өзін Нұролқақ Абдулқақ деп таныстырған жас жігіт.

Ауған қазақтары Қазақстанның Кабулдағы елшілігі алдында тұр. 5 қыркүйек 2021 жыл.
Ауған қазақтары Қазақстанның Кабулдағы елшілігі алдында тұр. 5 қыркүйек 2021 жыл.

Бұған дейін Қазақстан билігі "Ауғанстанда 15 қазақ отбасы немесе 200-ге тарта қазақ бар" деп мәлімдеген. Бірақ Ауғанстанда тұратын қазақтар ол елде бұдан әлдеқайда көп қандас барын айтып, кемінде 30-ға тарта отбасын санап шыққан.

Ауғанстанда тұратын қазақтардың дені – өткен ғасырдың бірінші жартысында большевиктер өкіметінің зорлық-зомбылығы мен аштықтан қатты зардап шеккен Қазақстаннан және көрші елдерден қашып барғандардың ұрпағы.

Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздігін жариялаған соң шетелде тұрып жатқан қазақтарды атамекенге шақырды. Содан бері шетелден тарихи Отанына қоныс аударған миллионнан астам қазақтың көбі Моңғолия, Өзбекстан мен Қытайдан келді. Ауғанстаннан 13 мыңға жуық адам көшіп келген. Олардың айтуынша, Ауғанстанда қалған қазақтардың қазіргі ұрпағы жергілікті халыққа сіңіп кеткендіктен, кейбіреуі ана тілінен ажырап қалған, отбасында өзара өзбекше я дари тілінде сөйлейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG