Accessibility links

Facebook Косовоны тәуелсіз елдер тізіміне қосты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Әлемдегі ең ірі әлеуметтік желі – Facebook өз пайдаланушыларына Косовоны дербес ел ретінде көрсетуге мүмкіндік берді. Бес жыл бұрын Сербиядан бөлінген Косово тәуелсіздігін 100-ден астам ел мойындаған.

Францияның AFP агенттігінің хабарлауынша, қарашаның 20-сынан бастап косоволықтар өздері тұратын мемлекет ретінде өз елдерін таңдау мүмкіндігіне ие болды. Бұған дейін олар мұның орнына Сербияны көрсете алатын.

200 МЫҢ ҚОЛДАНУШЫНЫҢ ТАҢДАУЫ

Бұл өзгеріс Косовода тұратын Facebook әлеуметтік желісін пайдаланатын 200 мың адамға әсер етті. Олар бір түннің ішінде өз елдерінің атауларын «Сербиядан» (кейбіреулері «Албаниядан») «Косовоға» өзгертті.

Косовоның премьер-министрі Хашим Тачи бұл шешімді қуана құптады. Оның айтуынша, Facebook-тің жоғары лауазымды басшылары мұндай өзгерістің болатынын апта басында хабарлаған. Оның пікірінше, бұл өзгеріс Косоводағы бизнеске оң әсер етпек.

Косово премьер-министрі Хашим Тачи.
Косово премьер-министрі Хашим Тачи.
Косовоның Еуроодақпен интеграция жөніндегі министрі Влора Читаку бұл оқиғаға өте үлкен мән беріп, Twitter-дегі өз парақшасында «Facebook Косовоны мемлекет ретінде таныды» деп жар салды. Ол өзінің осы хабарламасына #digitaldiplomacy деген ілмекті тіркеу арқылы әлеуметтік желілердің Косово тәрізді шағын әрі жаңа бас көтеріп келе жатқан мемлекеттер үшін маңызы артып келе жатқанын баса айтқан.

Facebook Азаттық радиосына мұндай өзгерістің болғанын растағанымен, Косовоны не кез келген басқа елді «мойындайтын» өкілеті жоқ екенін ескертті.

Азаттық радиосына жолдаған электронды хатында Facebook басшылығы: «Компаниялар қандай да бір мемлекетті ресми түрде тануда ешқандай рөл ойнамайтыны айқын, себебі бұл – халықаралық қауымдастықтың құзырындағы шаруа. Біз тек өз қолданушыларымыздың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бар күшімізді саламыз, сондықтан сайтқа тіркелгенде және елін көрсеткенде жұрт көп пайдаланатын географиялық атауларды таңдауына мүмкіндік береміз» деп жазған.

ШАҒЫН БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІНЕ КӨМЕК

Бұл шешім Facebook сияқты веб-сайттарда ел атауының нақты көрсетілуі экономика үшін қаншалық маңызды екенін дәлелдеп жүрген DigitalKosovo сияқты топтардың талабын орындады. Олар сондай-ақ, қонақүйден алдын ала бөлме алу, көлік жалдау, интернетте сауда жасау сияқты қызмет түрлерін көрсететін электронды коммерциялық сайттарда да елді дұрыс атаудың қажеттігіне назар аудартып келген.

Косовоның астанасы Приштина қаласы.
Косовоның астанасы Приштина қаласы.
Бұл жаңалық әсересе шағын бизнес өкілдеріне көп көмегін тигізетін түрі бар.

Азаттық радиосының Балқан қызметіне сұхбат берген 22 жастағы косоволық кәсіпкер Беса Хокса көптен бері Facebook арқылы сәндік киім үлгілерін шығаратын дизайнерлердің өнімдерін жарнамалауды жоспарлап келгенін, бірақ ел атын таңдауға келгенде «Сербиядан» басқа таңдау болмай, мысы құрып жүргенін айтты.

«Енді Facebook-те өз аймағың ретінде Косовоны көрсету арқылы жергілікті дизайнерлерді насихаттауға мүмкіндік туды» дейді ол. Шетелдік сатып алушылар да косоволық кәсіпкерлердің шығарған өнімдерін бірден анықтайтын болады.

Косовоға көмектесу арқылы 1,2 миллиард белсенді қолданушысы бар Facebook өзінің маңызы қаншалық артқанын байқатты.

Facebook Косовоны жеке мемлекет ретінде таңдау мүмкіндігін беруге нақты не түрткі болғанын ашық айтқан жоқ. Дегенмен, олардың салыстырмалы түрде алғандағы азғантай ғана қолданушының қолайлылығы үшін ғана әрекет етті деу қисынсыз. Онда басқа да себептер болғаны айқын.

Facebook-пен қоса Twitter және LinkedIn сияқты компаниялар бір ғана тетіктің көмегімен-ақ түгел бір елдің сандық экономикасына барар жолды жауып тастауға немесе керісінше есікті айқара ашып беруге қауқарлы.

Әйтеуір бұдан былай косоволықтар өздерінің жеке домендеріне ие болатын болады.

Марк Бейкердің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG