Accessibility links

Facebook Қазақстанда HTTPS қауіпсіз протоколына ауысты


Интернет-кафеде отырған адам. Алматы, 2 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Интернет-кафеде отырған адам. Алматы, 2 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда бірнеше күннен бері Facebook желісіне кіру қиындап кетті. Әлеуметтің желі бұл елдегі қолданушыларына HTTPS деген сенімді протокол енгізгенін айтады.

Қазақстанда көптеген интернет қолданушылары өткен аптаның соңынан бері Facebook әлеуметтік желісіне ене алмай отырды. Олардың айтуынша, елдегі «Қазақтелеком» сияқты ірі интернет-провайдерлердің көбінің клиенттері желіге қосыла алмаған.

ҚАУІПСІЗ ПРОТОКОЛ

11 шілдеден бастап бірнеше күн бойы Facebook-ке ену қиындап кеткенін қолданушылардың кейбірі әдеттегі техникалық ақау деп ойлады.

Енді біреулер оның астарын сол күндері Алматыда «Демократиялық күштер жиынын» өткізгелі жатқан оппозицияның әрекетімен байланыстырып, билік ол шараға осылай кедергі жасап жатыр десті. Бұл пікірге қарсы дау айтқандар да болды.

«Қазақтелеком» компаниясы Азаттықтың ресми сауалына берген жауабында Facebook әлеуметтік желісіне Қазақстаннан қосылу қиындап кетуіне өздерінің қатысы жоғын хабарлады.

Онлайн-төлем кезінде қолданушылардың жеке бас деректерін қорғау үшін, оған
Facebook қолданушының парағы. (Көрнекі сурет).
Facebook қолданушының парағы. (Көрнекі сурет).
қоса вирус, қауіпті бағдарлама мен хакерлерден сақтану үшін әлеуметтік желінің HTTPS (HyperText Transfer Protocol Secure) деп аталатын қауіпсіз протоколге ауысқаны Facebook-тің блогынан мәлім болды.

Facebook-тің Азаттыққа айтуынша, компания Қазақстандағы аудиториясын HTTPS протоколымен толықтай қамтыған. Бұрынғы HTTP протоколындағы адресті енді жаңа жүйе бойынша (https://www.facebook.com) теру керек.

– Маусымның басындағы дерек бойынша, Facebook-тің Қазақстандағы қолданушыларының бәріне HTTPS протоколы жетті. Бұл Қазақстан тұрғындарының Facebook-ті қолданған кездегі қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, – деді компания өкілі Азаттық тілшісіне.

АМАЛ

Сарапшылардың айтуынша, Facebook парағы дұрыс ашылуы үшін аккаунттың баптауын (Қауіпсіздік – Қауіпсіз тамашалау – Өзгерту – HTTPS) өзгертсе жетіп жатыр.

ОҚЫҢЫЗ: Құлыпталған сайтты ашудың қарапайым төрт тәсілі

Ел аумағында ашылмайтын веб-сайттарды оқу үшін прокси-сервер, веб-анонимайзер немесе басқа да компьютерлік бағдарламаларды қолдануға болады

Қазақстанда Facebook әлеуметтік желісі бұған дейін кедергіге ұшырған еді. Елде Livejournal танымал блог-тұғырының ашылуы да қиын дейді тұтынушылар.

Биыл көктемде оппозициялық саясаткер Жармахан Тұяқбай мен құқық қорғаушы Евгений Жовтистің Facebook аккаунтары бұзылғанын Азаттық хабарлаған.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия басшысы Тұяқбайдың парағындағы «Жұмыс орны» деген жерде біраз уақыт «Қазақстан президенті жанындағы мемлекеттік қызмет академиясы» деген жазу тұрған. Ал құқық қорғаушы Жовтистің атынан қаржылай көмек көрсетуді өтінген хаттар жіберілген. Жұрттың көбі бұл әрекеттерді арандату деп бағалаған.
XS
SM
MD
LG