Accessibility links

Карантин кезіндегі жиын және "косметикалық реформа"


Алматыдағы Rixos қонақүйі. 7 тамыз 2021 жыл.
Алматыдағы Rixos қонақүйі. 7 тамыз 2021 жыл.

Осы аптада шетел басылымдары "карантинді бұзған" Алматыдағы еврей дінбасына айыппұл салып, үлкен жиын өткен қонақүйге шара қолданбаған биліктің әрекетіне назар аударды. Бұған қоса шетел баспасөзі ауыл әкімдерін сайлаудың "демократиялық таңдауға" үлес қоса алмайтынын жазған.

СИНАГОГА БАСШЫСЫНА – 200 ДОЛЛАР АЙЫППҰЛ

Жақында Алматыдағы Rixos қонақүйінің алдында 200 адам жинап, топ болып суретке түсіп, "карантин ережелерін бұзған" қаладағы орталық синагога басшысына 30 айлық есептік көрсеткіш (87 мың теңге немесе 205 доллар) көлемінде айыппұл салынды. Израильде ағылшын тілінде шығатын Jerusalem Post басылымы осы оқиғаның жай-жапсарына тоқталды.

"Хабад-Любавич [ағымында] жұрт топ болып суретке түскенше шара аяқталған болып саналмайды. Сонымен бірге бұл – 18 ғасырдағы Ресей империясындағы шағын топтан бастап, қазір әлемнің ондаған елінде филиалы бар Хабадтың қаншалық ұлғайғанының визуал белгісі".

Хабад-Любавич (немесе Хабад) – иудей діні хасидизм бағытының өзінше ерекше ағымы, бұл ағымның соңғы рухани көсемі Менахем Мендл Шнеерсонның әкесі 77 жыл бұрын Алматыда көз жұмған. Бұл шараны өткізудің бір мақсаты – осы датаны еске алу. Оның үстіне Қазақстан үкіметі былтыр Шнеерсонның бейітін ұлттық мұра қатарына қосқан. Сол оқиғадан және коронавирус пандемиясы басталғаннан бері діни ағым өкілдері алғаш рет Алматыда бас қосты деп жазады Израиль басылымы.

Алматы көшесінде коронавирустен сақтану қажетін қаперге салатын жарнаманың қасынан өтіп бара жатқан адам.
Алматы көшесінде коронавирустен сақтану қажетін қаперге салатын жарнаманың қасынан өтіп бара жатқан адам.

Бұған қоса жиында осы ағымның өзара дүрдараз болып жүрген екі басшысы – ағымның бұрынғы Совет одағы елдеріндегі көп өкілдігін бақылайтын Берел Лазар мен Алматы синагогасының раввині Йешая Коэн бірге тұрып суретке түскен. 200 мыңдай мүшесі бар ағым үшін бұл – ұйымның "қалыпты өмірге оралуының белгісі" деп жазады басылым.

200 адам – бұл ұйым үшін өте аз көрсеткіш, ағым өкілдерінің 2019 жылғы жиынында 6 мың адам суретке түскен.

Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық департамент басшысының орынбасары Әсел Қалықованың ақпарат құралдарына айтуынша, Алматыдағы орталық синагога "[карантин] шектеуін бұзып, діни шара ұйымдастырған әрі бұл жөнінде ешқандай өтініш бермеген".

Еврейлердің халықаралық қайырымдылық ұйымы сайтының жазуынша, бұл шараға Ресей, Украина, Беларусь, Грузия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Эстония және Литвадан раввиндер қатысқан.

Коронавирус індеті өршуіне байланысты осы рәсім өткен шілде айының соңында Қазақстанның көп өңірінде, соның ішінде Алматыда карантин күшейтілген. Алматы қалалық бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің 23 шілдедегі қаулысымен банкет залдарының жұмысына тыйым салынып, қоғамдық орында арақашықтық сақтау, маска киіп жүру міндеттелген.

Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.
Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.

Дегенмен Алматының санитарлық-эпидемиологиялық басқармасы тек синагогаға азын-аулақ айып салып, осы жиын өткен Rixos қонақүйіне еш кінә қоймаған. Mignews сайтының хабарлауынша, оған себеп – қонақүй мұндай шара өтетінен "бейхабар" болыпты. Дегенмен халықаралық басылымдарда, Қазақстандағы түрлі сайттар мен әлеуметтік желідегі парақшаларда Алматыдағы осы шара туралы егжей-тегжейлі ақпарат жарияланды. Мәселен "Днепр еврейлер қауымдастығы сайтында" еврей күнтізбесі бойынша ав айының 20-сында (біздің күнтізбе бойынша 29 шілде) Алматыда өткен жиын туралы есеп, фоторепортаж берілген. Айыппұлға негіз болған бір топ адамның суретінен басталатын материалда еврей дәстүрлі киімін киген адамдардың маска тақпастан түрлі шараға қатысып жатқаны, мәжіліс залында, банкет залында отырғаны бейнеленген.

Алматы әкімшілігі былтыр да өзі бекіткен ережелерге қайшы шешім қабылдаған. 2020 жылғы 27 қарашада қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин ұйымдастырушылар "миллиондаған доллар шығындап" "ерекше қауіпсіздік шараларын қабылдағаны үшін" Ritz-Carlton қонақүйінде 150 адам қатысқан жиын ұйымдастыруға рұқсат бергенін мойындаған. Бұл кезде қалада оннан артық адам қатысатын шара өткізуге тыйым салынған еді.

Бекшин Азаттық сұрағына жауап беріп жатқан тұста брифинг аяқ астынан тоқтатылған. Оның айтуынша, ұйымдастырушылар қонақүйдің салтанат залы орналасқан бірінші қабатында "персоналды оқыту жиынын" өткізетінін айтқан.

Кей деректер бойынша, Ritz-Carlton қонақүйінің иесі әрі жиынды ұйымдастырушы "Кэпитал Тауэр Девелопмент" компаниясы қарайтын Esentai Tower Investments-тің қожайыны – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның құдасы Қайрат Боранбаев.

Бес жұлдызды Rixos қонақүйлер желісін басқаратын компанияны түркиялық кәсіпкер Феттах Таминже басқарады. Қазақстанда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Бурабай, Ақтау қалаларымен қоса жақында Түркістанда да жаңа Rixos бой көтерді. Бұған қоса, астанадағы ғимараттардың біразын Таминженің компаниясы салған. Азаттық арнайы зерттеуінде Қазақстан билігінің, соның ішінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың түрік бизнесменімен арасындағы байланысы туралы жазған. Мәселен Түркияның Анталия аймағындағы Rixos қонақүйінің қазіргі қожайыны – Нұрсұлтан Назарбаев қоры (бұрынғы Тұңғыш президент қоры). Оны Назарбаевтың үлкен қызы, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева басқарады.

Түрлі дереккөзде Феттах Таминженің Қазақстандағы ең ықпалды кәсіпкер, біраз уақыт Назарбаев іс басқармасына жетекшілік еткен Болат Өтемұратовпен жақындығы айтылады. Мұның қаншалық рас екені белгісіз. Бірақ 2012 жылы Бурабайда ашылған Таминженің компаниясы салған Rixos қонақүйі қазір толықтай Өтемұратовқа тиесілі.

Азаттық зерттеуінде Таминже басқаратын Sembol және Rixos компанияларының тағы бір акционері – Тевфик Арифтің Қазақстандағы еврей қауымдастығының бірден-бір қаржыландырушысы, елдегі ең бай бизнесмендердің бірі Александр Машкевичпен байланысы туралы да сөз болады. Бұған дейін шетел басылымдары Ариф пен Машкевичтің бір кезде Ататүрікке тиесілі болған кемеде жезөкшелермен бірге ұсталғанын жазған.

"ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ТАҢДАУДАН ЖОҒАРЫ ТҰРҒАН ТҰРАҚТЫЛЫҚ"

Қазақстанда шілденің соңында өткен ауыл әкімдерін сайлау науқанын талдаған Diplomat басылымы мұны "косметикалық реформаның тағы бір мысалы" деп бағалайды. 25 шілдеде өткен әкім сайлауын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі "саяси жүйенің кемелденгенін айғақтап қана қоймайды, ол сондай-ақ қоғамды демократиялық дамыту бағытындағы байыпты қадам саналады" деп бағалаған. Ал президенттің көмекшісі Ерлан Қарин ауыл әкімдерін тікелей сайлау "мемлекеттік қызметке жаңа адамдардың ағылуына сеп болады" деген. Оның айтуынша, бұл сайлау "азаматтардың өз ауылының дамуына тікелей ықпал етуіне жаңа мүмкіндік береді".

Жергілікті әкім сайлауына тәуелсіз кандидатты тіркеуді талап етіп тұрған сайлаушылар. Ақмола облысы, 19 шілде 2021 жыл.
Жергілікті әкім сайлауына тәуелсіз кандидатты тіркеуді талап етіп тұрған сайлаушылар. Ақмола облысы, 19 шілде 2021 жыл.

Алайда, әкім болып сайланғандардың 60 пайызға жуығы бұрынғы әкім екеніне назар аударған автор "мемлекет пен қоғам қарым-қатынасындағы және Қазақстанның мемлекеттік қызметіндегі ерекше жаңалықты байқау қиын" деп тұжырым жасайды.

Автор "саяси ландшафты солтүстіктегі көршісіне қарағанда әлдеқайда бәсекелі" Қырғызстандағы жергілікті сайлауды мысалға келтіреді. Оның айтуынша, бұл елдегі жергілікті басшыларды сайлау партиялардың күш жинауына мүмкіндік береді. "Ал басқарылатын бәсеке алаңында көптен бері "Нұр Отан" партиясы үстемдік ететін Қазақстанда бұл жергілікті сайлау оппозициялық партиялардың өміршеңдігі туралы көп нәрсе айта алмайды. Бірақ ол режимнің саяси реформа мен демократияландыруға қалай қарайтынын аңғартады".

Оның ұстіне, кандидаттардың 38 пайызы ғана партия атынан түскенімен, жеңгендердің 85 пайызы – билік партиясының өкілдері. Бұған қоса, "Нұр Отан" жеңіске жеткен тағы 65 кандидаттың да осы партиямен жақындығы барын айтқан. Демек "Нұр Отан" бұл сайлауда айқын басымдықпен жеңді деуге болады".

"Құр сайлау демократияға апармайды, ал нәтиже ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы Тоқаевтың "тыңдаушы мемлекеті" атынан жүргізілген косметикалық реформаның тағы бір мысалы екенін көрсетеді. 2020 жылғы маусымда қабылданған бейбіт жиын ережесінің реформалары да қысымды болмашы ғана жеңілдеткенімен, қазақстандықтардың жиын өткізу еркіндігін шектеу мүмкіндігін сақтап қалды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау жергілікті басқару мен саяси қатысудың түп мәнін өзгертпестен демократияландыруға жасалған ірі қадам болып көрінеді" деп қорытады автор.

"Тоқаев "халыққа құлақ асамын" дейді әрі Қазақстанның демократияға қарай ілгерілеуін қалайтынын айтады. Бірақ, қазақстандықтардың көпшілігі тұратын және қоғамдық ұйымдар шоғырланған қалалар әкімдерін тағайындау құқығын сақтай отырып, ол тұрақтылықты демократиялық таңдаудан жоғары қоятынын тағы бір дәледеді" деп жазады Diplomat.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG