Accessibility links

"Қазақстанды артта қалған деп ойлайтынмын." Соғыс кесірінен елінен кеткен ресейліктердің әңгімесі


Казахстан. Нур-Султан. Велосипедисты на пешеходном мосту "Атырау".
Казахстан. Нур-Султан. Велосипедисты на пешеходном мосту "Атырау".

Ресей әскері Украинаға басып кіргеннен кейін, наурыздың басында ресейліктердің көбі шетелге үдере көше бастады. Сыртқа ағылған халық нөпірі әлі де толастар емес. Жаңа қоныс іздегендердің көбі постсоветтік елдерді паналап жатыр. Кейбірі алғаш рет барған елді бұрын мүлде басқаша елестеткенін айтады.

Жаңа эмигранттардың көңіл-күйін зерттеген әлеуметтанушылар "олардың көбі әртүрлі жағдаймен діттеген еліне жете алмағанын" айтады. Covid-19 шектеуіне байланысты Еуропа одағы мен АҚШ-қа кіруге мүмкіндік болмаған. Постсоветтік кеңістікте ресейліктер ең көп баратын мемлекеттер қатарына Грузия мен Армения жатады, бірақ Орталық Азияға кеткендер де көп. Бір қызығы, жылдар бойы Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан азаматтары Ресейге жұмысқа барып, нәпақасын тауып келсе, енді ресейліктер ссол еңбек мигранттарының отанында жүр.

Азаттық тілшісі қазір Орталық Азия елдерінде тұрып жатқан ресейліктермен сөйлесіп көрді (жеке бас қауіпсіздігі үшін кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілді).

Санкт-Петербургтен келген графика дизайнері 25 жастағы Тимур екі айдан бері Қазақстанның Ақтөбе қаласында тұрып жатыр.

– Қазақстанға наурыздың ортасында келдім. Ресейден кетуіме бірнеше себеп болды. Біріншіден, поляк картасын алғым келді (тегім поляк). Соғыс басталғанда Ресейде жүріп, әзірге поляк картасын ала алмайтынымды түсіндім. Мүмкіндік іздеп, Қазақстанда туысым тұратынын білдім. Қазақстанға барып, поляк картасын жасатып көрейін дедім. Екіншіден, 24 ақпаннан кейін Ресейде болып жатқан оқиғаларды көтере алмадым. Үшіншіден, шетелдік сервистерге ақша төлеу үшін банк картасын ашқым келді. Жұмысымды толықтай қашықтан істеуге басшылықтың келісімін алған соң елден кетіп қалдым.

– Қазақстан ұнай ма?

Бұрын өзім де, айналамдағы адамдар да Қазақстан – дұрыс дамымаған, артта қалған мемлекет, үлкен ауыл ғана деп ойлайтынбыз.

– Қатты ұнайды! Бұрын өзім де, айналамдағы адамдар да Қазақстан – дұрыс дамымаған, артта қалған мемлекет, үлкен ауыл ғана деп ойлайтынбыз. Бірақ Қазақстанға келген соң таңғалдым. Бұл жақтағы цифрлық мемлекет Ресейдегі мемлекеттік қызметтер мен көпфункционалды орталықтан да жақсы жұмыс істейді екен. Бір ғана Ақтөбені мысалға келтірейін: қала үлкен емес, бірақ Орынбормен айырмашылығы жер мен көктей! Автобуста жолақысын QR-кодпен электронды әмиян арқылы төлеуге болады.

Жергілікті тұрғындардан нағыз шығыс халқына тән қасиет байқалады, Санкт-Петербургпен салыстырғанда адамдары әлдеқайда қонақжай, ашық, мейірімді. Ресейліктерге қырын қарап, жақтырмайтын шығар деп ойлағам. Бірақ екі ай ішінде ешқандай негатив байқамадым.

– Жергілікті тұрғындар ресейліктердің жаппай қоныс аударуын қалай қабылдады?

– Олардың таңғалғаны рас. Өзім де "Қазір Ресейден келген азаматтар көбейгенін байқадыңыздар ма?" деп сұрадым. Есепшот ашуға барғанымда банк қызметкерлері 24 ақпаннан кейін дәл осындай өтінішпен келетін адамдар көбейгенін айтты. Бір кездері тіпті, ірі банктер осыған дейін ашылған шоттарды бұғаттай бастады. Халықтың көбі не болып жатқанын, ресейліктер неге аяқ астынан Қазақстанға ағыла бастағанын түсінбейді.

– Яғни, оларды саясат қызықтырмай ма?

– Маған кездескен адамдардың көбінің саясатта шаруасы жоқ. Олар Ресейде не болып жатқанын жақсы білмейді. Білетіндер артық сұрақ қоймауға тырысады.

Қазақстан астанасындағы Бәйтерек монументі мен Нұржол бульвары.
Қазақстан астанасындағы Бәйтерек монументі мен Нұржол бульвары.

– Тұрмысыңыз қалай, Қазақстанда өмір сүру үшін ақша көп жұмсала ма?

– Туысымның үйінде тұрып жатырмын. Сондықтан пәтер бағасын білмеймін. Санк-Петербургпен салыстырғанда азық-түлік арзан, бірақ ол жақта сапа жақсырақ. Мейрамханалар мен дәмханаларда да дәл солай. Кей тауарлар мен қызметтер (шаштараз, барбершоп, техника жөндеу) екі-үш есе арзан.

– Ресей азаматы Қазақстанда қанша уақытқа дейін тұра алады?

– Туысымның ресми шақыруымен Қазақстанда үш ай тұруға рұқсат алдым. Негізі әртүрлі жолы бар. Біріншісі: шекара қызметіне ескертіп, бір ай бойы еш жерге тіркелмей тұра беруге болады. Екіншісі: сіз жалдаған пәтердің иесі мемлекеттік органдарға "үйіме шетел азаматы келді, ол осынша уақыт мына мекенжайда тұрады" деп өтініш береді (ең ұзақ дегенде үш ай тұруға болады). Үш айдан ұзақ уақытқа қалу үшін көші-қон қызметінен рұқсат алу керек.

– Қазіргі жоспарыңыз қандай?

– Жоспарым – поляк картасын пайдаланып, Польша арқылы Ресейден біржола кету. Ойым жүзеге асса, туған жеріме оралмаймын. Әйелім әзірге Ресейде қалды, бірақ көп ұзамай қасыма келеді. Қазақстанда поляк картасын ала алмайды екенмін. Мұндай картаны тек Қазақстан азаматтарына ғана береді. Аз уақытқа Ресейге барып, ары қарай Беларуське кетіп, сол жақтан карта алуға тырысамын.

Қаржы жағдайым нашар болса да, мұндай бассыздықтан алыс болғым келеді.

Ресейде көп дүниеге көңілім толмайды: саясаты, жемқорлықтың тамыр жайғаны және сөз бостандығын шектейтіні қынжылтады. Митингілерге қатысқам. Gulagu.net жобасының түрмедегі азаптау туралы зерттеуі қатты әсер етті: елде осындай заңсыздық болып жатқанына көзім жетті. Қаржы жағдайым нашар болса да, мұндай бассыздықтан алыс болғым келеді. Бұрын "әзірге біраз жыл осында тұра берейін, бәрібір кейін шетелге көшемін ғой" деп ойласам, 24 ақпаннан кейін жүрегіме қанжар қадалғандай күй кештім! Мұндай мемлекетпен, онда тұратын адамдармен ортақ құндылығым жоғын түсіндім. Қоғам пікірін білу мақсатымен жүргізілген сауалнамалар халықтың көбі Кремльдің әрекетін қолдайтынын көрсетті… Мен үшін қауіпсіздік пен тыныштық, дүние есігін әлі ашпаған балаларымның болашағы маңызды.

Мәскеудегі неміс институттарының бірінде аспирантурада оқитын, 30 жастағы Елдар үш айдан бері Өзбекстанда тұрып жатыр.

– Соғыс өрті басылғанша басқа елде тұрып, жағдайға қарай кейін Мәскеуге оралармын деп ойладым. Бірақ қазір соғыстың ұзаққа созылатынын түсіндім, жақында диплом қорғаймын. Келер оқу жылында өз институтымда жұмыс істеуге өтініш беріп қойдым, – дейді Елдар.

– Неге Өзбекстанды таңдадыңыз?

– "Ташкент – нанның отаны" деген түсініктен бөлек, Өзбекстанға қатысты аңыз-әңгіме көп. Наурыздың басында Өзбекстанға билет өте арзан болды.

Самарқан қаласындағы Шахи Зинда кесенесін тамашалап жүрген туристер. Өзбекстан, 18 мамыр 2022 жыл.
Самарқан қаласындағы Шахи Зинда кесенесін тамашалап жүрген туристер. Өзбекстан, 18 мамыр 2022 жыл.

– Ресейден кетуге не түрткі болды?

– Шекараны жауып тастайды немесе Еуропа мемлекеттерінің елшілігі Ресейден кетіп, виза беруді тоқтатады деген қорқыныш болды. Яғни, елден шыға алмай қаламыз деп қорықтық. Ресейде қалып қойғым келмеді.

– Өзбекстан қалай екен?

– Тамаша! Туристер мақтайтын әдемі қалалар, жергілікті менталитет сияқты ұсақ-түйектен бастап бәрі жақсы әсер қалдырды. Өзім болған қалалардың бәрінде халық қолынан келген көмегін аянбай, жылы қабылдады. Ресейден кетіп, біраз уақыт басқа елде тұрғысы келетіндерге Өзбекстан жақсы вариант болар еді. Ресейліктер жиі таңдайтын Тбилиси, Ереван, Анталия, Стамбулмен салыстырғанда мұнда артықшылық көп. Кейінгі кездері баспана жалдау ақысы біраз қымбаттады, бірақ Ресей азаматтары ағылған басқа елдердегідей баға шарықтап тұрған жоқ. Айына 300 долларға Ташкенттен бір бөлмелі, нашар пәтер ғана табылады. Ал 400 долларға тәп-тәуір пәтер алуға болады. Бұхарада баға әлдеқайда арзан.

Бұл жақта басқа елден келгендерге доллармен есептесетін банк картасын ашу қиын емес. Өзбекстанда қаржы мәселесі жақсы шешілген. Рубльдің қазіргі бағамы қаншалық шынайы екенін білмеймін, бірақ Өзбекстанда ақшаңды рубльдей алып, оны жергілікті валютаға ауыстырып алуға болады. Біздегі "Мир" картасы да жарайды: сумды (Өзбекстан валютасы – ред.) комиссиясыз алып, оны долларға айырбастап алу оңай. Қазір Ресейде рубльді долларға ауыстыру әлдеқайда қиын сияқты.

– Өзбекстанның қандай кемшіліктері бар?

– Әр жолы тіркеу мәселесін шешуге тура келеді. Қонақ үй немесе пәтер ауыстырған сайын тіркелу керек. Тіпті поезда қонуға болмайды, ол түні бір жерде тіркеуде тұруың қажет. Өзбекстанда біраз уақытқа үйіне тіркеуге тұрғыза алатын танысың болса, әлдеқайда жеңіл.

– Тіркеуге тұрмасаңыз не болады? Полиция келіп, тексере ме?

– Жоқ, бірақ кейін тіркеуге тұрып, жаңа жерге орналасқан кезде қиындықтар болуы мүмкін. Бір қонақ үйден екіншісіне көшсеңіз, "Осыған дейінгі тіркеуіңіз қайда?" деп сұрайды. Тіркеу болмаса, елден шығарда шекарада 200 еуродай айыппұл төлейсіз.

Басқа кемшіліктерін көрмедім. Бір ай Ташкентте тұрдым, одан кейінгі айды Бұхарада өткіздім. Бұхарада жұмыс істейтін жер табу қиындау. Ташкентте ондай мәселе жоқ, коворкингтер, хипстерлік дәмхана көп, интернет те жақсы істейді. Интернет сапасы әр жерде әртүрлі.

Ресейден келгендерге жергілікті халық қалай қарайды?

– Жақсы сұрақ қойдыңыз. Соғысқа дейін Грузияда сыни көзқарас байқайтынмын. Өзбекстанда ондай жоқ. Соғыс туралы әңгіме бола қалғанның өзінде өте мұқият сөйлеседі. Жергілікті халық болған жағдайға байланысты кез келген көзқарасты қабылдайды. Иә, негізінен (ақпарат кеңістігінің ұқсастығынан болар) украиндармен салыстырғанда, орыстарға іш тарта қарайтын сияқты. Жалпы алғанда, өзімді жайлы сезініп жүрмін.

– Көші-қон заңы туралы не айтасыз?

– Ұзақ уақытқа тіркеуге тұрмасаң, екі айға дейін визасыз жүруге болады. Таныстарым алты айға виза жасатып берді, бұл қиын емес.

– Жергілікті тамақ ұнады ма?

– Ташкент – ірі қала, мұнда қалағаныңның бәрі бар. Еуропалық тамақты да, жергілікті дәмді де табуға болады. Корей мен қытай тамағы көп, өйткені Өзбекстанда корей көп тұрады.

Мәдениетке келсек, кинотеатрларда жергілікті және шетелдік фильмдер қандай пропорцияда көрсетілетінін білмеймін, бірақ театрларда орыс тілінде қойылымдар болады. Тіпті орыс тіліндегі операға бардым. Постсоветтік кеңістікте Ресейден іргесін аулақ салып, өз жолымен жүріп кеткен мемлекеттер (Тәжікстан, Әзербайжан) бар. Кей мемлекеттерде жастар арасында Ресейге қарсы көңіл-күй басым. Украина, Грузия, Арменияда осындай құбылыс байқалады. Өзбекстан бір де бір трендке ермей, Ресеймен мәдени жақындығын сақтап қалған. Бұл жақта да кабельдік арналар бар, олар әлі күнге біз қарайтын фильмдерді көреді, мемдерді түсінеді, орыс тіліндегі сленгтеріміз де бірдей. ТМД-ның басқа елдерімен салыстырғанда, Өзбекстан халқы орыс тілінде жақсырақ сөйлейді.

– Көшеде кездескен адамдардың бәрі орыс тілінде жауап қайыра ала ма?

Ірі қалаларда бәрі орысша жауап бере алады.

– Ал жергілікті халық өзара орыс тілінде сөйлесе ме?

– 50% жағдайда орысша сөйлеседі. Бұрын Тбилисиде болдым, ол жақтың жастары орыс тілін білмейді, ағылшынша сөйлеуді талап етеді. Ал Өзбекстанда орыс тілін білу артықшылық саналады. Олар орыс тіліне "оккупант тілі" деп қарамайды, негативті коннатациялар жоқ. Орыс тілі жұмысқа тұрарда басымдық береді, сондықтан бәрі осы тілді меңгеруге тырысады. Байқағанымдай, орыс тілінде сөйлейтін жастар мен қарттардың үлесі бірдей.

– Алдағы уақытта қайда тұрғыңыз келеді? Германияға көшесіз бе? Өзбекстанда қаласыз ба, әлде Ресейге ораласыз ба?

– Ресейдегі жағдай қиын болмаса, туған еліме оралғым келеді. Көреміз. Германияға онсыз да біраз уақытқа жұмыс істеуге барамын. Өзбекстан туралы кесіп айта алмаймын. Сонда да жергілікті еңбек нарығын зерттеп көрдім. IT мамандары мен ағылшын тілі мұғаліміне сұраныс күшті, ең жоғары жалақы төленетін мамандықтар. Бірақ ресейлік IT мамандарының кәсіби біліктілігі жоғары. Тбилиси мен Мәскеуге қарағанда бәсекесі аз ортада жұмыс істегісі келетіндерге Өзбекстан қолайлы. Айлық мың еуроға дейін барады, ал өмір сүруге көп ақша кетпейді.

Бішкектің орталық алаңында жүрген балалар.
Бішкектің орталық алаңында жүрген балалар.

Бұрын Санкт-Петербургте тұрған 65 жастағы Марина қазір Қырғыстан астанасы Бішкекте тұрып жатыр. Мамандығы психолог, көп жылдан бері дамуы кенже қалған балалармен, мүгедек жандармен жұмыс істейді.

– Үйде қалғым келмеді. Әрине, наразылыққа шығуға болады, бірақ одан пайда жоқ. Есімнен адасып кетпеу үшін Қырғызстанға көшейін дедім. Мұнда шынымен өзгерістерді қалайтын адамдар бар, солармен жұмыс істеуге болады, – дейді Марина.

– Қырғызстандағы өміріңізге көңіліңіз тола ма?

– Иә, бәрі жақсы. Ұлым екеуіміз тұрамыз. Жолымыз болған сияқты: тек жақсы адамдар кезігіп жатыр. Қырғызстан да, жергілікті халық та ұнайды. Олар қорқақ емес, ойын ашық айтудан қаймықпайды. Қырғызстан бай мемлекет емес. Бірақ гүлзарда серуендеп жүргенде, айнала жап-жасыл екенін, балалардың алаңсыз ойнап жүргенін көремін. Бұл жақта біздегідей емес, бір отбасында төрт-бес баладан бар. Есейген балалар өзінен кіші бауырларына қарайды, бір-біріне қамқор болуға тырысады. Бұрын-соңды мұндайды көрген емеспін. Адамдары жақсы. Ауламызда бәрі бір-бірімен дос.

Тұрмысымыз жақсы, мүмкін бұған таныстарымыздың әсері мол болған шығар. Олар бізге Санкт-Петербургтегі пәтерімізді жалға беруден түсетін 25 мың рубльге арзан пәтер табуға көмектесті. Бішкекте бұл ақшаға тамаша үш бөлмелі пәтерде тұрып жатырмыз. Қырғызстанда тамақ арзан әрі дәмді.

Бұл жақта Ресейдің [банк] картасынан ақшаңды алуға болады. "Мир" картасы жарамды, дүкенде соны қолданамыз. Жергілікті банктен шот аштық, бұған көп уақыт кеткенімен, бәрі еш қиындықсыз, оңай болды. Жарты жылға елде қалуға рұқсат алдық. Бір айға Ресейге немесе басқа елге кетіп, кейін қайта оралуға мүмкіндік бар. Қырғызстанға жаңа келгенде отыз күнге дейін визасыз жүруге болады. Интернеті де жақсы.

– Орысша сөйлейтін адамдар көп пе?

– Аралас. Қырғызстанда бәрі орыс тілін біледі. Ауылды жерлерде орыс тілін білмейтіндер болуы мүмкін, бірақ қалада бәрі орысша сөйлейді. Халық қос тілде сөйлей алады, өзара қырғыз, тәжік немесе орыс тілдерінде түсініседі. Кейде жартылай қырғызша, жартылай орысша сөздер қосып, араластырып сөйлейді.

Таныстарымызбен бірге жағдайдың қалай өзгергенін айтып, күліп аламыз. "Бұрын сендер бізде құл едіңдер, енді біз сендердің құлдарыңбыз" деймін. Қырғызстанда Ресейден келгендер өте көп.

– Қырғызстанда орысша сөйлейтіндер болғандықтан, ресейлік арналар да көрсетілетін шығар. Жергілікті халықтың саяси тақырыптарға қатысты көзқарасынан ресейлік арналарды қарайтыны байқала ма?

– Бұл тақырыпты қозғамауға тырыстым, бірақ таныстарымның арасында да соғысқа әртүрлі көзқарас барын байқадым. Ресейді қолдайтындар да, оған қарсы азаматтар да бар. Кей адамдар Ресейдің пропагандасына алданып қалған.

– Бәріне Батыс кінәлі дейтіндер де бар ма?

– Мұндайды тек бір адамнан ғана естідім. Ресей басқа елге басып кірді, мұны дереу тоқтату керек деген түсінік көп кездеседі. Бірақ бейтаныс адамдармен бұл тақырыпта сөйлеспеймін.

– Ары қарай не істейсіз?

– Жарты жыл осында тұрамыз, кейін не болатынын көреміз. Маған Қырғызстан ұнайды, бір жыл тұруға да болады. Жергілікті белсенділермен бірге пайдалы жобалар жасаймыз деп үміттенемін. Постсоветтік кеңістікте мүгедектігі бар балалардың көбі интернатта немесе балалар үйінде жатады. Қалыптасқан жағдайды өзгерту керек, ол үшін кәсіби мамандардың көзқарасын өзгерту қажет. Қырғызстан кедей мемлекет, бірақ бұл іспен айналысуға дайын адамдар бар, шетелден қаржы тартып, грант ұтып алып, жобаны қолға алуға болады.

Волгоград тұрғыны, 35 жастағы кәсіпкер Максим наурыздың басында Ресейден Тәжікстанға кеткен. Өйткені Максим елден кетуге бел байлаған күні тек Тәжікстанға ғана билет табылған. Ол Душанбеде аз уақыт болғанымен, өте көп әсер алған.

– Жол сөмкемді жинап, банк шотымнан ақша алып, әуежайға бардым. Ол кезде шетелге кетіп бара жатқан адамдарды қатты тексерді. Әсіресе, жастарға көп сұрақ қойды. Ұшақта бес тәжік азаматы, қалғанының бәрі орыстар болды. Олардың үстіндегі ашық түсті киімдері мен ерекше шаш үлгісінен шығармашыл адамдар екені көрініп тұрды. Көбі Тәжікстанға ары қарай басқа елге ұшу үшін бара жатты.

Душанбеде әуежайдан шығып, бөтен жерде жалғыз өзім қалғанымды түсіндім. Әуежайда Wi-Fi істеген жоқ. Картаға қарап, хостел орналасқан жерді жобалап тауып, түнгі сағат үште әзер жеттім. Екі апта бойы мен және Ресейден келген басқа да жастар сол хостелде тұрдық.

Тәжікстан. Тау баурайындағы елдімекен мен өзен.
Тәжікстан. Тау баурайындағы елдімекен мен өзен.

Бейтаныс қаладағы бірінші таңым. Шай ішіп, жаңалық оқып, ата-анама хабарластым. Шынымды айтсам, көңіліп босап, жылап қалдым. Қорқынышты әрі көңілсіз күйде болдым. Тәжікстанда не істерімді білмедім. Хостелдегі басқа ресейліктер де дәл сондай күйді бастан кешіргенін кейін білдім.

Бәріміз танысып, серуендеуге шықтық. Душанбе өте әдемі қала екен, адамдары да жылы жүзді. Көзге таңсық, қызық көрінді. Ресейдің қатал қысынан жаңбырлы көктемге тап болдық. Тәжікстанда "Пфайзер" вакцинасын салғызып аламыз деп шештік. Мұнда шетелдіктерге вакцинаны тегін салады деп оқып едім. Емхана тауып, екпе салдырып, сертификат алдық. Артық сұрақ, ешқандай кедергі болған жоқ! Осы жағдайды талқылап, ұялып қалдық. Тәжікстан азаматтары Ресейге еңбек етуге келеді, ауыр жұмыста істейді. Бірақ ресейліктер оларды өзімен тең көрмейді. Ал мұнда бөтен елге келген ресейліктерге өз азаматтарындай қарады! "Кімсіңдер, қайдан келдіңдер, мұнда қалай тап болдыңдар?" деп сұрады. Соғыс туралы сөйлескен жоқпыз, бірақ жергілікті халықтың сөзінен, іс-әрекетінен бізді аяйтыны, жаны ашитыны көрініп тұрды.

Күн сайын қаланы аралап жүрдік. Кешкісін қонақ үйдің бірінші қабатына жиналатынбыз. Арамызда әртүрлі мамандық иелері: кәсіпкерлер, графика дизайнерлері, суретшілер, программистер болды. Бәріміз шекараны жауып тастап, бізді елден шығармай қояды деп қорыққан екенбіз. Бірақ менен басқалардың бәрі қашықтан жұмыс істеп, ары қарай қайда баратынын анық біліп отырды. Ал мен эмоцияға салынып кетіп қалыппын, сондықтан не істерімді білмедім. Ресейге қайтуға билет қарай бастадым.

Бұрынғыдай қаланы аралап, Душанбенің іргесіндегі әдемі жерлерге барып жүрдік. Ұлттық мұра саналатын танымал бөгетке бардық. Адамдармен таныстық. Тәжікстанда барлық мәселені адамдармен сөйлесіп, шешуге болады. Бейтаныс адамға барып, сұрақ қойсаң, міндетті түрде көмектеседі. Өте ашық адамдар! Бәрі орысша біледі.

Қар көшіні басып қалған жолда тұрған адамдар.
Қар көшіні басып қалған жолда тұрған адамдар.

Ресейден бірге келген адамдардың бір тобы Өзбекстан арқылы Түркияға ұшатын болды. Ал мен солармен бірге шекараға дейін барып, кері қайтамын деп шештім. Автобусқа отырып, жүріп кеттік. Айнала тау, өте әдемі! Осының бәрі "гүл балалары" мініп, жағалаудан жағалауға дейін саяхаттаған вагонды еске салды. Асулардан, жартастан ойылған үлкен өткелдердің арасынан өттік. Ар жағымыз құз, онда көліктердің қаңқасы жатыр.

Аяқ астынан боран, өкпек жел басталып, қар аралас жаңбыр жауды. Көліктердің көбі жазғы дөңгелекпен жүр. Кезекті бір өткелге жетіп тоқтадық. Екі қатар көлік орнынан қозғалмай күтіп тұрды. Таудан қар көшіп, жолды жауып қалыпты. Алдымыз үш метрден әрі көрінбейді. Жұмысшылар кезекпен қар күреді. Сол жерде мәңгілік қалып қоятын шығармыз деп ойладым. 40 минуттан кейін үлкен тракторлар келіп, жарты сағатта жолды тазалап берді. Ары қарай жүріп кеттік.

Төрт сағаттан кейін бір алқапқа тоқтап, жүргізушімен бірге жүрек жалғап алдық. Автобусқа отырсақ, көлігіміз оталмайды. Автобустың астына кіріп, шұқылап, жөндеп бердім. Өзбекстанмен шекараға кешкі сегізде бір-ақ жеттік. Топтағы қыз-жігіттермен қоштастық. Жүргізушіден "Үйге қайтамыз ба?" деп сұрасам, "Асуды тағы қар басып қалыпты, өте алмаймыз. Интернет пен байланыс жоқ, ешкімге хабар бере алмаймын" деді. "Енді қайтеміз?" деп қорқып қалдым. Жүргізуші "Әйелімнің ағасының үйіне қышлаққа барайық" деді. Басқа амалымыз жоқ, сол жаққа бардық.

Қышлақта бірнеше үй ғана бар екен. Қар жауып тұр, қатты тоңып қалдым. Туыстары келіп, жылытқыш қосты, көрпеше төсеп, дастархан жайды. Жерге отырып, тамақ іштік. Үш сағат ішіп-жеп, арқа-жарқа әңгіме құрдық. Мені мүлде танымайтын адамдардың осынша қонақжайлық танытқанына таңғалдым. Соңғы оқиғалар, саясат туралы көп сөйлестік. Олар енді Ресейде жұмыс азайып, туыстарымыз табыссыз қалатын болды, олар үйге оралса, әлеуметтік жарылыс болады деп уайымдады.

– Олардың соғысқа көзқарасы қандай?

– Соғысты құптамайды. Олар Украина немесе Ресей деп бөлмейді, тек өз елінде болған азамат соғысын еске алып, соғыстан пайда жоғын айтады. Енді қазіргі соғыстың салдарынан халықтың көбі табысынан айырылып отыр. Естігенім бойынша, Ресейден келетін ақша аударымдары ел бюджетінің 30 пайызына тең екен.

Тәжік ауылындағы үйдің дастарханы.
Тәжік ауылындағы үйдің дастарханы.

Таңертең сол ауылдың ақсақалын шақырды. Ол Кариб дағдарысын еске алып, қазіргіден де қорқынышты болғанын айтты (ол кезде ақсақал Санкт-Петербургте институтта оқыпты).

– Қыстақтан Душанбеге қалай жеттіңіз?

– Таңертең Душанбеге жолға шықтық. 12 сағат жүрдік, өйткені тағы да қар көшіп, жол ашылғанша күтіп отырдық. Жолай бес-алты қыстаққа кіріп шықтық. Жүргізуші мені бүкіл туыстарына көрсетіп шықты. Бір қыстақта "Осында қал, саған әйел тауып береміз, мүмкін тіпті, екі әйел аларсың" деді. Төртінші қыстаққа барғанда, "мынау өзі жақсы ұсыныс екен" деп ойлана бастадым, бірақ әйелім бары есіме түсіп, райымнан қайттым. Хостелге жетпейтін шығармыз деп ойлап едім, әйтеуір Душанбеге оралдық.

– Ал Ресейге қашан қайттыңыз?

– Душанбеде тағы бес күн болып, билет алып, ұшып кеттім. Таңдау қиын болған жоқ. Ресейде отбасым, сүйікті жұмысым, кәсібім, қызметкерлерім бар. Ал Душанбеде ештеңе жоқ. Ары қарай қайда баратыным, не үшін көшіп-қонып жүргенім белгісіз.

– Осы сапарға дейінгі Тәжікстан туралы ойыңыз өзгерді ме?

– Өте қатты өзгерді! Көбі Тәжікстан азаматтары Ресейге жұмыс істеуге келетіндіктен, ол жақты адам бармайтын, елеусіз бір жер деп ойлайды. Шын мәнінде Тәжікстан өте әдемі, бауырмал мемлекет. Адамдары өте қонақжай. Ал біздің тәжіктерге қарым-қатынасымызға қарап, жүрегімізде сызат бар сияқты деген ойға қаламын. Тәжікстан әрине, бай мемлекет емес, бірақ сіңірі шыққан кедейлікті де байқамадым. Душанбе әдемі қала, туристер жүрмейтін аудандарының өзі ерекше. Балалар көп. Үлкен ипподромы, алып стадионы, аспанмен таласқан зәулім ғимараттары бар. Душанбенің орталығында тұрып, биік ғимараттарға қарайсың да, өзіңді оңтүстік-шығыс Азияда жүргендей сезінесің. Бұл елді ешқашан ұмытпаймын! Тәжікстанға алғысым шексіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG