Accessibility links

Бұрынғы "Беркут" басшысының Мәскеудегі шеруді таратуы


Украинаның бұрынғы "Беркут" жасағын басқарған Сергей Кусюк Мәскеудегі наразылық шеруі кезінде ресейлік полицияның жедел іс-қимыл тобының (СОБР) киімінде тұр. 12 маусым 2017 жыл.
Украинаның бұрынғы "Беркут" жасағын басқарған Сергей Кусюк Мәскеудегі наразылық шеруі кезінде ресейлік полицияның жедел іс-қимыл тобының (СОБР) киімінде тұр. 12 маусым 2017 жыл.

Мәскеуде жемқорлыққа қарсы бейбіт шеруге шыққандарды күшпен таратқан полиция арнайы тобына бұйрық беріп жүрген адамның суретін көргендер Киевтегі Еуромайдан оқиғасы кезінде демонстранттарды қатыгездікпен басып-жаншыған бұрынғы "Беркут" жасағы басшыларының бірі, кейін Ресейге қашқан Сергей Кусюкты таныды.

Ресейде оппозициялық лидер Алексей Навальныйдың бастамасымен жемқорлыққа қарсы бейбіт шеруге шыққандарды күшпен басып-жаныштап, аяусыз ұрып-соққан полицейлердің іс-әрекеті ел ішінде көп әңгіме туғызды. Тіпті, Ресейдегі мұндай шараларға сынай қарайтын кейбір украиналықтар да Мәскеуде билік өкілдерінің 12 маусымдағы қатыгездігін Киевтегі Еуромайдан оқиғасы кезінде полиция жасағының демонстранттарға қарсы қолданған іс-қимылына ұқсатқан. Кейін бұл ұқсастықтың тегін еместігіне дәлелдер де табылды. Мәскеуде қарсылық шеруіне қатысушыларды қуып тарату және ұстау операциясы кезінде полиция жасағына бұйрық беріп жүрген адам - кезінде киевтік "Беркут" жасағы командирінің орынбасары болған Сергей Николаевич Кусюктің өзі болып шықты.

Мәскеуде мұның алдында болған наразылық шаралары кезінде де ресейлік құқық органдарының формасын кигендер арасында украиналық бұрынғы "Беркут" арнайы жасағында қызмет атқарғандардың кейбірі көзге түсіп қалатын. Мұнда ешқандай құпия жоқ. 2014 жылғы мамырда Ресей ішкі істер министрі Владимир Колокольцев ресейлік полиция қатарына қабылданған украиналық "Беркуттың" бұрынғы 10 сарбазына Ресей паспортын, погондарын және қызмет куәліктерін ресми түрде тапсырған.

Бірақ бұған қатысты ақпараттың арасында Сергей Кусюктың есімі аталмаған еді. Есесіне, оның аты-жөні Украина бас прокуратурасының 2014 жылғы желтоқсанның 28-індегі өкімінде тұр. Бас прокуратура өзге адамдармен бірге Кусюкты да "Киев орталығында белсенділерді жаппай өлтіруге қатысы болуы мүмкін" деген күдікпен тез арада тұтқындауға пәрмен берген.

Маусымның 12-і күні Мәскеу орталығындағы Тверь көшесінде полиция күші бейбіт демонстранттарға күш қолданып, көп адамды шетінен ұстаған кезде Сергей Кусюк видеокамераға түсіп қалған. Видеода оның сарбаздарға орыс тілінде бұйрық беріп жүргені бейнеленген. Киев Майданында болған көтерілістен белгілісі – ол украин тілін де жақсы біледі. Полицейлердің бірі оған "жолдас полковник" деп тіл қатады. Бұрын "Беркут" командирінің орынбасары кезінде де ол полковник шенінде болған.

Мәскеуде 12 маусымда болған қарсылық шеруі туралы видео:

Наразылықты күшпен басу
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:56 0:00

Сергей Кусюк – Еуромайдан көтерілісі кезінде ерекше көзге түскен адамдардың бірі. Куәгерлердің айтуынша, 2013 жылғы қарашаның 30-ында түнде Киевтегі Тәуелсіздік алаңында (Майдан) тұрған студенттерді аяусыз ұрып-соғып, күшпен тарату операциясын Сергей Кусюк басқарған. Сол түнгі оқиғадан кейін Майданда демонстранттар саны еселеп өскен. Кусюктың өзі Майдан оқиғалары кезінде "белсенділерді ұрып-соғуға бұйрық бергенін" жоққа шығарады:

Арада он күн өткенде Украинаның "Вести" радиосына сұхбатында Сергей Кусюк алаңда болған жағдайды былайша сипаттаған:

"Стеланың айналасында тұрғандар бізге қарай түрлі заттарды лақтыра бастады. Украинаның "Милиция туралы" заңының 13 және 14-баптарына сәйкес, милиция қызметкерлері өздерін қорғау үшін арнайы құралдар қолдана алады. Резеңке таяқ – өзін белсенді түрде қорғау құралы болып саналады. Сондықтан, сарбаздарға оны қолдану жөнінде бұйрық берудің қажеті жоқ. Өзінің өмірі мен денсаулығына қауіп төнді деп санаған кез келген адам оны өз бетімен қолдана алады".

Әлгі мақалада Кусюк айтып отырған түнгі оқиғаларды шерушілер былайша сипаттаған:

"Тәуелсіздік монументінің түбінде отырғанбыз. Кейбіріміз ұйықтап, енді біріміз жай әңгімелесіп отырған едік. Кенет "Беркут" бізге шабуыл жасады. Халық қол көтеріп, беріліп жатты. Ал олар болса тіпті жерде жатқандарды ұрып, есінен танғанша тоқпақтай берді. "Беркут" қызметкерлерінің: "Тізерлеп тұрыңдар, қаншықтар!" деген сөздері видеоға жазылып қалған. Майданды тазарту үшін халықтың бір бөлігін әдейі Михайлов алаңына қуып тықты".

"Беркут" арнайы жасағы Киев Майданында бейбіт наразылық шеруіне қатысушыларды күшпен таратып жатыр. 30 қараша 2013 жыл.
"Беркут" арнайы жасағы Киев Майданында бейбіт наразылық шеруіне қатысушыларды күшпен таратып жатыр. 30 қараша 2013 жыл.

Бұл – Киевте 2013 жылы күзде болған ең әйгілі эпизодтардың бірі ғана. Сонымен бірге, сол түннің ертесінде Банк көшесіндегі "арандату әрекетін де Кусюк ұйымдастырған болуы ықтимал" деген күдік бар. Украина президенті әкімшілігі ғимаратының қасындағы милиция қоршауын бұзып кіруге тырысқан "трактор жүргізушісіне бұйрық берген де осы Сергей Кусюк болуы мүмкін" деген болжам айтылады.

2013 жылғы қазанда түсірілген бір видеода Сергей Кусюк Киев қалалық әкімшілігінің қасында шеруге шыққандарға түтіндегіш құтыны лақтырып жатыр. Кейін дәл сол жерде "Майдан көтерілісшілері құты лақтыруды бастады" деген ақпарат тараған.

Дегенмен, Сергей Кусюктың есімі Майданнан бір жыл бұрын шыға бастаған. 2012 жылғы қарашада Украинаның "Демократиялық альянс" партиясы Киевтегі "Ипподром" бекетінің ашылуына келген премьер-министр Николай Азаровтың алдында наразылық шарасын өткізген. Басқарушы компаниялардың ақша ұрлауының кесірінен метро бекетінің маңындағы үйлер жылу мен судан ажыратылған еді. Халық осы мәселені шешуді талап еткен. Наразыларға жай киім киген белгісіз біреулер тап беріп, оларды Азаров келетін жерден аулаққа тықсырып, ұрып-соққан. Жапа шеккендердің біріне жедел жәрдем шақырылған. "Демократиялық альянс" партиясы белсенділері "бұл операцияны "титушкалар" ("титушки") деп аталып кеткен арандатушылар милициямен келісе отырып жүзеге асырған, ал оларды жай киім киген ішкі істер министрлігінің қызметкері басқарған" деп мәлімдеген. Киев милициясына арнайы сұраныс жіберген белсенділер "титушкалар" басшысы деп милиция киіміндегі кісінің суретін тіркеп, оның аты-жөнін анықтап беруді сұраған. Киев милициясының ресми жауабында "суреттегі адамның аты-жөні - Сергей Кусюк" екені жазылған.

Милицияның қатыгездігі мен зорлық-зомбылығының символына айналған Сергей Кусюк "Майдан көтерілісшілері" жеңіске жеткен соң Украинадан қашып кеткен. Украинаның сол кездегі ішкі істер министрінің орынбасары Сергей Яровойдың есебі бойынша, Қырымға өтіп кеткен 70-ке жуық бұрынғы "Беркут" жасағы қызметкерлері арасында Сергей Кусюк та болған. Олардың кейбірі Ресей азаматтығын алса, қалғандары Ресейде уақытша тұру құқығына ие болған.

Симферопольдегі Ресей консулдығында бұрынғы украиналық "Беркут" жасағы сарбаздарына Ресей паспортын тапсыру сәті. Наурыз, 2014 жыл.
Симферопольдегі Ресей консулдығында бұрынғы украиналық "Беркут" жасағы сарбаздарына Ресей паспортын тапсыру сәті. Наурыз, 2014 жыл.

Сол кезде Украина Жоғарғы радасының депутаты болған, кейін Луганск және Закарпатск облыстары басшылығына тағайындалған Геннадий Москальдың 2014 жылғы мамырда берген мәліметі бойынша, "Майдандағы көтерілісшілерге оқ атқан қару-жарақты Қырымға алып кеткен де осы Кусюк".

Содан бері бұл адамнан еш хабар-ошар болмаған еді. Тек осы дүйсенбі, маусымның 12-і күні "Дождь" телеарнасының журналисі Мария Карпухина Мәскеуде бейбіт шеруге шыққандарды ұстап, күш қолданып жүрген полиция өкілдерінің арасында жүрген Сергей Кусюкты суретке түсіріп алған. Онда үстіндегі киімінде Ресей ұлттық гвардиясына қарасты жедел іс-қимыл тобының (СОБР) белгісі бар Сергей Кусюктың рация ұстап тұрған сәті бейнеленген.

Ресейлік оппозиция лидері Алексей Навальныйдың бастамасы бойынша жемқорлыққа қарсылық білдіріп бейбіт шеруге шыққандарды таратуға бұрынғы украиналық "Беркут" арнайы жасағынан тек Кусюк қана қатыспаса керек. Кей деректерге қарағанда, олардың арасында бұрын Украинаның Луганскісінде "Беркут" жасағында қызмет атқарған тағы бір адам болған:

Қазір Киевтің Святошино аудандық соты бұрынғы "Беркут" арнайы жасағының Майдан көтерілісшілерінің қазасына қатысы бар-жоғын анықтау үшін сот тергеуін өткізіп жатыр. Былтыр қарашада бұл іске қатысты Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович жауап берген. 2014 жылғы қазанда Майданда бейбіт халыққа оқ ату ісіне қатысы болуы ықтимал басты күдіктілердің бірі - "Беркут" арнайы жасағының "қара ротасын" басқарған Дмитрий Садовник қашып кеткен. Украина бас прокуратурасының болжамы бойынша, ол қазір Ресей аннексиялап алған Украинаның Қырым түбегінде жасырынып жүр.

Соңғы мәліметтер бойынша, биыл маусымның 12-і күні Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург және өзге де ондаған қаласында өткен жемқорлыққа қарсы акциялар кезінде 1600-ге жуық адам ұсталған. 2017 жылғы жазда Мәскеуде және 2012 жылғы күзде Киевте бейбіт демонстранттарға полицияның не істегенін төмендегі екі видеодан салыстыруға болады:

Мәскеу, 12 маусым 2017 жыл

Киев, 30 қараша 2013 жыл

XS
SM
MD
LG