Израильдің барлау қызметі Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеиді өлтірерден көп бұрын Тегерандағы жол бойындағы бейнекамералардың түгеліне дерлік бұзып кіріп, қауіпсіздік қызметкерлерін сырттай бақылаған. Мұны дереккөздердің сөзіне сүйеніп Financial Times жазды.
Басылым сөйлескен екі адамның айтуынша, бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар шифрмен кілттеліп, Тель-Авивтегі серверлерге жіберіліп отырған. Камералардың бірі Хаменеи резиденциясына келетін Иранның жоғары лауазымды шенеуніктерінің жүргізушілері көлікті қай жерге қойғанды жөн көретінін анықтауға мүмкіндік берген.
Бұған қоса барлау қызметі қауіпсіздік қызметкерлері жайлы деректерді: тұрғылықты мекенжайын, жұмыс кестесін, жүретін бағыттарын және кімдерді күзетіп, таситыны туралы мәліметтер жинаған.
Сонымен қатар Израиль Хаменеи резиденциясы тұрған көше маңындағы он шақты ұялы байланыс мұнарасының жекелеген бөлшектерін істен шығарған. Осылайша қоңырау шалған адам желі бос емес екен деген әсерде қалатындай етіп, шабуыл қаупі жайлы ескертуді аятолланың күзет қызметіне жеткізбеудің амалын жасаған.
"Біз Иерусалимді қалай жақсы білсек, Тегеранды да солай білдік, – дейді израильдік барлау қызметкерлерінің бірі. – Ал бір жерді өзің өскен көше сияқты бес саусағыңдай білсең, кез келген ұсақ-түйекті лезде байқайсың".
Жол бойындағы камералардан алынған деректерден бөлек, Израиль барлауы ұялы байланыс желілерінен де мәлімет алған, ал басылым сөйлескен екі дереккөздің айтуынша, америкалықтардың да өз жансызы болған. Бұл Хаменеи қатысатын кездесу кестеге сай өтетінін және жоғары лауазымды шенеуніктер оның резиденциясына бара жатқанын аңғартқан.
"Хезболла" ұйымының жетекшісі болған, қазірде марқұм Хасан Насралладан айырмашылығы, Әли Хаменеи жасырынбаған, әйткенмен соғыс кезінде сақтық шараларын жасаған. "Оның бункерінде болмауы – әдеттен тыс жағдай еді. Оның екі бункері бар еді, егер ол сонда болғанда, Израиль қолындағы бомбалармен оған жете алмас еді", – деді басылымға дереккөздердің бірі.
Израиль барлауының бұрынғы жоғары лауазымды қызметкерінің айтуынша, діттеген жерге дер кезінде жету үшін бірнеше сағат ұшқан израильдік жойғыш ұшақтар көздеген нысанадан мүлт кетпейтін қарумен Хаменеи кешенін 30 шақты рет атқылаған.
Әли Хаменеидің көзі жойылғанын 28 ақпан күні кешке Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху хабарлады. Қазір Иранның жоғарғы көшбасшысы міндетін ықпалды шиит дінтанушысы Әлиреза Арафи атқарып отыр. Ол Конституцияны қорғау кеңесінің, сондай-ақ Иранның жоғарғы көшбасшысын сайлайтын Сарапшылар кеңесінің мүшесі.