Accessibility links

Путиннің Германия мен Австрия сапарының астары


Германия канцлері Ангела Меркель (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Гранзе,
18 тамыз 2018 жыл.
Германия канцлері Ангела Меркель (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Гранзе, 18 тамыз 2018 жыл.

Владимир Путин Берлинге 2016 жылғы қазаннан бері, ал оның алдында Германияға екі жылдан аса бармаған еді.

Украинаның шығысында қарулы қақтығыс басталғаннан бері бұл - Путиннің Германия астанасына екінші рет баруы. Бұрындары ол жиірек төбе көрсететін. Путин Меркельмен Германияда бірнеше жылдан бері алғаш рет оңаша кездесті. Қала сыртындағы үкімет резиденциясы жанында Ресей басшысын демонстранттардың үш тобы – Берлинде тұратын әрі Ресейдің Сириядағы әрекеттеріне наразы 150 сириялық, шамамен осынша "путиншілдер" және Игорь Эйдман басқаратын Орыс тілді еуропалықтар форумының Ресейдің сыртқы және ішкі саясатына наразы, Олег Сенцовты босатуды талап еткен ондаған мүшесі күтіп алды.

Форум сайтында Игорь Эйдманның "Қымбатты берлиндіктер мен көршілес қала тұрғындары, бізге "қымбатты"... Володя Путин (оның билігі қымбатқа түсіп тұр, көп адамды қисынсыз құрбан етті) келді. Қанеки, оны халықаралық қылмыскер ретінде қылығына лайық қарсы алайық" деген үндеуі жарияланды. Меркель тікұшақпен ұшып келді. Путин демонстранттардың жанынан көлікпен өтті. Игорь Эйдманның хабарлауынша, Путин өтіп бара жатқанда наразы топқа "Путин – жендет!" тәрізді бірнеше ұран айқайлап қалудың сәті түскен.

Путинге қарсы Германияда акция ұйымдастырушылар.
Путинге қарсы Германияда акция ұйымдастырушылар.

Германияға сапары алдында Путин Австрияның сыртқы істер министрі, 53 жастағы Карин Кнайсльдің үйлену тойына қатысып, қалыңдыққа музыкалық тарту ретінде Кубань казактарының хоры ұжымын апарған. Кнайсль көп жылдан бергі әріптесі - 54 жастағы бизнес-сарапшы әрі кәсіпкер Вольфганг Мейлингерге тұрмысқа шықты. Онша танымал емес саясаткердің (Кнайсльдің саяси карьерасына сегіз ай ғана толды) жеке шақыруын Путиннің не себепті қабыл алғаны әлі жұмбақ. Екі жақ әуелі Путин үйлену тойына жеке тұлға ретінде барады деп хабарлаған, бірақ кейінірек оны жұмыс сапары деп атады. Бірақ Путиннің бұл сапары Австрияда үлкен шуға ұласты. Ресей президентінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалған шығындар мен бұл қыруар шығын мемлекет бюджетінен төленетіні туралы көп жазып жатыр. Оппозиция тіпті Карин Кнайсльдің оставкасын талап етті. Кейбір комментаторлар Путинді шақыру Австрияның Ресей мен Украина арасындағы жанжалда бейтарап делдал ретіндегі рөліне зияны тиеді деп сөгіп жатыр. Немістің "Бильд" газеті "Орыс патшасы Австрия императорлары сарайындағы үйлену тойы рәсіміне соңғы рет 1913 жылы қатысқан" деп жазды.

Комментаторлардың көбі Австрияны Путиннің Еуропадағы "Троян аты" деп жазып жатыр. Путиннің Еуропа Одағын ыдыратуды көздейтін саясаткерлерді қолдайтыны ешкімге құпия емес. Ал Карин Кнайсльдің арандатуға шебер адам екенін айта кеткен жөн. Таяу Шығыс туралы кітабында ол Теодор Герцльдің синонизм идеологиясы ұлтшыл-социалистік нәсілдік саясаттың өзегі болған қан мен топырақ идеологиясымен үндес деп көрсеткен. 2015 жылы босқындар нөпірі басып қалған Еуропадағы дағдарыс кезінде Кнайсль Меркельдің әрекетін "сорақы салдыр-салақтық" деп, ал Ердоғанмен келісімін "далбаса" деп атаған. 2016 жылы шілдеде Еуропа комиссиясы төрағасы Жан-Клод Юнкердің әрекетін сынап, "өзіне тиімді көрінсе, келісімді бұзуға әзір тұратын арсыз адам және брюссельдік цезарь, өркөкірек әрі бетпақ саясаткер" деп атаған. Ал Рим папасы Франциск туралы "кейбір уағыздары оның аңқау және шынайы жағдайды елемейтін адам екенін көрсетеді" (бұл Грециядағы босқындар лагерін концлагерьге теңеген Рим папасының сөзіне жауап болған) деп мәлімдеген.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) Австрияның сыртқы істер министрі Карин Кнайсльмен билеп жүр. Гамлиц, 18 тамыз 2018 жыл
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) Австрияның сыртқы істер министрі Карин Кнайсльмен билеп жүр. Гамлиц, 18 тамыз 2018 жыл

Австриядағы тойдан кейін Путин Меркельмен кездесті. Оның уайымдарының бірі – Ресейге АҚШ-тан төніп тұрған жаңа санкциялар, бұған қоса, еуропалық санкциялар әлі күшінде. Бірақ Германия Австрия емес. Тіпті Меркельден саясатын өзгертіп, Ресейді "Үлкен сегіздікке" қайтаруды талап етіп жүрген оппозициядағы неміс либералдарының басшысы Кристиан Линднердің өзі сөзін "Қазір Путин Еуропа Одағына мүше елдерді жанжалдастырып, Еуропадағы демократияны шайқалтуға, тіпті халықаралық тәртіпке шабуыл жасауға тырысып отыр. Оның бұл әрекетіне жол бере алмаймыз. Сондықтан диалог жүргізсе жүргізсін, бірақ санкцияны алып тастау деген болмасын" деп аяқтады. Билікке "Балама Германия" партиясы келсе ғана Германияның Ресейге қатысты саясатында үлкен өзгеріс болуы мүмкін... Бірақ жуық арада бұлай болмайды.

Саясаттанушы Иссио Эрлих Путиннің Меркельмен әлдебір уағдаластыққа жету мүмкіндігін былай деп бағалайды:

"Путиннің көзқарасы тұрғысынан алғанда, бұдан оңтайлы сәт тууы екіталай. НАТО-ның әлсіздігі анық байқалып, Ресейдің бұл ұйымнан қорқақтауы азайды. Өйткені Дональд Трамп АҚШ-тың НАТО-дағы әріптестеріне көңілі толмайтынын үнемі мәлімдеп жүр. Ал АҚШ әскері болмаса, НАТО-ға мүше елдердің күні қараң. Ресейдің ең ірі қарсыласы АҚШ-тың позициясын Трамптың қайшы мәлімдемелері мен әрекеттері де әлсіретіп отыр. АҚШ президенті өзінің қауіпсіздік қызметіне сенбейді, ал сарапшылар мен дипломаттардың оған ықпалы әлсіреп барады. Меркельмен кездесу кезінде мұның бәрін білетін Путин өзін Трампқа тең қарсылас ретінде сезінеді. Кездесу қарсаңында Германия канцлерінің пресс-аттешесі "Ресей - саяси ойыншы, әлемдегі сыртқы проблемалардың көбі онсыз шешілмейді" деп мәлімдеді. Бұл мына проблемалар:

  • Сирия. Путиннің аймақтағы саяси одақтасы Башар Асад ел территориясының көп бөлігіне қайтадан бақылау орнатты;
  • Украина. Ресей Қырымды әлі аннексиялап отыр, ал Украина бірлігіне қатер төніп тұр.
  • Иран. АҚШ ядролық энергетика келісімінен шыққаннан кейін Еуропа келісімді күшінде сақтап қалу үшін Ресейге мұқтаж болып отыр.

Бұған қоса, халықаралық дипломатияда Путинді оқшаулау кезеңі аяқталғандай көріне бастады. Әріптестік орнады деп айтуға әлі болмайды, бірақ Германия үкіметі Ресеймен қарым-қатынасын жақсарту жолдарын іздей бастағанын көрсететін белгілер қазірдің өзінде көп. Қырым аннексиясынан төрт жылдан кейін Меркель мен Путин соңғы үш айдың ішінде екінші мәрте кездесті, ал бұл жолғы кездесулері тіпті жабық есік жағдайында өтті. Күтпеген жерден Путин мен Меркель үшін ортақ нәрсе пайда болды, бұл - америкалық президентпен арада туған проблемалар. Бұдан бөлек, "Солтүстік ағын-2" газ құбырының сәтті болғанын екеуі де қалайды. Бірақ Германия Украинаны Еуропаға газ жеткізу жүйесінен шығармау талабын қойып отыр. Бәлкім, Путин Меркельге мұндай уәде беріп те қалатын шығар".

Берлиндегі Путинге қарсы наразылық акциясы
Берлиндегі Путинге қарсы наразылық акциясы

Германия-Ресей форумының төрағасы Матиас Плацек ZDF теларнасына берген сұхбатында екі ел арасындағы жаңа іскерлік қарым-қатынастар туралы болжамын айтқан.

Die Zeit газеті Human Rights Watch ұйымының атқарушы директоры Кеннет Роттың комментариін "Сириядағы әрекетін тоқтатпаса, қарым-қатынас жақсармайды" деген тақырыппен жариялады:

"Егер Асад үкіметінің қатігез репрессиялық әрекеттеріне болысуын тоқтатпаса, Еуропамен қарым-қатынасты жақсартуға ұмтылып отырған Ресейдің әрекетінен түк шықпайтынын Меркель Путинге аңғартатын сәт туды. Сондықтан Идлиб провинциясындағы оппозиционерлер мен бейбіт халықтың тағдыры Меркельдің бұл позицияны Путинге қаншалықты айқын жеткізе алатынына байланысты болмақ".

Германия үшін және оның Түркиямен қарым-қатынасы үшін сириялық босқындар тақырыбы - аса маңызды мәселе. Сондықтан Германия бұл мәселе бойынша келіссөз жүргізу үшін Башар Асадты заңды әріптес санамайтынына қарамастан, Путинге Сирияны қалпына келтіруге қатысуға Германияны көндірудің сәті түсуі мүмкін.

Меркель Олег Сенцов туралы Путинмен сөйлесті ме, жоқ па - белгісіз. Кездесуден кейін баспасөз жиыны өткен жоқ, сондықтан келіссөз нәтижелері туралы тап қазір емес, екі жақтың ендігі нақты саяси қадамдарынан білеміз.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Юрий Векслердің мақаласын орысшадан аударған - Айжан Оралғазина)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG