Accessibility links

Ауыл наразылығы қаланікіне жетіп қалды. Халықтың көңіл-күйі қалай өзгерді?


Полиция көлігі ішінде жасақ қызметкерімен арпалысып, терезеден басын шығармақ болған наразы. Алматы, 22 сәуір 2021 жыл.
Полиция көлігі ішінде жасақ қызметкерімен арпалысып, терезеден басын шығармақ болған наразы. Алматы, 22 сәуір 2021 жыл.

"Стратегия" орталығы әлеуметтік көңіл-күйді анықтау үшін халық арасында сауалнама жүргізген. Онда азаматтардан тұрмыстық жағдайы, билікке көзқарасы сұралған. Сауалнамада парламент сайлауының балама нәтижесі де бар. Орталық қызметкері Ернұр Молдашев Азаттыққа зерттеудің негізгі сандарын айтып берді.

Жергілікті және халықаралық сарапшылар кейінгі жылдары Қазақстанда наразылықтың, билікке деген сенімсіздіктің күшейгенін жиі айтады. Азаттық тілшілері алатын блиц-сауалнамалар да халық көңіл күйінің түскенін, тұрмыстың төмендегенін байқатады. Бірақ мұның көбі әдетте пікір күйінде қалады. Мұндай пікірдің не ахуалдың сандық өлшемін "Стратегия" секілді орталықтар жүргізетін әлеуметтік зерттеулер береді.

Орталық зерттеуін 2021 жылғы 6-19 ақпан аралығында алынған сауалнама негізінде жүргізген. Оған республика бойынша іріктелген 1180 респондент қатысқан. Қазақстан нарығында 2001 жылдан бері жұмыс істейтін "Стратегия" әдетте мұндай сауалнамаларды үшінші тараптардың тапсырысымен алса, бұл жолы өз қаражатын жұмсаған.

Орталық маманы Ернұр Молдашев сауалнама наразылықтың күшейгенін, тұрмыстың біршама төмендегенін, халықтың саяси өзгерістерге деген сенімі азайғанын көрсетті дейді.

"НАРАЗЫЛЫҚ ЕКІ ЕСЕ КӨБЕЙДІ"

Азаттық: Зерттеулеріңіз қоғамдағы көңіл күйді толық көрсете ала ма?

"Стратегия" зерттеу орталығының қызметкері Ернұр Молдашев.
"Стратегия" зерттеу орталығының қызметкері Ернұр Молдашев.

Ернұр Молдашев: Сауалнама жартылай интернет платформада, жартылай адамдардың үйіне барып, сауал қою арқылы жүрді. Әлеуметтік зерттеуге қойылатын талапқа сай, респондентттердің жасы, жынысы, ұлты, білім деңгейі жеке топтарға бөлініп, барлығы қамтылды. Сондықтан зерттеуіміз Қазақстан қоғамындағы қазіргі көңіл-күйді көрсетеді дей аламыз. Оны осыдан бірнеше жыл бұрынғы дәл осындай сауалнамалармен салыстырып та айтып отырмыз.

Мысалы "Елдегі жағдайға халық наразылығы бәсеңдеді ме, күшейді ме немесе өзгеріссіз қалды ма?" дейтін сұрақтар қойылды. Респонденттердің 62 пайызы "наразылық күшейіп келеді" деп жауап берді. Мысалы, 2013 жылғы сауалнамада "наразылық күшейіп келеді" дейтіндер 35 пайыз, 2017 жылы 31 пайыз еді. Төрт жылда екі есе көбейгені – айрықша құбылыс. Бұл – халық санасындағы үлкен өзгерістердің белгісі.

Бұрынғы сауалнамада "өзгерген жоқ, бірқалыпты" дейтіндер 40-50 пайыз еді. Ал соңғы сауалнамада олардың саны 16 пайызға түсіп қалды. Ал билік әрекетін қолдаушылар бұрын 15 пайыз болса, қазір сәл азайып 13 пайызға төмендеген.

Бұрынғы сауалнамалардан бері келе жатқан бір тенденция – 40 жастан асқан ауыл қазақтарының арасында наразылық әлеуеті төмен болатын. Билік те осы әлеуметтік топтарға сүйенді. Қазір олар наразы топтарға қосылып отыр.

Азаттық: Ауыл халқы мен қала халқының наразылық әлеуетінде айырма бар ма?

Шымкент түбіндегі Алтынтөбе ауылының тұрғындары алтын бұйымдарын өндіретін жергілікті цех директорының ұсталуына және цехтың полиция қоршауына алынуына наразылық білдіріп тұр. 4 сәуір, 2021 жыл.
Шымкент түбіндегі Алтынтөбе ауылының тұрғындары алтын бұйымдарын өндіретін жергілікті цех директорының ұсталуына және цехтың полиция қоршауына алынуына наразылық білдіріп тұр. 4 сәуір, 2021 жыл.

АУЫЛ МЕН ҚАЛА НАРАЗЫЛЫҒЫ ТЕҢЕСТІ

Ернұр Молдашев: Тағы бір байқағанымыз, қала тұрғындарының наразылығы ауыл тұрғындарына қарағанда бұрын әлдеқайда көп болатын. Наразы топтар бұрын қалалықтар есебінен ғана өсетін. Қазір екеуінің деңгейі теңескен. Ортақ наразылық әлеуетінің өсуіне бұл да әсер етіп отыр. Бұл – билік электоралды базасын жоғалтып жатыр деген сөз. Мұның себебін бірінші кезекте әлеуметтік жағдайдан іздеу керек. Өйткені кейінгі үш жылда әлеуметтік жағдай, тұтыну потенциалы барлық жағынан төмендеген. "Отбасыңыздың материалдық жағдайы өткен жылғымен салыстырғанда қаншалық өзгерді" деген сұраққа "нашарлады" деп жауап бергендер 48 пайызға жеткен, яғни халықтың жартысына жуығы әлеуметтік жағдайы нашарлағанын айтып отыр. "Өзгеріссіз" дейтіндер – 29 пайыз, "жақсарып келеді" дейтіндер – 14 пайыз. Әлеуметтік жағдайы нашарлаған сайын адамдардың наразылық әлеуеті да өзгере бастайды.

Сауалнамада "қай өңірде билікке қарсылық пайда болуы мүмкін" деген сұрақ та болды. Респонденттердің көбі қарсылық өзі тұратын жерде емес, басқа өңірде болуы мүмкін дейді. Көбіне Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларын атайды. "Солар бастаса ғана біз еруіміз мүмкін" деген сыңай байқатады. Бұл, біріншіден, Қазақстан билігінің тым қатты орталықтанғанын, облыс орталықтарында саяси биліктің жоғын көрсетіп отыр. Халық мысалы, Ақтөбе облысының әкімдігіне наразылыққа шығып, билік шешімін өзгерте алмаймыз деп санайды. Екіншіден, бұл – ішкі көші-қон проблемасы. Экономикалық әлеует мен адам ресурстары тек қана екі қалаға шоғырлануы тепе-теңдіктің бұзады. Оны аймақ халқы да сезеді. "Бәрі сол жақта, солар ғана бастайды" деген көңіл күй орныққан.

"ТАМАҚ АЛУҒА АҚШАМЫЗ ЖЕТПЕЙДІ"

Биылғы зерттеуде адамдардың 44 пайызы "киім алуға ақшамыз жетпейді" деп жауап берді

Осы жолғы зерттеуде әлеуметтік жағдайдың қатты өзгергенін аңғардық. 2021 жылдың бас жағында халықтың тұрмысы ауырлай бастаған. Мысалы "Әлеуметтік жағдайыңызды қалай бағалайсыз?" деген сұрақ "Тамақ алуға ақшамыз жетпейді; тамаққа жетеді, киімге жетпейді; киімге жетпейді, тұрмыстық техника ала алмаймыз; тұрмыстық техника аламыз, үй-мәшине ала алмаймыз" және "кез келген мүлікті сатып ала аламыз" деген жауаптардан тұрады. Осыған дейінгі зерттеулердің барлығында респондентттердің негізгі бөлігі өздерін "тамақ пен киім сатып алуға ақшамыз жетеді, тұрмыс техикасы қалтамызға ауырлау тиеді" дейтін санатқа қосатын. Бұл жағдай кейінгі 15 жылда айтарлықтай өзгермеген еді. Ал биылғы зерттеуде адамдардың 44 пайызы "киім алуға ақшамыз жетпейді" деп жауап берді. Мысалы бұл көрсеткіш 2009 жылы 15 пайыз, 2020 жылы 14 пайыз еді. Айырма өте үлкен.

Нұр-Сұлтандағы көше саудасы. 17 шілде 2018 жыл.
Нұр-Сұлтандағы көше саудасы. 17 шілде 2018 жыл.

"Қазақстан экономикасын қалай бағалайсыз?" деген сұраққа да тура осындай жауап алынды. Яғни 40 пайыздан астамы Қазақстан экономикасы "нашар" немесе "өте нашар" деп бағалайды. Бұл да бұрын 14-15 пайыз деңгейінде ғана болатын.

Былтыр коронавирусқа байланысты карантин жариялағанда халықтың жағдайы төмендеген болар деп ойлап, зерттеп көргенбіз. Халықтың көбінің қоры 2-3 айға, ары кетсе 6 айға жететін қоры бар екеніне көз жеткіздік. Одан асса таусылады. Екіншіден, былтыр Қазақстанда тұтынушы несиесін алғандар көбейген. Адамдар қиындықтан "несие алып шығамын, бәрі қалпына келеді, жұмысым бұрынғыша жалғасады" деп ойлады.

ҚАЗАҚСТАН ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ЕЛГЕ АЙНАЛДЫ МА?

Азаттық: Қазақстандағы саяси процестерге қандай баға береді екен?

Ернұр Молдашев: "Қазақстан демократиялық мемлекетке қаншалық айналды немесе демократия бағытында келе жатыр ма?" дегенді меңзейтін сұрақтар қойылды. Зерттеу нәтижесінде "Қазақстан демократиялық мемлекетке айналған жоқ, демократия бағытынан кері кетіп барады" деген жауап алдық. Респонденттердің 6 пайызы ғана "Қазақстанда демократия орнады" деп жауап берген. "Демократия бағытында келе жатыр" деп ойлайтындар 19 пайыз болды. Бұл көсеткіш 2004 жылы 40 пайыз болған, яғни екі есе азайған. Бұл топ керісінше "демократия орнады" дейтін топқа қосылуы керек еді.

Полиция жасағы Нұр-Сұлтан көшесінде. 10 маусым 2019 жыл.
Полиция жасағы Нұр-Сұлтан көшесінде. 10 маусым 2019 жыл.

"Мемлекет демократияны сөз жүзінде ғана айтады" деп есептейтіндер 30 пайыз. "Қазақстанның саяси жүйесінің демократияға ешқандай қатысы жоқ" дейтіндер 23 пайыз. Бұл да 2004 жылы небәрі 9 пайыз болған. Бұл көрсеткіштерге көбіне саяси процестер әсер етеді. Осыдан небәрі үш-төрт жыл бұрын халықта "жаңа президент келгенде өзгеріс болады" деген үміт болғанға ұқсайды. Үміті ақталмағандықтан, шынайы саяси реформа мен трансформацияны көре алмағандықтан халықтың көңілі осылай қалып жатқан сияқты.

Қоғамның билік шешімдері мен әрекетіне реакциясы да қызығушылығымызды туғызды. Идеал қоғамда, "халық үніне құлақ асатын мемлекетте" халықтың көбі биліктің шешімдеріне қолдау көрсетеді. Қазақстанда ол қазір 13 пайыз ғана. Ал 2017 жылы 33 пайыз болған, яғни халықтың үштен бір бөлігі билікті қолдап келген. Мұндай көңіл күйге, әрине билік трансформациясы, сайлаулардың шынайы бәсекесіз өтуі де себеп болды.

ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫНЫҢ БАЛАМА НӘТИЖЕСІ?

Азаттық: Сайлау нәтижелері туралы да сұрақ болды ма?

Ернұр Молдашев: "Сайлауға бардыңыз ба, не үшін бардыңыз немесе бармадыңыз, қай партияға дауыс бердіңіз деген сияқты сұрақтар қойдық. Біз жинаған мәліметтер мен ресми деректе айырма бар. Біздің зерттеуімізде "Нұр Отан" 46 пайыз, "Ақжол" 17 пайыз, "Халық" партиясы 10 пайыз, "Адал" 9 пайыз, "Ауыл" 5 пайыз дауыс алған. "Адал" партиясы кем дегенде парламентке өтіп тұр.

2021 жылғы парламент сайлауы туралы

Қазақстанда 2021 жылғы 10 қаңтарда парламент мәжілісі депутаттарының сайлауы өтті. Елде 2007 жылдан бастап парламенттік сайлаудың "жабық тізімді" пропорциялық жүйесі қолданылады. Яғни сайлаушылар тек партияға дауыс беріп, одан әрі кімнің депутат болатынын мандат алған партияның өзі шешеді. Мәжіліске өту үшін партия кемі жеті пайыз дауыс алуға тиіс.

Биылғы сайлауға барлығы бес партия қатысты. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия сайлауға бойкот жариялады. Соның алдында қуғындағы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жақтастарын осы партияға дауыс беруге шақырған.

Ресми нәтиже бойынша, "Нұр Отан" партиясы 71,09 пайыз, "Ақ жол" демократиялық партиясы 10,95 пайыз, "Қазақстан халық партиясы" 9,10 пайыз, "Ауыл" партиясы 5,29 пайыз, "Адал" партиясы 3,57 пайыз алған. Мәжіліске алғашқы үшеуі ғана өтті.

Зерттеуге қатысқандардың тек төрттен бірі ғана сайлаудың нәтижелеріне толық сенуге болады деп ойлайды. Сайлауға қатыспаған адамдар бармауының себебі ретінде "нәтиже белгілі, менің дауысым ештеңе шешпейді" деген жауапты белгілеген.

Сауалнама барысында "билік шешіміне әсер ете алмаймыз" дейтін көңіл күй жиі аңғарылады. Респонденттердің 25 пайызы саяси өмірден өзін аулақ ұстайды. Тағы бір назар аударатын жайт, "билік шешіміне қарсымын, кедергі жасауға тырысамын" деушілер бұрын 2 пайыз ғана болса, қазір 10 пайызға жеткен. Олардың мотиві: билік халық мүддесіне қарсы деп есептейді. Бірнеше жыл бойы жүргізіліп келе жатқан сауалнамада бір ғана жайт бар, ол – көнбіс адамдар. Билік қандай шешім шығарса да көнемін дейтіндер бұрын 38 пайыз болса, қазір де 39 пайыз.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG