Accessibility links

HRANA: Ирандағы наразылықтар кезінде кемі 20 адам қаза тауып, 990 адам ұсталды


Фарс аймағындағы Кавар қаласында наразылық шеруіне шыққандар. Иран, 1 қаңтар, 2026 жыл.
Фарс аймағындағы Кавар қаласында наразылық шеруіне шыққандар. Иран, 1 қаңтар, 2026 жыл.

Ирандағы наразылық акциялары барысында кемінде 20 адам қаза тапқан. Мұндай деректі ирандық Human Rights Activists News Agency (HRANA) құқық қорғау ұйымы хабарлады.

Құқық қорғаушылар қаза тапқандардың біреуінің билік органдарымен байланысы болғанын айтады. Тағы 51 адам зардап шеккен, олардың басым бөлігі бытыра я резеңке оқ тиіп жараланған.

Наразылық акцияларына қатысқан кемінде 990 адам ұсталған. Құқық қорғаушылардың пікірінше, ұсталғандар саны бұдан да көп болуы мүмкін.

Ирандағы наразылықтар 28 желтоқсанда, экономикалық дағдарыс дендеген елде ұлттық валюта күрт құнсызданып, инфляция күшейіп жатқан шақта басталды. HRANA деректерінше, сегіз күн ішінде кемінде 222 елді мекенде шерулер өткен. Шеруге шыққандарда ортақ талап я бірыңғай ұрандар болған жоқ. Олар елдегі экономикалық қиын жағдайға наразылығын білдіріп, басқару тәсілдерін және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуді сынға алды. Қауіпсіздік күштері наразылықты қатаң түрде басып-жаншып, атыс қаруын, жас ағызатын газ және су шашатын құралдар қолданды.

The Times басылымы барлау есебіне сүйеніп, Иранның 86 жастағы рухани көсемі, аятолла Әли Хаменеидің елде күшейіп келе жатқан наразылықтарды билік баса алмаған жағдайға дайындаған балама жоспары бар, ол – Ресейге қашу деп жазды. Хаменеидің 20 шақты туыс-туғаны мен көмекшілерін алып Тегераннан кетпек ниеті бар, ол жоспарда сондай-ақ "қауіпсіз жылыстауды қамтамасыз ету үшін шетелдегі активтерді, жылжымайтын мүлікті және қолма-қол ақшаны жинау" қарастырылған дейді басылым.

XS
SM
MD
LG